Перейти к содержимому

Жаңа белеске сенімді қадам

19 қаралым

Жамбыл ауданы Қарғалы ауылын­­дағы аурухананың ғасырдан астам тарихы бар. 1922 жылы шағын фельдшерлік қосын ретінде негізі қаланған денсаулық сақтау орны уақыт өте келе кеңейіп, ір­гелі ауруханаға айналған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары үш қабатты жаңа ғимараты бой көтерді. Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде заман талабына сай жаңғырып, меди­циналық қызмет көрсету аясын айтарлықтай кеңейтті. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Қарғалы ауруханасының тыныс-тіршілігіне тоқталуды жөн деп таптық.

Мекемеге 2013 жылы аудандық мәртебе беріліп, «Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана» деген атаумен жұмыс істей бастады. Тарихы терең денсаулық сақтау ордасында әр жылдары талай білікті дәрігер мен тәжірибелі медицина қызметкері еңбек етті. Олар өздерінің кәсіби білімімен, адал қызметімен кейінгі буынға өнеге көрсетті. Солар қалыптастырған игі дәстүр бүгінде жалғасын тауып келеді. «Нағыз басшының абыройы өзі отырған лауазымның биіктігімен емес, өзі бас­қарған мекеменің жеткен жетістігімен өлшенеді» деген сөз бар. Расында, басшы болу – билік жүргізу ғана емес, үлкен жауапкершілікті арқалап, ел игілігі үшін еңбек ету. Осы тұрғыдан алғанда, ауруханаға әр жылдары басшылық еткен азаматтардың мекеменің дамуына қосқан үлесі аз емес. Олардың тұсында материалдық-техникалық база нығайып, мамандар қатары толығып, көрсетілетін медициналық қызмет түрлері көбейді.
Биыл шілде айында аурухана басшы­лығына келген Нұрлан Әжібеков те осы қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, медициналық ұйымның жұмысын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Онымен әңгімелесіп, мекемемен танысу барысында осыны байқадық. Қызметіне білек сыбана кіріскен қырықтың қырқасындағы басшының алға қойған жоспары ауқымды. Оның жүзеге асуы алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен алғашқы қадамынан-ақ мекеменің дамуына серпін беруге деген ұмтылысын аңғартты.
Аурухана директоры Нұрлан Нұртайұлы – дәрігер-анестезиолог, жоғары санатты реаниматолог, денсаулық сақтау менеджері, медицина ғылымдарының магистрі. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін тәмамдаған. Сонымен қатар қайта даярлау бағытындағы білім беру ұйымдарында кәсіби біліктілігін арттырған. Медицина саласындағы еңбек өтілі жиырма жылға жуықтайды. Қазіргі қызметіне дейін Алматы қаласындағы емханалардың бірінде медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі директордың орынбасары болып еңбек еткен. Оның айтуынша, аурухана ұжы­мының биылғы жетістіктерінің бірі – Ұлттық аккредиттеу сынағынан абыроймен өтуі. Мұның сырт көзге оңай көрінгенімен, артында ұжымның ұзақ уақытқа созылған жүйелі жұмысы, жоғары жауапкершілігі мен табанды еңбегі жатыр. Мұндай сыннан сүрінбей өту үшін әрбір қызметкер өз міндетіне мұқият қарап, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды толық орындауы тиіс. Ұлттық аккредиттеу ұйымының бағалау қорытындысы бойынша Қарғалы ауылындағы аудандық ауруханаға I санат берілді. «Бұл – мекемеде көрсетілетін медициналық қызмет­тің сапасы мен пациенттердің қауіпсізді­гін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс­тың тиісті талаптарға сәйкестігін айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Сонымен бірге бұл жетістік – біздің ұжымға артылған сенім мен алдағы жұмысқа берілген жауапкершілік», – дейді Нұрлан Әжібеков.
