Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ОТБАСЫ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ОТБАСЫ ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

40 қаралым

Отбасы – қоғамның тірегі, адамгершілік пен тәрбиенің алтын бесігі. Әрбір адам үшін отбасы ең алдымен тыныштық пен қауіпсіздіктің, өзара сыйластық пен қамқорлықтың ордасы болуы тиіс. Алайда бүгінгі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Бұл – тек бір шаңырақтың ішіндегі мәселе емес, барша қоғам болып назар аударуды қажет ететін әлеуметтік түйткіл.

Осыған орай Алматы облысының Іле ауданында «Халықаралық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты ведомствоаралық науқан басталды. Аталған бастама тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған.

Науқан аясында ауданның барлық мүдделі мемлекеттік органдары мен мекемелерінің қатысуымен кешенді ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, тұрғындармен кездесулер, түсіндіру шаралары, семинарлар мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қамтылады.

Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындарға өз құқықтарын түсіндірумен қатар, отбасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдарын көрсету. Сонымен бірге зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін, құқықтарын қорғау үшін қайда жүгіну керектігін түсіндіру де маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Өкінішке қарай, кей жағдайда отбасындағы зорлық-зомбылық көпшілікке жария етілмей, жабық күйінде қалып жатады. Мұндайда мәселені дер кезінде анықтап, тиісті шара қабылдаудың маңызы зор. Себебі үнсіздік пен бейжайлық жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне немқұрайлы қарамауы қажет.

Отбасындағы татулық пен өзара құрмет – берекелі қоғамның негізі. Ал қауіпсіз орта қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Балалардың алаңсыз өсуі, әйелдер мен отбасының барлық мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Іле ауданында қолға алынған 16 күндік науқан да осы мақсатқа бағытталған. Оның аясында атқарылатын жұмыстар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттырып, отбасындағы қауіпсіздік мәселесіне деген жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді деген сенім бар.

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс. Бұл – күнделікті назар мен ортақ жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Өйткені әрбір адам қауіпсіз өмір сүруге, құрмет пен қамқорлыққа бөленуге құқылы. Отбасы амандығы – қоғам тыныштығының кепілі.

Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

↑