Перейти к содержимому

Бала және қауіпсіз әлем

19 қаралым

Кеген аудандық Мәдениет үйінде ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Зорлық-зомбылықсыз отбасы: өзара сыйластық, психологиялық қауіпсіздік және құқықтық жауапкершілік» атты психологиялық-практикалық семинар-тренинг өтті. Шараны «Қамқор-Кеген» Алматы облысының есту қабілеті нашар жандардың қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Семинарға Қазақстан психологтары қоғамының мүшесі, республикалық деңгейдегі тренер, практик-психолог Жеңісгүл Хабаева, Кеген аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ернұр Құрамаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, мекеме басшылары, ұстаздар, білім саласының өкілдері, психологтар, аудандық ардагерлер, ақсақалдар, аналар кеңестерінің төрағалары, жастар қатысты.
Шараны өткізудегі мақсат – қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық пен сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру және құқықтық жауапкершілікті арттыру.
– Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық. Ондағы береке мен бірлік ең алдымен сыйластыққа, түсіністікке, сенім мен жауапкершілікке негізделеді. Алайда қазіргі қоғамда отбасындағы психологиялық қысым, күш көрсету, құқықтарды шектеу сияқты мәселелер әлі де кездеседі. Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу, әр адамның құқығын құрметтеу және қауіпсіз орта қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет, – деген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев жиынды ашып, жүргізіп отырды.
– Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыс істейтін мамандардың басын қосып, тәжірибе алмасу. Мұндай кездесулер барысында сала мамандары өзекті мәселелерді талқылап, тиімді жұмыс тәсілдерімен бөлісе алады, – деді аудандық полиция бөлімінің қоғамдық-қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ернұр Құрамаев.
– Зорлық-зомбылықсыз отбасы өзімізден басталады. Әрекетімізді басқара білу және әр іске жауапкершілікпен қарау – саналы тәрбиенің негізі. Балаға қауіпсіз әлем сыйлау – әрбір ересектің міндеті, – деген психолог Жеңісгүл Хабаева «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» тақырыбында баяндама жасап, осы орайда кеңестер беріп, психологиялық ойын-жаттығулар жүргізді. Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Практикалық жаттығулар жасап, отбасылық қарым-қатынасты жақсартудың жаңа жолдарын үйренді.
Семинар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, оңалту жұмыстары, әкімшілік-құқықтық шаралар, отбасылық құндылықтарды нығайту және агрессордың заң алдындағы жауапкершілігі мәселелері талқыланды. Тренингке қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтіп, сала мамандарының кәсіби тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