Қарғалы ауылының басты ерекше­ліктерінің бірі – тұрғындар санының қарқынды өсуі. Осыдан 14 жыл бұрын ауруханаға тіркелген халық саны 17 мыңның шамасында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 42 080 адамға жеткен. Бұл өңірдегі демографиялық өсімнің жоғары екенін, көші-қон қозғалысының да белсенділігін аңғартады. Аурухананың қызмет көрсету аумағына Шолаққарғалы ауылдық округіндегі Қасымбек және Үмбетәлі ауылдық дәрігерлік амбулаториялары да кіреді. Халық санының өсуі медициналық қызметке деген сұранысты да арттырары белгілі. Сондықтан аурухана жұмысының негізгі бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті нығайту, жас мамандарды жұмысқа тарту және олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау. Бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыс атқарылуда. Мекеме жас әрі білікті мамандарды жұмысқа қабылдап, олардың тәжірибе жинақтауына, кәсіби шеберлігін шыңдауына мүмкіндік беріп келеді. Жас кадрларды қолдау, ұжымға бейімдеп, еңбекке ынтасын арттыру – жаңа басшының да назарындағы маңызды мәселенің бірі.
Медицина қызметкерлерінің білік­тілігін арттыру, заманауи медициналық тәжірибелерді енгізу, көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бағытындағы жұмыстар сәтімен жалғасуда. Соңғы екі жылда дәрігерлер қатары айтарлықтай толықты. Дегенмен халық санының өсуіне байланысты штат қажеттілігі те артып, кейбір бейінді мамандарға сұраныс сақталып отыр. 2025 жылы аурухана қызметкерлерінің штат саны 401 адам, оның ішінде дәрігерлер саны 71 еді, биыл жалпы штатта 397 адам, ал дәрігерлер саны 74 болды. Өткен жылдан бері мекемеге бірқатар жас маман жұмысқа қабылданыпты. Олардың қатарында 5 жалпы тәжірибе дәрігері, 2 уролог, 1 психиатр-нарколог, 3 акушер-гинеколог, 2 хирург, 2 ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, 1 фтизиатр, 1 функционалдық диагностика дәрігері, 1 педиатр және 7 орта буын медицина қызметкері бар. Бұл – медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жас мамандарға жол ашу, тәжірибелі дәрігерлердің кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану және кадрлық құрамды тұрақты жетілдіру аурухананың алдағы дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін айтады мекеме жетекшісі.
Бүгінде ауруханада қарқынды терапия және реанимация, гинекология, перзентхана, терапия, күндізгі стационар және хирургия бөлімдері жұмыс істейді. Аурухана ұжымы ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге басымдық беріп отыр. Әсіресе хирургия және гинекология бөлімдерінде МӘМС жүйесі аясында жоспарлы медициналық көмек көрсетіліп, заманауи хирургиялық әдістер кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, лапароскопиялық және гистероскопиялық ота жасалады. Бұл тәсілдер хирургиялық емдеудің заманауи мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашып, пациенттерге қажетті медициналық көмекті аудан орталығынан алыстамай алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2025 жылдың ақпанынан бастап госпитальдық фармация бөлімі іске қосылған.
Пациенттерге гинекологиялық бағытта жатырдан тыс жүктілік, аналық без кистасы мен апоплексиясы, жатыр миомасы, эндометриоз, гидросальпинкс, аналық бездің бұралуы, жатыр түтіктерінің өткізгіштігінің бұзылуы, жабысқақ аурулар, эндометрий полипі, бедеулік және жатыр мен оның қосалқыларының кейбір қатерсіз түзілістері бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Ал хирургиялық бағытта жедел аппендицит, созылмалы және жедел холецистит, өт қабындағы тастар, өт қабының полиптері, іш қуысының жабысқақ ауруы, ішек өтімсіздігінің кейбір түрлері, асқазан мен ішектің қатерсіз түзілістері, сондай-ақ көкбауырдың жекелеген хирургиялық аурулары емделеді. Осының бар­лығы аурухананың медициналық мүмкіндіктерінің кеңейіп, күрделі оталарды жергілікті жерде жасауға жағдай қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
