Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдің саяси-құқықтық жүйесінің тірегі әрі қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің кепілі. Онда мемлекеттің басты қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, міндеттері және мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу тәртібі айқындалады. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіреді. Ата Заңның басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамның үйлесімді дамуына жағдай жасау. Әрбір азаматтың заң алдында тең болуы, өз ойын еркін білдіруі, білім алуы мен еңбек етуі сияқты негізгі құқықтары мемлекеттің құқықтық негіздері арқылы қорғалады. Ал азаматтардың заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу секілді міндеттері қоғамдық тәртіп пен өзара сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.Конституцияның маңызы тек мемлекеттік органдардың қызметін реттеумен шектелмейді. Ол қоғамдағы әділдік пен жауапкершіліктің қалыптасуына, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және елдегі бірлікті сақтауға негіз болады. Заңды білу және оның талаптарын орындау – құқықтық мәдениеті жоғары қоғамның басты белгілерінің бірі. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына заңға құрмет, отансүйгіштік және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін сіңіру маңызды. Өйткені елдің ертеңі – өз құқығы мен міндетін түсінетін, қоғам өміріне белсенді араласатын саналы азаматтардың қолында. Осы бағытта білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбие жұмыстарын жүргізу, түсіндіру кездесулерін ұйымдастыру және жастардың заңнамаға деген қызығушылығын арттырудың маңызы зор.Конституцияны құрметтеу – оның баптарын жатқа білумен ғана өлшенбейді. Ең бастысы, заң талаптарын күнделікті өмірде сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және ел игілігі үшін жауапкершілік таныту қажет. Әр азамат осындай ұстанымды басшылыққа алғанда ғана қоғамда заң үстемдігі нығайып, өзара сенім мен тұрақтылық беки түседі.Қорыта айтқанда, Конституция – елдің тұтастығын сақтап, мемлекет дамуының бағытын айқындайтын маңызды құжат. Ата Заңға құрметпен қарау, оның қағидаттарын ұстану және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Заңға құрмет бар жерде әділдік орнығып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашылады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
