Перейти к содержимому

ҚазҰУ-мен байланыс

16 қаралым

Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы барып, оқу орнының ғылыми-технологиялық әлеуетімен танысты. Университет ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, ғылым мен өндірісті ұштастыру, білікті мамандар даярлау, оларды ауданға тарту және инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Аудан басшысы ҚазҰУ қалашығындағы жасанды интеллект, IT, робототехника, өнеркәсіп роботтарын басқару орталықтары және отандық дрондар шығары­латын 10-нан астам заманауи ғылыми зертхананың жұмы­сына ден қойды. Әсіресе жерсерік деректері арқылы жер құнарлылығын зерттеу, су үнемдеу, күн энергиясын пайдалану, табиғи құбылыстарды модельдеу және ауа райын болжау технологиялары ерекше қызығушылық тудырды. Нұрлан Ертасұлы аталған ғылыми жетістіктерді ауданның ауыл шаруашылығы мен өндірісіне енгізудің маңызына назар аударды.
Кездесуде екіжақты байла­ныстың негізгі бағыттары айқындалып, тараптар ғылым мен өндіріс сабақтастығын орнатуға келісті. Ол үшін аудан басшылығы мен университет ғалымдары өңір экономикасын жаңғыртуға, ғылыми зерттеу­лерді жергілікті өндіріс пен ауыл шаруашылығында қолдануға мүдделі екенін білдірді. Сапар барысында маман даярлау және жұмысқа орналастыру жайы қозғалып, университетте білім алған жас мамандарды Жамбыл ауданына тарту, өндірістік тәжірибеден өткізу және өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мәдени-рухани қарым-қатынас сөз болды. Бұл орайда ҚазҰУ мен Жамбыл ауданы арасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұрасын зерттеу және насихаттау бағытында бірлескен іс-шаралар мен ғылыми-танымдық жұмыстар жүргізілуде.
Аудан әкімі Нұрлан Ертас пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым мен өндірісті ұштастыру, білікті мамандар даярлау және инновациялық жобаларды өңірде іске асыру мақсатында өзара ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