Алматы облысының Іле ауданындағы мәдениет саласының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан «Сарытауқұм» халықтық ән-би ансамблі өзінің 45 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті.
Мерейтойлық концерт көпжылдық шығармашылық жолды саралап, өнер ұжымының тарихын, дәстүрін және бүгінгі тынысын кеңінен танытқан тағылымды кеш болды. Кештің басты ерекшелігі – ансамбльдің 45 жылдық тарихы үш буынның сабақтастығы арқылы сахнада көрініс тапты.
Сахна төрінде ансамбльдің негізін қалаған ардагер өнерпаздар, олардың ізін жалғастырған орта буын және бүгінгі таңда өнер көрсетіп жүрген қазіргі құрам бас қосты. Әр буын өз кезеңінің өнерін ұсынып, «Сарытауқұмның» қалыптасуынан бүгінгі күнге дейінгі шығармашылық жолын көрерменге жеткізді.
Ансамбльдің негізін қалаған аға буын – ұжымның алғашқы қадамын қалыптастырып, ұлттық өнердің өркендеуіне жол ашқан өнер жанашырлары. Олардың еңбегі кейінгі буынға үлгі болып, өнердегі сабақтастықтың берік негізіне айналды. Орта буын осы дәстүрді жалғастырып, ансамбльдің шығармашылық әлеуетін арттырса, қазіргі жас өнерпаздар ұлттық өнерді жаңа буынның талғамымен сабақтастырып келеді.
Концерт барысында орындалған әндер мен билер, сахналық қойылымдар ансамбль репертуарының байлығын көрсетті. Әсіресе үш буынның бір сахнада өнер көрсетуі көрерменге ерекше әсер сыйлап, 45 жылдық тарихтың үзілмегенін айқын аңғартты.
«Сарытауқұм» халықтық ән-би ансамблі жылдар бойы ауданның мәдени өміріне белсенді араласып, түрлі деңгейдегі мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп келеді. Ұжымның шығармашылық жолы – ұлттық өнерді дәріптеген талай өнерпаздың маңдай тері мен еңбегінің жемісі.
Мерейтойлық кеште ансамбльдің қалыптасуына және дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, өнер ұжымының бүгінгі мүшелеріне ізгі тілектер айтылды. Өткенге тағзым, бүгінге құрмет, келешекке аманат ұғымдары тоғысқан кеш көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Қырық бес жыл – бір ұжымның ғана емес, бірнеше буынның өнерге деген адалдығы мен ұлттық мәдениетке қосқан үлесінің тарихы. «Сарытауқұм» халықтық ән-би ансамблінің өнер жолы – ұрпақтар сабақтастығы үзілмегенде ғана дәстүрдің де, өнердің де ғұмыры ұзақ болатынын көрсететін жарқын мысал.
Алдағы уақытта да «Сарытауқұм» халықтық ансамблі ұлттық өнердің мәйегін сақтап, жас таланттарды тәрбиелеп, Іле ауданының мәдени өмірін жаңа шығармашылық белестермен толықтыра беретіні сөзсіз.
Іле ауданы

