Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қара!

Қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қара!

53 қаралым

Алматы облысының Іле ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесулер өтті.

Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері еңбек ұжымдарымен жүздесіп, қоғамда жиі кездесетін қаржылық қауіп-қатерлер жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан сақтану жолдары сөз болды. Мамандар алаяқтардың түрлі айла-тәсілдеріне тоқталып, азаматтарды күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға, сондай-ақ оңай табыс пен жоғары пайда уәде ететін ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды.

Жиынның тағы бір маңызды тақырыбы – қаржы пирамидалары. Мамандар мұндай ұйымдардың негізгі белгілерін түсіндіріп, азаматтарға қаржы салмас бұрын ұсыныстың заңдылығына көз жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар дропперлік әрекеттердің құқықтық салдары түсіндірілді. Өзінің банк картасын, шотын немесе төлем құралдарын бөгде адамдардың пайдалануына беру азаматты құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді.

Кездесуде көлеңкелі қаржы айналымының қоғам мен экономикаға тигізетін кері әсері де кеңінен сөз болды. Мамандар заңсыз қаржы операцияларына жол бермеу – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.

Осындай кездесулердің негізгі мәні – азаматтарды қаржылық қауіптерден хабардар етіп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру. Қаржылық сауаттылық артқан сайын алаяқтыққа алдану қаупі де азая түседі.

Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл бағыттағы профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.

Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

↑