Алматы обысындағы Жамбыл ауданының шалғайдағы шағын елдімекендерінің тұрғындары да табиғи газды пайдалана бастады. Алыстағы Ақтерек ауылдық округіне қарасты Арқарлыға да көгілдір отын құбыры тартылып, салтанатты түрде іске қосу рәсімі өтті.

Салтанатты шарада Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев ауыл тұрғындарын қуанышты күнмен құттықтады. Ол табиғи газдың келуі халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдың әлеуметтік дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Асыл Мұқанәлі өңірдегі газдандыру ісінен хабардар етіп, ауылдық елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы игілікті істер жүйелі түрде жалғаса беретінін айтты. Жиынға сонымен қатар жақсы істі жүзеге асырудың басы-қасында жүрген «Golden City DS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мейрам Сейсебай және сала мамандары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалы Еркінбек Молдахметов жиналған көпшілікке ақ батасын беріп, әжелер шашу шашты. Құрметті қонақтар табиғи газ алауын салтанатты түрде тұтатып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Алматы мен Жамбыл облыстарының аумағы түйісер тұста орналасқан аядай ғана Арқарлы ауылында 54 отбасы, 300-ге жуық тұрғын бар. Қоңыртөбе тауының қойнауына ене орналасқан елдімекендегілер үшін табиғи газдың игілігін көру – көптен күткен қуаныш. Бұдан екі жыл бұрын он шақты шақырым жердегі округ орталығы Ақтерек ауылы газға қосылғанда мұндағы жұрттың көкейінде «Бұл игілікке енді біздің де қолымыз жететін шығар» деген сенім пайда болған еді. Енді, міне, көпшіліктің арманы орындалды. Тұрғындар көмір жағып, күл шығару машақатынан арылып, таза әрі қай жағынан алғанда да тиімді отынға қол жеткізгендеріне ризашылықтарын білдірді.
Қазір Жамбыл ауданындағы ірі ауылдар мен округ орталықтарының басым көпшілігі көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Кейінгі жылдары шалғайдағы шағын ауылдарға да ретіне қарай табиғи газ құбыры тартылып жатыр. Арқарлы – аудандағы табиғи газға қосылған 44-ші елдімекен. Осылайша ауданның газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті. Жалпы аудандағы үлкенді-кішілі 61 елдімекеннің 53-ін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта Қопа бекеті, Қызылсоқ және Көкқайнар сияқты қалтарыстағы кіші ауылдарға да көгілдір отын жеткізу жұмысы жоспарда бар.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Арқарлы ауылы,
Жамбыл ауданы

