Перейти к содержимому
Главная страница » Тәртіп пен талап – басты қағида

Тәртіп пен талап – басты қағида

      Қонаев қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде келелі мәселелер талқыланып, мемлекеттік қызметшілерге байланысты бірқатар тәртіптік іс қаралды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу профилактикасы бойынша атқарылған жұмыс қорытындылары баяндалып, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің есебі тыңдалды.

Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Арсен Жақыповтың жетекшілігімен өткен жиында мемлекеттік қызметкерлердің өз ісіне деген жауапкершілігі жілік­теліп, тәртіп мәселесі баршаға тең екені тілге тиек етілді. Күн тәртібін­дегі алғашқы мәселе бойынша Әдеп жөніндегі кеңес басшылығының бас маманы А. Мұхтарова сөз алып, Кеген ауданы әкімінің орынбасары М. Батырханұлына, К. Қабылбековке, Кеген ауданы жер қатынастары бөлі­мінің басшысы Б.Шалғынбековке, Кеген ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Д.Сарыбаевқа, Кеген ауыл­дық округінің әкімі Р. Мәсеновке қатысты тәртіптік істер төңірегінде баяндама жасады. Қаралған тәртіптік шараларға байланысты Кеген ауданы әкімдігіндегі лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде жеке мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық белгілерінің болмауына байланыс­ты оларға қатысты тәртіптік істер тоқтатылды.
Келесі кезекте Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Толымбековке қатысты тәртіптік іс қаралды. Әдеп кеңесі хат­шылығының бас маманы А. Битаев тәртіптік шара бойынша баяндама жасады. Ол лауазымды тұлғаның азамат­тармен қарым-қатынаста әдеп­тілік танытпай, дөрекілік көрсет­кенін жеткізді. Әдеп кеңесінің мүшелері мемлекеттік қызметкер өзінің әре­кетімен және мінез-құлқымен жергілікті жұртшылық тарапынан сынға себепкер болғаны үшін оған сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Келесі сөз кезегін алған Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова аудан әкімдігінің қызметінде жүр­гізілген сыбайлас жемқорлық тәуекел­деріне ішкі талдау нәтижелерін жария етті. Облыстық санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау департа­менті­нің әдеп жөніндегі уәкілі Г.Аманова басқарманың қызмет нәтиже­лерін баяндады. Жиын бары­сында Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Забира Сайділдинаның да есебі тың­далып, атқарылған қызметтер жай­лы сөз қозғалды. Кеңес соңында 2024 жыл­дың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтiк автокөлікті қызметтiк емес мақсатта пайдалан­бау жөніндегі шектеуді сақтауына жүргізілген талдау қорытындылары қаралып, мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар берілді. Әдеп кеңесін қорытындылаған Арсен Жақыпов мемлекеттік қызметкерлерді өз ісіне жауапкершілік пен әдептілік танытып, олқылықтарға жол бермеуге үндеді.

Құралбек СӘБИТОВ