Тәуелсіз Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан жандар аз емес. Солардың бірі – Алматы облысындағы қазынашылық ұйымдарының ардагері Күлшакира Әжібаева.
Кез келген мемлекеттің қаржы жүйесінің қалыптасуы – терең біліммен бірге кәсіпке деген адалдықты, аса дәлдік пен шынайы отаншылдықты талап ететін орасан зор еңбек. Қазіргі заманауи, толықтай цифрландырылған қазынашылық залдарында жұмыс істеуге келген жастарға ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бұл қызметтің қалай басталғанын елестету қиын. Ал осы жауапты да күрделі жолдың әрбір қадамы әрқашан Күлшакира Ауғанбайқызының есінде. Ол қаржы саласына ұлттық ақшамыз айналысқа енген бетбұрысты жылда келді. Ол кезде ұлттық валюта – теңгені шығару және дербес төлем жүйесін қалыптастыру жедел шешімдер мен тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуді талап етті.
– Қазынашылық өмірімнің бір бөлігіне айналды. Мен Кербұлақ ауданындағы алғашқы қазынашы болдым. Еңбек жолымды 1981 жылы есепшілік қызметтен бастадым. Кейін экономист, бас есепшінің орынбасары, Ұлттық банктің жетекші маманы болып жұмыс істедім. Ақыр соңында Талғарда қазынашылық мекеменің басшысы болдым. Жүйенің өзі әлі қалыптасу кезеңінде еді. Көп ізденуге, өзіміздің қателігімізден үйренуге тура келді. Бірақ бәрібір біз жаңа нәрсе жасадық, Тәуелсіз Қазақстанның қаржы жүйесін реформаладық, – деді бұл қызметке қалай келгені жайлы естелігімен бөліскен ардагер.
– Қазынашылық қызметін интеграцияланған ақпараттық жүйелерге ауыстырған 2002 және 2012 жылдарды ерекше атап өткім келеді. Бұл өте қиын болды, себебі технологиялар толығымен жаңартылды. Бірақ осы өзгерістердің арқасында біз енді бюджеттік операциялардың толық ашықтығы туралы айта аламыз. «Қазынашылық – клиент» жүйесімен жұмыс істеу, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің төртінші деңгейін енгізу – осының бәрі маңызды кезеңдерге айналды және әрбір қадам жүйені неғұрлым заманауи әрі қолжетімді етті, – деп жалғастырды ол әңгімесін.
Қаржыгердің айтуынша, ол кезде қуатты компьютерлер мен автоматтандырылған бағдарламалар болмаған. Аудандық бөлімде басты құралдар – калькулятор, қаламсап және ең бастысы, зор жауапкершілік болды. Қызметкерлер әрбір санның, әрбір төлем тапсырмасының артында мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, мектептер, жолдар құрылысы және бүкіл өңірдің тұрақтылығы тұрғанын жақсы түсінді.
Бүгінгі таңда қазынашылық – нағыз заманауи және технологиялық құрылым. Талғар аудандық басқармасы 61 мекемеге қызмет көрсетеді, ал ұжымда күн сайын мемлекеттік ақшаны басқаруға қатысатын сегіз маман жұмыс істейді. Олар ұжымда бір-бірін қолдау мен өзара көмек атмосферасын құруға ұмтылады.
Күлшакира Әжібаеваның басшылығымен жұмыс істеу бақытына ие болған әріптестері мен қарамағындағы қызметкерлер бірауыздан оның ең қиын жағдайларда да сабырлы, ұстамды болып, салқынқандылығын сақтай білетіндігін айрықша атап айтады. Өйткені қазынашылық – қателікке жол беруге болмайтын құрылым. Сол себепті де ол әрқашан дәлдік эталоны болған. Отанымыздың игілігіне қызмет еткен ондаған жыл ішінде бүгінгі ардагер қарапайым есепшіліктен бастап, жауапты мекеме басшысына дейінгі жолды абыроймен жүріп өтті. Оның тікелей қатысуымен мекемеде интеграцияланған ақпараттық жүйелерді енгізу, электрондық платформалар арқылы қызмет көрсетуге көшу және бюджеттік процестерді оңтайландыру сияқты ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Ол жаңа цифрлық рельстерге қайта тұру оңай болмағанын, бірақ қаржы қызметі тоқырауға төзбейтінін айтты. Осындай мамандардың арқасында еліміздің қазынашылығы бүгінде ең жоғары технологиялық және ашық мемлекеттік құрылымдардың бірі болып саналады. Ардагер үшін қазынашылық әрдайым әдеттегі жұмыс орны емес, одан анағұрлым артық болатын. Бұл өмір мектебі еді. Мінсіз қызмет еткен жылдар ішінде ол жоғары білікті мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Олардың көпшілігі бүгін еліміздің қаржы саласындағы негізгі лауазымдарда қызметте.
Көп жылғы адал еңбегі және қаржы жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ол көптеген марапат иесі атанды. Олардың ішінде «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі, ҚР Қаржы министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды атауға болады. Алайда ардагер дербес қаржы жүйесінің іргетасы қалануына адал еңбегі сіңген бейбіт те гүлденген мемлекеттің қалыптасуы мен әріптестерінің құрметін ең үлкен марапат деп санайды. Бүгінде құрметті зейнетте болса да, ол бұрынғысынша әлі де қатарда – ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі. Қаржылық, экономикалық жаңалықтарға маман ретінде өте қызығушылықпен қарайды. Өз тәжірибесі, заман талабы негізінде жас әріптестеріне қаржыгерлік қызметтің ерекшеліктерін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, көмекке келуге әрқашан дайын. Оның өмірлік жолы – заңға, мемлекет пен халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы

