Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауы қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Мемлекет басшысының алдағы жылды «Халықтық құрылыс жылы» деп жариялап, бұл бағдарламаны іске асыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінетіні, оның 1,5 миллиарды 2027 жылдың наурыз айына дейін игерілетіні көпшілікті қуантты.
Қазір бұл бағдарлама барлық мемлекеттік ұйымда, өндірістік кәсіпорындарда, оқу орындарында, жергілікті жерлерде кеңінен талқыланып жатыр. Осындай жиын жас мамандардың қатысуымен Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде де өтті. Бұл арнаулы оқу орны негізінен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын болғандықтан, талқыланған мәселелердің де басым бөлігі ауыл мен агроөндіріс саласына қатысты болды.
Кездесуді ашып, жүргізіп отырған колледж директоры Динара Бозымбекова Жолдаудың мән-маңызы мен онда айтылған мәселелердің өзектілігі жөнінде әңгімеледі.
– Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы қалыптасқан дәстүрлі мерзімнен анағұрлым кеш жарияланды. Сондықтан да болар, халқымыз алдағы бірнеше жылда атқарылатын міндеттерді айқындайтын бұл сәтті асыға күтті. Жұртшылықтың жақсы өзгеріс боларына деген үміті мен сенімі басым болды. Шынын айтсақ, бұл үміт ақталды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын, бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтынын айтты. «Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет», – деген Президент біртұтас ұлт ретінде жұмыла еңбек ету қажеттігін алға тартты. Сондықтан біз жастарға сапалы білім беріп, ертең түрлі салада, әртүрлі кәсіпорында еңбек етіп, өз болашағын қалыптастыруды, елі үшін еселі еңбек етуді армандайтын түлектеріміздің кәсіби біліктілігі мықты, адамгершілік қасиеттерінің жоғары болуы үшін бар күшімізді салуымыз керек. Олардың білім мен өндірісті ұштастырып, мол тәжірибе жинауына мейлінше жағдай жасауымыз керек, – деді Динара Боларбекқызы.
Ал жас мамандар жетекшісі Айгүл Алпысбаева:
– Болашақта жұмысшы мамандықтарының иесі атанатын біздің түлектеріміз өз ісін тыңғылықты атқаратын, «Заң мен тәртіп» қағидатын бұлжытпай басшылыққа алып, жұмыс орнының, жалпы айналасының таза болуына баса мән беретін және оны басқалардан да талап ететін ұқыпты, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуы керек. Бұл тұрғыда Президентіміз: «Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады», – деп, Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек деген міндет қойды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу экономиканы жаңғырту үшін өте қажет. Сондықтан әлемдік көштен қалмай, еліміз тұрақты да қарқынды дамуы үшін жастар, әсіресе жас мамандар өздеріне биік мақсат қойып, соған жетуге ұмтылулары тиіс, – деді.
Президент Жолдауын талқылау ашық әрі еркін өтті. Жиын барысында сөз алған оқытушылар бұл маңызды құжатта көтерілген негізгі бағыттар мен міндеттерге тоқталып, білім беру саласын дамыту, кәсіби білім сапасын арттыру, жастардың әлеуетін қолдау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтарды қызу талқылады. Кездесу барысында жас мамандар өз пікірімен бөлісіп, Жолдауда белгіленген міндеттердің маңыздылығын атап өтті. Олар әсіресе ауыл және мал шаруашылығын, азық-түлік өндіру мен өңдеу өнеркәсібін, туризмді дамыту жөніндегі міндеттерге қатысты өз ойларын айтты. Мұндай кездесулер педагогтердің азаматтық ұстанымын нығайтып, кәсіби жауапкершілігін арттыруға, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын да күшейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы

