Еңбекшіқазақ ауданындағы ауқымды мәдени-қоғамдық іс-шаралардың ешқайсысы «Алтын адам» ардагерлер ансамблінсіз өтпейді. Алатаудың ақ шыңындай аппақ кимешекті әжелер әрдайым төрден орын алып, елге ақ батасын беріп отырады. Қазақы тәрбиенің көзі, өнердің өзі болған әжелеріміз ұлттық салт-дәстүрді де өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, қазақы жөн-жоралғының жолын жастарға үйретіп келеді. Ал сахнада әуелете ән салғанда, құлақтың құрышын қандырып, әсем әуен, тәтті күйдің сиқырына бөлейді.
Әжелерден құралған ансамбль ауданымыздың мақтанышына айналғалы қашан?! Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін әжелеріміз қазақ-орыс ардагерлер ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Егемендігімізді алған соң қазақ әжелері жеке шығады. Алтын адам табылған киелі топырақтың атын асқақтатып, ансамбльдің атауын «Алтын адам» ардагерлер ансамблі деп қояды.
«Ансамбль құрғандағы мақсатымыз – қазақтың бай өнерін, ұмыт қалған әсем әндерін, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу болды. Сол мақсатымызды орындау жолында еңбектеніп келеміз», – дейді 87 жастағы Ұлжан Жолайқызы.
Ұлжан әжеміз ансамбль құрылған 1992 жылдан осы ұжымда еңбек етуде. Сол уақыттан бері ауданымыздың әр ауылында болып, өңірде бой көтеріп, есігін ашқан жаңа нысандардың шашуын шашып, ән мен жырдан сый жасап келеді.
Ансамбль құрылған кезден бастап осы ұжым құрамында келе жатқан тағы бір әжеміз – Зұбайда Көпбайқызы. «Мектепте жұмыс істеп жүргенімде Сақыпжамал деген көршіммен осы ансамбль құрамына қосылдық. Жасым қазір 81-ге келсе де, бауыр басып, үйреніп қалған ұжымнан ешқайда кеткім келмейді. Өйткені ансамбль өмірімнің бір бөлшегіне айналды», – дейді Зұбайда әже.
«Ештеңе мәңгілік емес, өмір де. Ансамбль құрамында 14 адам болған. Өкінішке қарай, үш әншіміз о дүниелік болды. Ол кісілер ансамбльдің белді мүшелері еді. Сондай-ақ жеке дауыста да ән орындайтын керемет әнші апамыз Күлән Мадиярова Астанаға көшіп кетті. Қазіргі уақытта құрам жаңа әжелермен толықты. Ұжымда бұрыннан келе жатқан Ұлжан Жолайқызы, Зұбайда Асанова, Сәжида Тұрғанбаева, Тілеулес Катенқызы сынды әжелерімізбен бірге кейін қосылған Сәния Жұмабекова, Мәуекүл Жолдасова, Базаркүл Дәненбайқызы, Майгүл Сапашқызы, Айнакүл Көшербаева, Гүлсара Смағұлқызы, Ғалия Мейманқұлова, Ботакөз Жұмаділова, Хадиша Ахмет апаларымыз ансамбльдің атағын асқақтатып келеді. Әжелеріміздің бәрі де өмірге, өнерге құштар жандар. Аптасына екі күн дайындық болады. Ал мереке, концерт қарсаңында аптаның бес-алты күнінде де осындамыз. Сонда әжелердің ешқайсысы ауа райына да, басқа шаруаларына да қарамай, дайындықтан қалмай келіп, ерекше құлшыныспен, керемет көңіл-күймен жүреді. Жетекші ретінде мұның өзі маған үлкен шабыт сыйлап, тезірек жаңа ән үйретуге жігерлендіреді», – дейді ансамбль жетекшісі, музыкант, сырнайшы, әнші Нұржамал Шәкібаева.
Нұржамал Ержанқызы 2017 жылдан бері ансамбльдің музыка жетекшісі болып қызмет атқарады. «Жасыратыны жоқ, бастапқыда жетекшілеріміз жиі ауысып, тұрақтылық болмады», – деген әжелеріміз Нұржамал Ержанқызының еңбегін өте жоғары бағалап, құрметтейтіндері көрініп тұр.
«Нұржамал Ержанқызы келгелі ансамбльдің деңгейі әлдеқайда өсті, оң өзгеріс көп. Ол – өте талапшыл, кейде қатал ұстаз, жауапкершілікті жоғары қоятын кәсіби маман. Ән айту, дауыс қою, нотадан шықпау, тыныс алудан бастап, сахнада жүріп-тұру мәдениетін де үйретеді. Ұмыт бола бастаған, жарыққа шықпаған халық әндерін, отандық композиторлардың туындыларын екі дауыста, кейде үш дауыста орындаймыз», – деген әжелеріміздің бүгінгі ән қоржынында елуден астам туынды бар екен. Домбыра, баянның сүйемелдеуімен әдемі әндерді нақышына келтіре орындап, аудан, облыс, республика көлемінде ұйымдастырылатын байқаулардан бас жүлдені алып жүрген ансамбль алғыс пен марапаттан кенде емес.
Ансамбль мүшесі Базаркүл Дәненбайқызы: «Мұндағы әжелердің бәрі – ұйымшыл, белсенді. Бір-бірімізге жақын туыстай болып кеттік», – дейді. Иә, осының арқасында әжелер барлық сахналық киімдерін өз қаржыларына тіктіріп, киіп жүр. Қазақы оюмен көмкерілген камзол, ұзын етекті, кең көйлек, салтанат пен биіктіктің, тазалықтың көрінісі – ақ кимешек әжелердің абыройын одан ары асқақтатып тұрғандай.
«Мектепте оқып жүрген кезімнен өнерге жақын болдым. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Ұстаздық мамандықты таңдап, уақытпен санаспай, жан-тәніммен адал қызмет атқардым. Осылайша ата-аналардың алғысына, шәкірттерімнің ілтипатына бөлендім. Еңбегім елеусіз қалған жоқ, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталдым. Зейнетке шыққаннан кейін өнерге деген құштарлығым «Алтын адам» ансамбліне алып келді. Өмір жолымда парасатты, көпті көрген, әрі өнерлі де дана, ардақты аналардың ортасында жүргеніме қуаныштымын», – дейді ансамбль мүшесі Ботагөз Хамитқызы.
Ансамбльдегі басқа әжелеріміз де қатарластарының арасында күліп-ойнап, әнін шырқап, биін билеп, бастысы, болашақ иесі – жастарға көрген-білгенін үйретіп жүргендерін мақтанышпен айтады.
Тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп, қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысып, ұлттық сана-сезімді өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге барын салып жүрген әжелерге қарап сүйсінеміз. Бойлары тік, ойлары терең, әндері әуезді, қимыл-қозғалыстары ширақ. Қартайдым, қатардан қалдым демей, жастарға үлгі болып жүрген аналарымызға қарап, біз де бой түзейміз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы