Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Стратегиялық маңызы бар шешім

Стратегиялық маңызы бар шешім

15 қаралым

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің басымдықтарын айқындап берді. Әсіресе, ұлттық экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағыттарына ерекше мән берілуі маңызды.
Меніңше, Жолдаудың басты ерекшелігі – ел дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшемей, оның нәтижесін әрбір азаматтың күнделікті өмірімен байланыстыруында. Өйткені мемлекеттің қуаты – ең алдымен, халқының әл-ауқатымен, өңірлердің дамуымен және қоғамдағы мүмкіндіктер теңдігімен өлшенеді.
Жолдауда «Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады», – деді Президент.
Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға қомақты қаражат бағыттау бастамасы – стратегиялық маңызы бар шешім. Ендігі міндет – осы қаражаттың тиімді жұмсалуын, әрбір жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қоғамдық бақылауда ұстау.
Бүгінгі кезеңде мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі ерекше маңызды. Президент атап өткен «Адал азамат» қағидаты әрқайсымыздың күнделікті ісімізден көрініс табуы керек.
Жолдауда белгіленген міндеттер елдімекендеріміздің келбетін өзгертіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады деп сенемін. Ең бастысы, айтылған бастамалар нақты нәтижеге айналуы тиіс.

Бағдат РАХИМОВ,
Әділет партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы

↑