«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Кеген ауылындағы С.Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, бойларына жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Жауапкершілік – адамгершілік қасиеттің көрінісі», «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет» тақырыптарында арнайы іс шара өтті.
Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйрету, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және құқықтық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.
Шара барысында білім алушыларға Қазақстан Республикасының Заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау, тәртіп пен әдептілік қағидаларын ұстану жөнінде кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың салдары, оның жасөспірімдердің болашағына тигізетін кері әсері, буллинг, әлімжеттік, мектептегі тәртіп ережелерін бұзу және өзгенің құқығын құрметтеу мәселелері қозғалды.
Оқушылар тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, өмірлік жағдаяттарды талқылады. Әрбір адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі, жасаған әрекетінің нәтижесі мен салдарын түсіне білуі туралы пікір алмасты.
Мектептегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі – құқықтық мәдениеті қалыптасқан, саналы, тәртіпті, өз құқығы мен міндетін білетін азамат тәрбиелеу. Себебі құқықбұзушылықтың алдын алу – тек мектептің ғана емес, ата-ана мен қоғамның да ортақ міндеті.
– Осындай тәрбиелік іс-шаралар арқылы оқушыларды заңға бағынуға, әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке және өзара сыйластыққа тәрбиелеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табады, – дейді мектеп-гимназия директоры Жазира Дүйсенбайқызы.
Жауапкершілігі жоғары, құқықтық мәдениеті қалыптасқан, саналы ұрпақ – ел болашағының берік кепілі!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

