Өткен жыл «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Алматы облыстық филиалы үшін жемісті жылдың бірі болды. Филиал жанынан «Алатау жастары» ұйымы мен «Асыл ана» қоғамдық бірлестігі құрылды.
Жыл басында облыстық ардагерлер ұйымының отырысы өтті. Жиынға облыстық ардагерлер ұйымының президиумының 12 мүшесі және Жетісу облысынан Кербұлақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бөкен Рысбеков қатысты.
Президиумның күн тәртібінде бастауыш ұйымдардың рөлін арттыру, ауыспалы «Аялы әже» символын Жетісу облысына ресми түрде тапсыру, «Алатау ардагері» газетіне жазылу мәселелері қаралды. Кербұлақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бөкен Рысбековке «Аялы әже» символы эстафетасы тапсырылды. Барлық аудандық, қалалық ұйымдарда пленум, президиум отырыстарын өткізіп, әрбір мереке күндеріне орай іс-шаралар бекітті.
Шонжы ауылындағы Мәдениет үйінде Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы, соғыс ардагері Алым Кебиров ақсақалдың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Онда ардагер туралы театрландырылған көрініс қойылды. Аудан әкімі Бота Серікқызы ардагерді құттықтап, иығына шапан жауып, демеушілер көмегімен су жаңа көлік мінгізді. «Алматы облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі табыс етілді.
Ақпан айында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай барлық ауданда ардагерлердің қатысуымен ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар ардагерлер ұйымының кезекті отырысы өткізілді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты таныстырылып, бүгінгі күні мемлекетіміздің жеткен жетістігі, әлеуметтік-экономикалық өсу барысы, ішкі және сыртқы саясаты талқыланды.
Алғыс айту күніне орай аудандық, қалалық ардагерлер ұйымының, аналар кеңесінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шаралар өтті. Онда этнос өкілдері қазақ елінің қайырымдылық, мейірімділік қасиеттерін паш етіп, алғыстарын жеткізді.
Қарасай ауданы Ұмтыл ауылдық округінің «Парасат» ансамблі 4-6 наурыз аралығында Қызылорда облысы Шиелі ауданында өткен «Әжелер салған ән қандай!» атты республикалық әжелер ансамбльдерінің байқауына барып, 3-орынға ие болып қайтты.
Сәуір айында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Алматы облыстық филиалы мен «Алатау жастары» ұйымы өкілдерінің қатысуымен «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», «Біз біргеміз!» атты облыстық форум өтті. Форумның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, патриоттыққа баулу, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра – тіліміз бен салт-дәстүрімізді насихаттау.
Қарттарға қамқорлық – халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. Осы орайда Кеген ауданының әкімі 7 ардагердің «Жаркент-Арасан» шипажайына барып, демалып қайтуына ықпал етті.
Жеңістің 79 жылдығына орай Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы барып, Отан соғысының ардагері Федор Ковалевті құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, сыйлығын табыстады. Сонымен қатар Қонаев қаласы мен Қарасай, Іле, Ұйғыр, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарындағы Отан соғысы ардагерлеріне құттықтаулар мен сыйлықтар табысталды.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай әр ауданда Құран бағышталды. Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар аудандық кітапханада «дөңгелек үстел» форматында басқосу өтті.
Райымбек ауданы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2024» және «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі, ардагерлер арасында «Баталы ел көгерер» байқауы, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өткізілді. Байқауға қатысқан батагөй аталар мен өнерлі әжелерге ақшалай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Талғар қалалық Мәдениет үйінде ардагерлер арасында көркемөнерпаздар фестивалі мен салауатты өмір салтын насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Шәмші Қалдаяқов және Әсет Бейсеуовтің әндерін орындаудан «Қос жұлдыз» фестивалі өтті. Өнер сайысына облысқа қарасты 9 аудан мен 1 қаладан 10 команда қатысып, сахнада барлығы 60 қария өнерлерін ортаға салды. Аталмаш іс-шарада қазыналы қарияларымыз ән шырқап, көркем сөз оқып, өз өнерлерін паш етті. Шахмат және дойбы жарысы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Қыркүйек айында Қонаев қаласында ардагерлер ұйымының пленумы өтті. Жиында Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Беспаевты құрметті демалысқа шығарып салу рәсімі өтіп, ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Б.Оралбаев сайланды. Сонымен қатар, пленумда АЭС салу мәселесі мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы талқыланды.
Халықаралық қарттар күніне орай аудан-қалаларда түрлі шара өткізіліп, қарияларға құрмет көрсетілді. Ардагерлеріміздің қоғамдағы орны мен маңызы, өнегелі өмір жолы насихатталды.
Қазан айында барлық ауданда ардагерлер мен аналардың жиыны өтті. Күн тәртібінде «Алатау жастары» ұйымының жұмысы, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігін құру жайы қаралды.
Іле, Жамбыл, Ұйғыр, Кеген, Қарасай, Талғар аудандарында ардагерлердің ұйытқы болуымен нашақорлық, лудомания, діни фанатизм, терроризмнің алдын алуға қатысты іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастарға ішімдік ішу, шылым шегу, есірткі тұтыну сынды зиянды әдеттердің қауіптілігі туралы түсінік берілді. Сонымен қатар, имамдардың қатысуымен «Қоғамға қызмет – ізгі қасиет», «Дін және мәдениет», «Діні беріктің діңгегі бұзылмас», «Дәстүр мен дін» тақырыптарында мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында кездесулер, «дөңгелек үстелдер» өткізілді.
Жылды қорытындылау мақсатында Қонаев қаласында облыстық ардагерлер ұйымының есеп беру жиыны өтті. Аталған іс-шараға қала, аудан, округ бойынша ардагерлер кеңесінің және «Алатау жастары» ұйымдарының төрағалары, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымдары қатысты. Онда ардагерлердің атқарып жатқан жұмысы сараланды. Жиын соңында жыл бойы жемісті еңбек еткен «Асыл ана» қоғамдық бірлестігі мен ардагерлер ұйымдарының төрағалары марапатталды.
Желтоқсан айында «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жандандыру жөнінде семинар өтті. Онда бірқатар мәселе талқыланып, аудандық, қалалық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымдарына тапсырмалар берілді.
Ерболат Тұрымбетов,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Алматы облыстық филиалының төрағасы