Қонаевтағы Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектепте Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай қыздар арасында пневматикалық мылтықпен нысананы көздеп атудан сайыс өтті. Мақсаты – батырдың ерлігін насихаттау және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа қаладағы мектептерден 14-17 жас аралығындағы оқушы қыздар сынға түсті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қонаев қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Қанат Жексембаев сөз алып, өткізіліп отырған сайыстың маңыздылығын атап өтіп, жоғары деңгейде ұйымдастырған қалалық білім бөліміне алғыс білдірді. Одан кейін облыстық «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Нұрқанат Нұрсерікұлы, Ауған соғысының ардагері Владимир Щербак, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері қоғамының төрағасы Бекзат Махатов Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы сөз қозғап, Әлия Нұрмұхамедқызының өмір жолы мен ерлігіне тоқтала келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бас төреші Мұхит Рахматуллаұлы жарыс ережесімен таныстырғаннан кейін әр командадағы 4 қыз өз кезегі бойынша 10 метр қашықтықтағы нысананы дәл көздеуге тырысты. Олар пневматикалық мылтықпен шынтағын тіреп және тік тұрып 5 оқтан атып, мейлінше көбірек ұпай иеленуге күш салды.
Мерген қыздар бақ сынаған сайыс қорытындысында шынтағын тіреп ату бойынша №3 орта мектептің намысын қорғаған Аружан Әділжан І орынды жеңіп алды. Түрегеліп тұрып атудан І орынды Қадырғали Жалайыр атындағы №6 орта мектептің атынан қатысқан Жанерке Ербол еншіледі. Жалпыкомандалық есепте №3 орта мектептің командасы І орынға ие болса, ІІ орынды Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиясы иеленді. Үздік үштікті Шеңгелді ауылындағы Қадырғали Жалайыр атындағы №6 орта мектептің командасы түйіндеді.
Жүлдегерлерге кубок, диплом мен медальдар табысталды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы