Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңірлердің дамуы мен тұрғындардың қажеттіліктерін басты назарда ұстауды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжан, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мақсат Толықбай мен Максим Рожин Іле ауданына арнайы іссапармен келді.
Халық қалаулылары алғашқы кезекте облыстық балалар клиникалық ауруханасында болып, медициналық мекеменің хал-ахуалымен танысты. Аурухананың техникалық жабдықтарын көріп, қызметкерлермен тілдесті. «Денсаулық сақтау ұйымдарындағы мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбы аясында қоғамдық тыңдау өткізді. Басқосу барысында аурухана жұмысына қатысты бірқатар мәселе талқыланды.
Облыстық, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы соңғы жылдары аурухананың жүктемесі артқанын атап өтті. Бұрын 7000 науқасқа қызмет көрсетуге қаржы бөлінсе, қазір жылына 10 000 адам қабылданады. Алайда қаржыландыру көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр, ал салық жүктемесі жыл сайын өсуде. Басқарма басшысы Мәжіліс депутаттарынан осы мәселеге мән беруді сұрады. Одан бөлек, аурухана жетістігіне де тоқталған Алмат Тұрысбекұлы мұнда ерекше ота жасайтын, Алматы облысы бойынша жалғыз балаларға арналған гемодиализ, күйік шалған науқастарды емдейтін бөлімдер бар екенін, білікті мамандардың жұмыс істейтінін айтты. Бірақ бұл істі ары қарай дамытуға материалдық шектеулер үлкен кедергі болып отырғанын жеткізді. Қызметкерлер тарапынан көтерілген басты мәселенің бірі – аурухананың тозығы жеткен инфрақұрылымы мен күрделі жөндеу жайы болды. Бұл жағдай мекеменің жылыту жүйесіндегі олқылықтарға себеп болып, науқастардың наразылығын тудырып отыр.
Медицина қызметкерлерінің назын тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай партия тарапынан бұл мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан соң депутаттар бірнеше жылдан бері аяқталмай келе жатқан Мәдениет үйінің құрылыс алаңына барды. 2022 жылдан бері салыну жоспарланған нысанның іргесі 2024 жылдың аяғында ғана қаланып басталған. Бұл құрылыс алаңына қатысты бітпес дау бар. Жыл сайын ауысып отыратын құрылысқа жауапты мердігер компаниялардың айтар сылтауы да көп. Түптеп келгенде мәдени нысанның құрылысы аяқталмай қалып жатыр.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин нысан құрылысына қатысты бірнеше мәселені алға тартты. Ол – жобаның дұрыс жасалмауы, жер мәселесінің туындауы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жауапты тараптардың салғырттығы. Құрылыс мерзімі созылған сайын жобаның құны өсіп жатқаны тағы бар.
Депутат бұл мәселенің Парламент қабырғасында талқыланғанын, сондай-ақ басқа аудан мен ауылдарда да осыған ұқсас проблемалардың бар екенін айтты. Оның пікірінше, басты мәселе – техникасы жоқ, жұмысшы саны аз компаниялардың тендерді ұтып алуында. Мұндай компаниялар жергілікті жерлерде жұмысты өз күшімен жүргізе алмағандықтан, тек бір-екі жұмысшы жалдайды. Ал олардың техникалық немесе қаржылық мүмкіндіктері жеткіліксіз. Осындай жайтты болдырмау үшін жақында Парламентте «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға жергілікті компанияларға басымдық беру талабын енгізу ұсынылғанын айтты. Депутат бұл тетікті қолдану қажеттігін әкімге де ескерткенін және жергілікті компаниялардың азаматтарды жұмыспен қамту арқылы өңірге жанашырлық танытатынын атап өтті. Максим Рожин Қызылорда облысында бұдан да ауқымды және күрделі нысандардың небәрі 9 айдың ішінде аяқталғанын мысалға келтірді. Ол мұны жергілікті жердегі талапшылдықтың арқасы деп түсіндіріп, тәртіп пен талапты күшейту қажеттігін алға тартты.
Іле аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күмісбайұлы осы лауазымға бір жарым ай бұрын тағайындалғанын, сол уақыттан бері 400 орынды Мәдениет үйінің құрылыс барысының басы-қасында жүргенін тілге тиек етті. Оның мәлімдеуінше, бастапқыда жобаның жалпы құны 1,65 миллиард теңге болған. Алайда жобаның бірнеше рет өзгеріске ұшырауына байланысты құрылыс басқармасы тарапынан облыстық бюджет комиссиясына қайта ұсыныс жіберілген. Айдос Күмісбайұлы, қазіргі таңда облыстық бюджет комиссиясының хаттамасын күтіп отырғанын, соған сәйкес ғимарат құрылысын қатаң бақылауға алып, тезірек аяқталуын қадағалайтынын жеткізді.
Құрылыс бойынша мердігерлермен келісімшарт 2025 жылдың маусым айына дейін жасалған. Осы мерзімде нысан толығымен аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Депутаттар сапар барысында Ащыбұлақ ауылдық округінің орталығы Мұхамеджан Түймебаев ауылында тұрғындармен кездесіп, онда біршама өзекті мәселені талқылады. Халық қалаулылары көтерілген сұрақтардың шешімін табу үшін барлық мүмкіндік қарастырылатынын айтты.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы