Өтеген батыр ауылындағы З. Батталханов көшесінің бойында орналасқан Кіші Алматы өзенінің арнасында тазарту жұмыстары жүргізілді.
Өзен ағысымен жоғары жақтан келген тұрмыстық қалдықтар жекелеген аумақтарға жиналып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайына кері әсерін тигізген болатын.
Осыған байланысты Өтеген батыр ауылдық округі әкімдігі тарапынан кезекті тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Жұмысқа 9 жұмысшы мен 3 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 2 арнайы техника көлемінде қоқыс шығарылды.
Айта кетейік, биыл тамыз айында да осы аумақта тазарту жұмыстары жүргізіліп, 3 арнайы техника көлемінде қалдық шығарылған болатын.
Қазіргі таңда өзен арнасы тазартылып, аумақ тиісті санитарлық жағдайға келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.
Алайда тазалық тек тазарту жұмыстарымен шектелмеуі тиіс. Өзен арналарына, көшелер мен қоғамдық орындарға қоқыс тастау – қоршаған ортаға зиян келтіру.
Құрметті аудан тұрғындары! Табиғатты қорғау мен туған жердің тазалығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Өзен-көлдерді, көшелер мен қоғамдық орындарды ластамай, тазалыққа жанашырлықпен қарайық. Әрқайсымыз өз ауламыздан, өз көшемізден және өз әрекетімізден бастайық!
Таза Қазақстан – әр азаматтың жауапкершілігі!
Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

