Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Тұрғындар әкімнен не сұрады?

Тұрғындар әкімнен не сұрады?

11 қаралым

Жиын барысында жергілікті халық толғандырған сауалдарын қойып, жауапты мамандардың түсіндірмесін тыңдады. Сұрақтардың көбі жарық, газ, ауызсу, жол инфрақұрылымына қатысты болды. Мәселен, Тұздыбастау мен Бесағаш, Қайнар ауылының және Талғар қаласындағы бірқатар ықшамауданның тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай әбігерге түскендерін айтады. Мамандардың сөзінше, бұл мәселе халық санының артуына байланысты туындап отыр. Келесі жылы инженерлік инфрақұрылым бойынша жаппай жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Олардың қатарында Кеңдала, Бесағаш, Тұздыбастау және Қызылту ауылдары бар. Қаржысы бөлінгеннен кейін құрылыс басталады.

Тағы бір тұрғын Алатау тасжолының бойындағы жол жөндеу жұмысы қашан аяқталатынын сұрады. Себебі құрылыс мектеп оқушыларының қатынауына біршама қиындық келтіріп отыр. «Аталған мәселелерді ескере отырып, жұмыс күшін көбейттік. Қысқа дейін білім ошағынан айналма жолға дейінгі аймақтағы жұмыс аяқталады. Сондай-ақ жол бойына саябақ салынып, арықтарды ретке келтіреміз. Жұмыс сапасы бақылауда», – деді аймақ басшысы.

Талғар қаласының тұрғыны экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Оның сөзінше, қала маңындағы қос бірдей өндіріс ошағы тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Шыңғыс Сайранұлы бұл мәселені жеке қадағалауына алатынын және кәсіпорындарға өзі барып тексеретінін жеткізді.

Қызылқайрат ауылының халқы елдімекендегі мектепке балалар сыймай жатқанын хабарлады. Биылдың өзінде 250-ге жуық бала бірінші сыныпқа қабылданған. Кейбірі балаларын өзге ауылдарға тасымалдап оқытатын көрінеді. Бірақ оған барлық ата-ананың мүмкіндігі бола бермейді. Байбұлақтағы 300 орынды мектепке де дәл осындай жағдай туындап отыр. Аудан әкімінің сөзінше, 2023 жылы ауданда үшауысымды 6 мектеп болған. Ал қазір біреуге қысқарды. Алдағы уақытта мектептегі орын тапшылығы мәселесін инвесторлар тарапынан шешу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын және мәселелер жан-жақты зерделеніп, кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Суретті түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Талғар ауданы

↑