Еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес. Жастар аса қызығушылық танытпайтын бұл мамандықтарға нарықта сұраныс қашанда жоғары. Өкінішке қарай мұны көпшілік ескере бермейді. Осы орайда 2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтары жылы деп атап, қоғамда еңбекқор, нағыз кәсіби маман болу идеясын насихаттау қажеттігін айтты.
Президент тапсырмасына сәйкес, жер-жерде кәсіптік және техникалық білім беретін колледждер түгенделіп, олардың жай-күйі бүгінгі күн тәртібіне шықты. Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітіп, кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Жоспарға сай алдағы уақытта жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, олардың құқықтарын қорғау, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейту сынды ілкімді істер қолға алынбақ. Сонымен қатар мемлекет оқу орындарының жеткен жетістігіне қарай әр студентті оқытуға бөлінетін қаражат көлемін де ұлғайтпақ. Мұндай шешім колледж ұжымы мен студенттерді жігерлендіріп, бәсекеге қабілетті сапалы маман дайындауда үлкен маңызға ие екені сөзсіз.
Бүгінде еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істесе, оның 40-ы Алматы облысында орналасқан. Ашылғанына биыл он жыл толатын Қаракемер кәсіптік колледжі – осы қырықтың ішіндегі үздіктердің бірі. Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында ашылған бұл оқу орны 2015 жылдың қыркүйек айында жұмысын бастады. Техникалық және кәсіптік білім беруге білім алушыларды негізгі орта білім және жалпы орта білім базасында қабылдайтын бұл колледжде оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Алғашқы жылы тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу ісі, фермер шаруашылығы, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист мамандығы мен электр жабдықтарына қызмет көрсету бойынша электр монтері мамандығына барлығы 100 студент қабылданды. Ал 2017-2018 оқу жылында колледжде оқытылатын мамандықтардың қатары артып, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандықтары қосылады. Тиісінше, студент саны да жыл санап арта түседі. Қазіргі уақытта колледжде 344 білім алушы таңдаған мамандықтарының қыр-сырын үйреніп жатыр.
«Коллледждің жалпы алаңы 21763 шаршы метр аумақты алады. Оқу орнында 600 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Дегенмен, қазіргі уақытта жастардың барлығы қалаға қарай ағылады. Мектепті тәмамдаған соң оқуын ауылдық жерде жалғастыруға көпшілік құлықсыз. Өкініштісі, қалаға кеткеннің көбі ондағы оқу мен өмір сүру әлдеқайда қымбатқа түсетінін түсінгенде сыртқы бөлімге ауысып, даяшылық пен курьерлікке кетіп жатады. Өмір бойы курьер болу мүмкін емес қой. Ал бізде білім алған бала белгілі бір кәсіпті игеріп, қолында құжаты бар дайын маман болып шығады», – дейді колледж директоры Марат Ыскақов.
Техникалық-кәсіптік колледжге оқуға түскен студенттің барлығына алғашқы жылы шәкіртақы төленеді. Ал одан кейінгі жылдарда стипендия студенттің оқу үлгеріміне қарай тағайындалмақ. Демек бұл студент үшін кәсіби маман болуға деген талпынысын арттырады. Алты түрлі мамандық иесін даярлайтын Қаракемер кәсіптік колледжінде білім алушыларға бүгінде бар жағдай қарастырылған. 23 оқу кабинеті, 4 практикалық жұмыс кабинеті, 2 лингафон кабинеті оқуға қажетті заманауи техникамен жабдықталған. Теорияны іс жүзінде байқап көрмей, білікті маман шықпасы анық. Осы орайда колледж қабырғасындағы өндірістік оқыту сабақтары жеке ғимаратта орналасқан шеберханаларда жүргізіледі. Онда ауыл шаруашылық машиналары мен тракторларын жөндеу шеберханасы, көліктерге диагностика жасау, техникалық қызмет көрсету, слесарлық және механикалық жұмыстар, ауыл шаруашылық агрегаттарының, қондырғыларының және электр энергия көздерін автоматтандыру, электр газымен дәнекерлеу, тағам дайындау технологиясы және тігін өндірісі технологиясына арналған шеберханалар бар.
Қазір күн санап технология қарыштап дамып жатқаны баршаға белгілі. Кеше алған техникамыздың нарыққа бүгін жаңасы шығып, заманауи құрылғылар қолданысқа енуде. Осы орайда колледждің материалдық-техникалық базасы қажетті құрал-жабдықпен жеткілікті қамтамасыз етілген десек те, оны жаңа өндірістік жабдықтармен толықтыру қажеттілігі де туындап отырғаны жасырын емес. Қызмет көрсету саласы, тамақтандыруды ұйымдастыру, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу зетрханаларын заманауи жабдықтау – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Жұмысшы мамандықтарды даярлайтын оқу орындарына ден қойып, қолдау білдіріп жатқанда бұл мәселе де бір шешімін табатынына сенім жоқ емес.
Оқу кабинеттерінен бөлек колледж қабырғасында түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өткізетін 250 орынға шақталған үлкен мәжіліс залы мен 445 шаршы метр алаңға созылып жатқан спорт залы бар. Сонымен қатар медициналық қызмет кабинеті де тиісті құрал-жабдықпен қамтылған. Студенттерге күніне бір рет ыстық тамақ тегін беріледі. Сондай-ақ жатақханада тұру да ақысыз. 400 орындық студенттер үйі заманға сай бой көтерген.
Бүгінде Қаракемер кәсіптік колледжі Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 73 кәсіпорынмен келісімшарт жасап, студенттерін тәжірибеден өткізуде. Осылайша колледж қабырғасында алған теориялық білім, шеберханада шыңдалған машық нақты өндіріс орнында, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында сынға түсіп, мықтыларды кәсіпкерлер бірден тұрақты жұмысқа қабылдайды. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан дуалды оқытудың да маңызы мол. Бүгінде колледж қабырғасында білім алушылардың 47 пайызы аталған бағдарламамен қамтылған. Дуалды оқытуды бойынша «Будан» ЖШС, «Төре Жайлау», «KazFirmCenter», «Каз СПО-N», «F-Tim», «HoReCo textile», «Sandyg World» ЖШС, «Компания ЮЗМ», сынды тағы басқа серіктес кәсіпорындармен екіжақты меморандум жасалған. Сол құжатқа сай студенттер тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырады. 2024 жылы оқуын тәмамдаған 129 түлектің 58 пайызы жұмысқа орналасса, 11 пайызы мамандықтары бойынша оқуын жалғастырып жатыр, ал 14 пайызы әскери қызметке шақырылған екен.
Он жылдық тарихы бар колледждің білім саласында жеткен жетістіктері аз емес. «Worldskills-2023» чемпионатында электромонтаждық жұмыстар бойынша Олжаболат Тохтахунов ІІІ орын, дәнекерлеу технологиясы бойынша Данил Чемезов ІІ орын алса, былтыр «Worldskills-2024» чемпионатының «Шанақ жұмыстары» бойынша Қуандық Оразымбатов І орынды иеленді. Студенттермен қатар колледж ұжымы да түрлі байқауларда жүлделі орындардан кенде емес. Өндірістік оқыту шеберлері байқауларға жиі қатысып тұрады. Ержан Желеубай, Әлібек Мінажат, Мұхтар Куанышбаев үздік атанды. Бұл жетістіктер колледж қоржынындағы көп қуаныштың бірсыпырасы ғана. Кәсіптік-техникалық білім беруде әркез алдыңғылардың қатарында болуға ұмтылған колледж ұжымы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіби білікті маман дайындап, елдің өркендеп-өсуіне өз үлесін қосуды мақсат етеді.
Құралай Мұратқызы