Тәуелсіздік – халқымыздың ең қымбат қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған асыл құндылық. Биыл еліміздің егемендік алғанына 35 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан талай белесті бағындырып, әлемге танылған мемлекетке айналды. Ал әрбір өңірдің бүгінгі келбеті – сол тәуелсіздік жылдарындағы еңбектің, ізденістің және жасампаздықтың нәтижесі.
Іле ауданының байырғы тұрғыны әрі қоғам белсендісі ретінде туған өлкеміздің жылдар өте қалай өзгеріп, қалай көркейіп келе жатқанын көріп отырмын. Кезінде ауылдық тіршілік басым болған өңір бүгінде өндірісі дамыған, кәсіпкерлігі өркендеген, халық саны өсіп, жаңа тұрғын алаптары қалыптасқан үлкен ауданға айналды.
Әсіресе, соңғы жылдары ауданның экономикалық әлеуеті артып, өндіріс орындары мен кәсіпкерлік нысандарының қатары көбейді. Ірі кәсіпорындар жұмыс істеп, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы аудан экономикасының дамуына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік береді.
Ауданның көркеюі тек өндіріс пен экономикамен өлшенбейді. Елдімекендердің ажары, жолдардың сапасы, ауызсу мен инженерлік желілердің жағдайы, мектептер мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер. Осы бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды тұрғын ретінде байқап, оң өзгерістерді көріп келеміз.
Білім мен тәрбие мәселесіне де ерекше мән беру қажет. Бүгінгі балалар – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан заманауи мектептер салу, сапалы білімге жағдай жасау, жастардың спортпен және өнермен айналысуына мүмкіндік беру – болашаққа салынған инвестиция.
Меніңше, туған жердің дамуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана байланысты емес. Әрбір азаматтың өз ауласына, көшесіне, ауылына деген жанашырлығы маңызды. Тазалық сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, үлкенге ізет, кішіге қамқор болу – елдіктің белгісі. «Таза Қазақстан» бастамасы да осы ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.
Біз, аға буын өкілдері, жастарға тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін, оның қадірін түсіндіруіміз керек. Өйткені бүгінгі бейбіт өмір, тұрақтылық пен даму – өздігінен келген игілік емес. Оның артында халқымыздың тарихы, талай ұрпақтың арманы мен еңбегі жатыр.
Іле ауданының болашағынан күтер үмітіміз мол. Өңіріміз одан әрі дамып, ауылдарымыз көркейіп, жастарымыз білімді әрі бәсекеге қабілетті болып өссе дейміз. Ең бастысы, ел ішіндегі бірлік пен татулық сақталсын.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – әрқайсымыз үшін өткенге тағзым етіп, бүгінге шүкіршілік білдіріп, болашаққа сеніммен қарайтын ерекше мереке. Туған жеріміздің көркеюіне әр азамат өз үлесін қосса, Іле ауданының да алар асуы биік болмақ.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, туған өлкеміз көркейе берсін!
Әмзе ИСАЕВ, Алматы облысының және Іле ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері, Іле аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы

