Алматы облысының әкімдігі, Орман саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымы (AFoCO) және Shin-Line Group қоршаған ортаны қорғау, орман экожүйелерін қалпына келтіру, жасыл аймақтарды кеңейту және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында үшжақты меморандумға қол қойды.
Осы орайда әкімдікте өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев, әкім аппаратының хаттама және сыртқы байланыстар жөніндегі бас инспекторы Бауыржан Абдоллаев, Shin-Line Group компаниясының президенті Андрей Шин, жобалық даму бөлімінің басшысы Ли Сон Хан қатысты.
Жиынды ашқан Бақытнұр Бақытұлы аталмыш құжат ормандарды қалпына келтіру, табиғи ресурстарды тұрақты басқару, аумақтарды көгалдандыру және өңірдің климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған бастамалар бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуды көздейтінін, сондықтан да бұл меморандумның маңызы зор екенін атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған Андрей Шин Shin-Line Group үшін экологиялық жауапкершілік – болашаққа арналған жоспар ғана емес, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан нақты жұмыс екенін жеткізді. Компания бүгінге дейін 500 мың түп гинкго ағашын отырғызды және жасыл аймақтарды кеңейту жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр. Аумағы 137 гектарды құрайтын жеке тәлімбақ базасында көшет материалдарын өсіру, Алматы қаласы мен облысында көгалдандыру және саябақтар құру жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ орман алқаптарын қалпына келтіруге атсалысу көзделген.
Меморандумға қол қою үш тараптың тәжірибесін біріктіруге жол ашады. Shin-Line Group өзінің инфрақұрылымы мен жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып, экологиялық жобаларды дамытуды көздесе, AFoCO орман шаруашылығы мен экожүйелерді қалпына келтіру саласындағы халықаралық білім мен кәсіби сараптамасын ұсынады. Ал Алматы облысының әкімдігі өңірлік мүмкіндіктерді, институционалдық өзара іс-қимылды және экологиялық инфрақұрылымды дамыту мен табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған бастамаларды қолдауды қамтамасыз етеді.
Бұл іске AFoCO ұйымының қатысуы ерекше маңызға ие. Бұл –Азия елдерін орман шаруашылығы, ормандарды қалпына келтіру және табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында біріктіретін халықаралық ұйым. Халықаралық сараптаманы тарту ормандарды қалпына келтіру, биоалуантүрлілікті сақтау, жасыл экожүйелерді дамыту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша заманауи тәсілдерді зерделеп, тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.
Меморандум аясында тараптар бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік іс-шаралар өткізу, білім мен технология алмасу, сондай-ақ орман шаруашылығы инфрақұрылымы мен экологиялық ағарту бағыттарын дамыту мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ әріптестік ағаш көшеттерін өсіру мен аумақтарды көгалдандырудан бастап, орман экожүйелерін қалпына келтіру және өңір тұрғындары игілігіне арналған жаңа қоғамдық жасыл кеңістіктер құруға дейінгі экологиялық бастамаларды кеңейтуге негіз болады.
«Біз қоршаған ортаға қамқорлық жасауды болашақ ұрпақ алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілік деп білеміз. Біз үшін ағаш отырғызумен ғана шектелмей, жасыл аймақтардың дамуына, сақталуына және адамдардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына жағдай жасау маңызды. Экологиялық бастамалар нақты нәтижесін беруі керек. Ол – жаңа саябақтар, қалпына келтірілген ормандар және тұрғындар үшін қолайлы орта», – деп атап өтті Shin-Line Group президенті Андрей Шин.
Shin-Line Group, AFoCO және Алматы облысы әкімдігінің ынтымақтастығы табиғи мұраны сақтауға, жасыл инфрақұрылымды дамытуға және ормандарды қалпына келтіруге бағытталған бизнес, халықаралық сараптама мен мемлекеттік институттардың күшін біріктіреді. Бұл әріптестік саябақтар құруға, Алматы қаласы мен облысын көгалдандыруға, экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға және Қазақстанның жасыл болашағы үшін тұрақты табиғи орта қалыптастыруға мүмкіндік ашады.
Алма ЕСЕНБАЙ

