Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдау – ел дамуының жаңа бағыттары

Жолдау – ел дамуының жаңа бағыттары

22 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат болып табылады.

Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, халықтың әл-ауқатын арттыру, ауыл шаруашылығын қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңғырту және шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгінгі таңда ауылдық елдімекендерді дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Кеген ауданы Жалағаш ауылдық округінде де бірқатар басым бағыттар бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуіміз қажет.

Біріншіден, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, ауызсу жүйесін жақсарту және елдімекеннің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету.

Экономиканы нығайту барысында салық түсімдерін арттыру және берешектерді өндіру бағытында жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, салық төлеушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, салықтық міндеттемелерін уақытылы орындамаған азаматтарға берешектерін өтеу қажеттілігі ескертілуде. Сонымен қатар, жергілікті бюджет кірісін ұлғайту және салық түсімдерінің толық көлемде түсуін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Тұрғын үй кезегінде бүгінгі күні 81 адам кезекте тұр. Әлеуметтік осал топтағы 3 адам Кеген ауылынан үйлі болды. Жалағаш ауылынан 20 тұрғын үй салынуда.

Ауылдық округте инфрақұрылымды дамыту, елдімекендердің абаттандырылуын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру барысында ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері: Жайдақбұлақ ауылындағы ауыз су қоймасын жабу және ашу жұмыстарын реттеу үшін арнайы құрылғы орнату қажеттілігі бар.

Жалағаш, Тоғызбұлақ ауылдарындағы ауызсу құбырларының жиі жарылуы және су қорының жеткіліксіздігі тұрғындарға қолайсыздық туғызуда. Осы мәселені шешу үшін су құбырларының жағдайын зерделеп, жөндеу және су қорын арттыру шараларын қабылдау қажет. Жалағаш ауылына кіреберіс республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойына 3,5 шақырымға 164 дана көше жарық шамдарын орнату.

Екіншіден, ауыл шаруашылығын дамыту, шаруа қожалықтарына қолдау көрсету, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану және су мәселелерін шешу. Ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтарын қолдау, өнімділікті арттыру мен жайылымды тиімді пайдалану басты мақсат. 2026 жылғы күзгі науқандық мал азығын дайындау барасында ауа райының қолайсыздығына байланысты шөп дайындау мүмкіндігі төмен болды. Ауылдық округтегі шабындық жерлердің 20 пайызы ғана шабуға келді. 2027 жылы ортақ жайылымдарды ұлғайту мақсатында округтің ортақ жайлымына 82 га жер телімі қосу көзделіп отыр. Егіс науқанына жеңілдетілген дизель отынын алуға, мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында да шаруаларға көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, «Кең дала» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары бойынша егін егу, туризм саласын дамыту, мал шаруашылығын дамыту мақсатында қолдау берілуде.

Суару жүйесін дамыту бойынша «Қопалы» су каналын салу және бөктердегі шаруа қожалықтарының егістік жерлеріне су жеткізу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға және шаруалардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау. 2026 жылы  92 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, округ бойынша 47 жаңа жұмыс орны ашылды.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында қайтарымсыз грант алу бағытында 3 азамат тіркеліп, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсын аяқтап, сертификат алды. Бір азамат 1 млн 730 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанды.

Төртіншіден, жастарды қолдау, білім беру, спорт және мәдениет салаларын дамыту. Облыстық құрылыс басқармасы арқылы Жалағаш ауылынан спорттық сауықтыру кешені салынуда. Бүгінгі күні құрылыс жұмысының 95 пайызы аяқталды. Сонымен қатар, балалар ойын алаңын салу, жастар мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында «Street Workout» көше спортпен шұғылдануына жағдай жасау үшін кіші футбол алаңын салу жоспарда бар.

Бесіншіден, табиғатты қорғау, ауыл тазалығын сақтау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасына белсенді қатысу. Биылғы жылы «Туған ауыл, көгеріп, гүлдене бер!» қорының демеушілігімен 100 түп шырша және 600 түп тал-терек, жалпы ауылдық округ бойынша бүгінгі күнге дейін 500 түп шырша, 1 500 түп тал-терек және жеміс ағаштары отырғызылды. Сонымен қатар, қандасымыз Нүпай Жаңалық өзінің егістік жеріне іргелес бос аумаққа 1 000 түп құрылысқа пайдаланылатын ағаш көшеттерін отырғызып, болашақта бақ өсіру жұмыстарын қолға алды. Бұл жұмыстар ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл желек көлемін арттыруға және ауыл тұрғындары арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Ауылды дамыту – тек әкімдіктің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ міндеті. Әрбір азамат туған ауылының көркеюіне өз үлесін қосуы тиіс.

Біздің басты мақсатымыз – таза, жайлы, инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарына қолайлы жағдай жасалған ауыл қалыптастыру, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.

Қорыта айтқанда, Жалағаш ауылдық округінде аталған өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізіп, қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және қаржыландыру көздерін қарастыру қажет.

Аталған мәселелердің оң шешімін табуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, елдімекендердің инфрақұрылымын дамытуға, ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығының дамуына оң ықпал етеді.

Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін.

Айгүл  САДЫРОВА,

Жалағаш ауылдық округінің әкімі

Кеген ауданы

↑