– Адамның көңіл-күйі денсаулығына байланысты ғой. Осындай кезде бірден ақ халатты жандардың алдына баратынымыз анық. Баруын барасың, бірақ кейде ауырған жеріңнің емін тапса жақсы. Дәл осындай күйді басымыздан өткіздік, – дейді ауыл тұрғыны Балдан Әбдіқұлова. – Күйеуім Қайраттың сырқаттанғанына біраз болды. Емделу үшін бірнеше медициналық мекеменің есігін қақтық. Қалаға да барып, ем қабылдадық. Ең соңында «Қарғалы ауылындағы ауруханада білікті дәрігерлер бар» дегенді естіп, осында келіп едік, аурухананың бас дәрігері Нұрлан Нұртайұлы өте жылы қабылдады. Жұбайымның бар қағаздарын көріп, терапия бөліміне жатқызды. Барлық сараптаманы тапсыртып, жан-жақты емдеу шарасын жүргізді. Екі аптадан астам уақыт емделді. Аурудан мезі болған күйеуімнің жағдайы жақсарды. Бас дәрігер Нұрлан Нұртайұлына, оның емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Сейітбаева мен терапия бөлімінің меңгерушісі Нәзира Жолдасбайқызына алғыстан басқа айтарым жоқ. Көңіліміз құлазыған шақта біздің ертеңгі күнге деген сенімімізді нығайтты. Осындай өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын мамандар көп болса екен дейміз. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген сөздің жаны бар. Қазір жұбайым дәрігерлер берген нұсқауды орындауда. Жақсылыққа жақсылық жасауды парыз санап, осы көңілімдегіні айтып отырмын, – деді ол.
Тағы бір емделуші Мейірім Балтабекова былай деді: «Бұл ауруханаға қан қысымы мен жүрек ауруымен түстім. Бас дәрігер күн сайын палаталарды өзі аралап, науқастардың жағдайымен танысып, емдеу мәселелеріне назар аударады. Өте қарапайым, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды. Мұнда жатқандар оған риза. Айтайын деге­нім, денсаулық сақтау мекемелерінде Нұрлан, Айжан, Нәзира, Гүлзира тәрізді білікті дәрігерлер қатары көбейсе, халыққа жақсы болар еді», – деді. Басқа емделушілердің де ақ халаттыларға деген ізгі ниеттерін білдік.
Иә, сенім бар жерде еңбек те нәтижелі болатыны анық. Медициналық қызмет түрлерін көбейту бағытында да тың бастамалар қолға алыныпты. Соның бірі – ЭЭГ (электроэнцефалография) кабинетінің ашылуы. Бұл бағыттағы маман жұмысқа қабылданып, қазір кабинет толыққанды қызмет көрсетуде. Мұнда пациенттерге электроэнцефалографиялық зерттеу жүргізіліп, мидың биоэлектрлік белсенділігін бағалауға мүмкіндік бар. Жаңа диагностикалық қызметтің іске қосылуы – аудан тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Сонымен қатар ауруханада ақылы медициналық қызмет көрсету бағыты да жолға қойылған. Атап айтқанда, тұрғындарға қажетті медициналық анықтамаларды ақылы негізде беру қызметі ұйымдастырылды. Мұндай бастамалар медициналық қызметтердің аясын кеңейтіп қана қоймай, диагностикалық зерттеулердің қолжетімділігін арттыруға, мекеменің кадрлық және материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Ғасырдан астам тарихы бар Қарғалы ауылындағы аудандық аурухана Тәуелсіздік жылдары уақыт талабына сай жаңарып, даму жолынан өтіп келеді. Жүз жыл бұрын шағын фельдшерлік қосыннан басталған мекеменің бүгінгі тынысы – талай буын медицина қызметкерінің адал еңбегінің жемісі. Алдағы міндет – осы тарихи сабақтастықты сақтай отырып, медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру, заманауи технологияларды тиімді енгізу, білікті мамандар қатарын толықтыру және әрбір тұрғынға сапалы қызмет көрсету. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен жетістік – әдемі көрсеткіштер ғана емес, халықтың дәрігерге деген сенімі мен саулығы. Қарғалы ауруханасының ұжымы осы биік міндетті абыроймен атқарып, ел игілігі жолындағы еңбегін еселей берсін!

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы

↑