Жамбыл аудандық кітапханасында Халық ағарту ісінің үздігі, журналист, ауданның Құрметті азаматы Виктор Никитинді еске алу кеші өтті. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, оқырмандар тіршілігінде ұстаздық пен қаламгерлікті қатар атқарып, қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған жайсаң жан туралы естеліктер айтты.
Жиынды жүргізген белгілі жыршы-термеші Жылбек Тоқтасынов осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен Виктор Ивановичтің өмір жолына қысқаша тоқталды. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, өзінің туған ауылы Қарғалыдағы орта мектепте мұғалімдік қызметін бастайды. Қашанда қоғамдық-саяси өмірдің бел ортасынан табылатын көпшіл ұстаз ауыл өмірі, ондағы адамдар туралы аудандық, облыстық газеттерге мақала жазып, газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде журналистік қырымен де ерекшеленген. Белсенділігінің арқасында аудандық мәслихат депутаты, ақсақалдар алқасының мүшесі, елінің патриоты бола білді.
Виктор Никитиннің білім саласындағы жетістіктері мен қоғамдық өмірде алған орны туралы ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ардагер-журналист Күмісжан Байжан лебіз білдірді. Ет-жүрегі қазақ елі мен жері деп соққан абзал жанның өлкетануға қосқан үлесіне айрықша тоқталды. Сондай-ақ облыстық «Огни Алатау» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі Исмаилжан Иминов әріптес-ұстаз туралы естелігімен бөлісті.
Виктор Никитин еңбек еткен Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің оқушылары қаламгер-ұстаздың өмірбаянына шолу жасады. Оның балалық шағы соғыс кезіне тап келген. Әкесі майданда қаза тауып, анасына балаларын жалғыз өсіруіне тура келіпті. Бала Витя өмірдің ащы дәмін ерте татып, бұғанасы қатпастан анасына көмектесіп, шаруашылық алқаптарында, пионер лагерьлерінде жұмыс істеген.
Жоғары білім алған соң ауыл мектебінде, мектеп-интернатында зейнетке шыққанша ұзақ жыл еңбектенді. Оның хоббиі журналистика еді. Аудандық, облыстық басылымдарға үзбей жазып тұрды. Ауыл тарихын шығармаларына арқау етті. Туған жердің тау-тасы мен өзен-көліне құштар биолог жас ұрпақтың бойына табиғатты сүйе білуді сіңірді, өлке экологиясына көпшілік назарын аударды. Тауға саяхатқа шыққанда оқушыларымен бірге өзен арнасын, шатқалды тазартуды ұмытпайтыны жерлестерінің есінде.
Кеште оқушылар Виктор Никитиннің өлеңдерін оқып, домбырамен әуелете ән салды. Соңынан аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблі өнерпаздарының шағын концерті тамашаланды.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы