Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері, қарымды қаламгер Базарбай Исаевтың еңбегі ел есінде. Осыған орай облыстық кітапханада артына мол мұра қалдырып, қазақтың ғажаптығын жырға қосып, ерекше сезімдерін сырға қосып, ұлтының сүйікті перзентіне айналған арда азаматты еске алған рухани шара өрнек тапты.
Тағылымды кештің шымылдығын облыстық кітапхана қызметкері Алғабек Хамитұлы ашып, жүргізіп отырды. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндалған бейнеүзінді де әдеби кешті әрлі ете түсті. Қаламгердің жары Күлән Байшаханқызы мен қызы Айгүл Исаева жақындары жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, сағынышқа толы сырларын ортаға салды. Алдымен сөз алған Күлән апамыз рухани кешке мұрындық болған кітапхана ұжымына алғыс білдіріп, Базарбай Исаевтың адамдығы мен адалдығына, шығармашылығына, өмірінің өлеңмен өрілгеніне, тірлігінде қызметке түпкілікті берілгеніне тоқталып, өткен күндерді көз алдыға келтірді. Сондай-ақ ақынның әлі күнге жарық көрмеген, сақтаулы тұрған қолжазбалары барын тілге тиек етіп, 85 жылдық мерейтойында кітап шығару жоспары барын айтты. Бұған дейін Күлән апамыз орталық кітапханаға жазушының 80-ге жуық кітабын тарту етсе, дәл бүгін облыстық кітапханаға қаламгердің жеке кітап қорынан 4000-ға жуық кітапты сыйға тартты.
Базарбай Исаев 1941 жылы 5 қазанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы қазіргі Манап ауылында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы педагогикалық (қазіргі Қорқыт ата атындағы) институттың филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білім алып, аудандық, облыстық басылымдарда табанды қызмет еткен. Кейіннен 1977-1986 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің аппаратында жауапты қызметтер атқарған. 1986-1990 жылдары «Жалын» баспасында аға редактор болса, 1990-1995 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сақшы» – «На страже» газетінде тілшіліктен бастап бас редакторлық қызметке көтерілген. Орыс тілінде жарық көретін аталмыш басылымның 50 пайызын қазақ тілінде шығаруға зор үлес қосқан. Жазушы жайлы естеліктерде ұлтқа деген осы сүйіспеншілігі көп айтылады.
1996 жылдан бастап Шекара әскерлері әскери институты редакциялық баспа бөлімі бастығының орынбасары, 1997 жылдан «Ұлан» – «Гвардия» газетінің бас редакторы, «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» газетінде редактордың орынбасары болған. ҚР Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі өмірінің соңына дейін қаламнан қол үзбей «Отызыншы көктем», «Ақ жауын», «Ақ қайнар», «Көктем шерткен күй», «Бақыт құсы», «Қауышу мен қоштасу», «Сезім селі», «Мөлдір», «Арайна» атты 30 шақты жыр жинағын жарыққа шығарып, А.Чайковскийдің «Алыс жұлдыздың жарығы» повесін, Н.Думбадзенің «Алаң болма, апа!» романын, С.Радионовтың «Магнитофондағы жазу» повесін қазақ тіліне аударған. Жазушының прозалық шығармалары да оқырманның оң бағасын алған.
Базарбай Исаевтың өмірі жайлы толғанған Күлән апамыз мұнымен қоса ақынның өте ақкөңіл, ақырын жүріп анық басатын жайдарлы мінезін әңгімеледі. Қызылордада институт қабырғасында танысып, сол жерде отау құрып, үбірлі-шүбірлі болғанын, кейіннен Алматыға көшіп келіп, бақытты ғұмыр кешкен тәтті сәттерін тебірене еске алды.
Келесі сөз кезегін алған жазушының қызы Айгүл Базарбайқызы әкесінің перзентіне деген шынайы махаббатын ерекше суреттеп, ұл-қыздарын ұлттық тәрбиеге баулығанын айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бақтияр Қожа да қаламгерге қатысты естеліктерімен бөлісті.
Кеш барысында рухани шараға қатысып, әсерлі әңгімелер мен әдебиет әлеміне саяхаттаған оқушылар ортаға шығып, Базарбай ақынның бір топ өлеңін тебірене оқыды. Жүрек тербететін жыр жолдарымен аталарының әруағына тағзым еткен балаларға үлкендер рақметін айтып, биік болашақ иелері болуына ізгі тілектерін білдірді.
Құралбек СӘБИТОВ