Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату, оны құрметтеу – әр азаматтың парызы. Қазақстандықтардың парасат пайымы, іскерлік қабілеті, отансүйгіштік асқақ сезімі тіл арқылы өріліп, биік тұғырдан көрініп келеді. Мемлекеттік тілдің ауқымын кеңейту аясында елімізде қажырлы жұмыс атқарылуда. Өңірімізде де аталмыш сала айрықша серпін алып, түрлі жобалар іске асуда. Бұл ретте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының атқарып жатқан қызметі зор.
Өткен жылы салаға жауапты мамандар тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген жұмыс атқарды. Облыс аумағында қазақ тілінің құнын арттыратын билбордтар қойылды. Қонаев қаласы Сейфуллин көшесінің бойына «Қазақтың тілі – қазақтың жаны», Қонаев пен Қойшыманов көшелерінің қиылысына «Кәсіпкер! Кәсібіңді мемлекеттік тілде жарнамала», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», Алматинская көшесі мен Қойшыманов көшесінің қиылысына «Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», Индустриальная мен Сейфуллин көшелері қиылысына «Тіл – дүние тірегі! Тіл – қазақтың жүрегі!» деген қастерлі сөздер жазылып, халықтың назарын аударатын ауқымды жарнамалар ілінді.
Қала аумағында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында сала мамандары Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебековпен кеңесіп, мемлекеттік тілге қатысты бірталай мәселе шешімін тапты. Әсіресе ірі тұлғалардың өмірбаяны мен цитаттарын екі тілде шығарып, орналастыру мәселесі талқыланып, нәтижесінде Қонаев қаласының орталық алаңындағы ЛЭД экраннан тарихи тұлғалар туралы бейнебаян көрсетіліп тұр.
Салаға жауапты мамандар келесі жұмысын қазақ тілінің қолданыс аясын тұншықтырған жайттармен күресуге жұмсады. Осы орайда қаңтар айында облыстық экология департаментінің есеп беру жиналысы бастан-аяқ орыс тілінде өткендігі туралы жиынға қатысушылардан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» Алматы облыстық филиалының Call Сentr телефонына түскен шағым бойынша департамент басшысы Қонысбек Байеділовке 2024 жылдың 5 ақпанында №3 хат жіберіліп, сол хат бойынша талдау, түсініктеме жұмыстары жүргізілді. Заң талаптарына сай жұмыс жасау керектігі ескертілді. Алатау қаласы әкімдігіне де көрнекіліктегі қателер бойынша ескерту жасалып, ҚР «Тіл туралы» Заңынан түсініктеме берілген.
Тіл жанашырлары көрнекіліктермен де көптеген жұмыс жүргізген. Қонаев қаласы мен Іле ауданының тамақтану орындарында түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ҚР «Тіл туралы» Заңының баптары жазылған жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, қоғамдық бірлестік өкілдері облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірігіп, Қонаев қаласының орталық көшесінде орналасқан билбордтар мен ірі сауда үйлерінде мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылмау жайттарын анықтап, қате жазуларды түзету жұмысын жүргізген. Нәтижесінде 1-шағынауданда орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жазу, Жамбыл көшесі «Любимый» ойыншықтар дүкенінде тек орыс тілінде жазылған тақтайша, Жамбыл көшесіндегі «Интернет дома», ет өнімдері дүкені, «Көтерме сауда» дүкені мен «Ветеринарлық клиника», 3-шағынаудандағы «Дрескод» киім-кешек дүкені, «Мейірім» емшара кабинеті, «SAPERAVI», «BAVARIA» кафелеріндегі өрескел қателер түзетілген. Мемлекеттік тілге менсінбеушілік танытқандардың қатары мұнымен тоқтамай, Қойшыманов көшесі, 37/1 мекенжайда «Продажа и замена масел» көлікке арналған май дүкені, 4-шағынауданындағы «Арзан» дүкеніне де зерделеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылды. Тіл жанашырларын бір ғана қалада орналасқан 100-ден аса мекемедегі олқылықтар қатты қапаландырған. Сол себепті де «Тіл туралы» Заңның талаптарын сақтамағандарға қатаң сөгіс беріліп, тез арада қалыпқа келтіру қажеттігі ескертілген. Келіспеген жағдайда айтарлықтай ауыр шаралар қабылданатыны айтылған. Сонда да облыс орталығындағы қазақша жазудағы олқылықтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауын қоймаған. Жамбыл көшесіндегі қонақүй, қалалық монша, 3-шағынаудандағы киім-кешек дүкеніндегі кемшіліктер бойынша да жұмыс жүргізілген. Тіл жанашырлары қала маңындағы жарнамалар мен шақыру қағаздарының да олқылықтарын жойып, кейбірін тіпті алдырып тастаған. Қазақ тілі қоғамы облыстық филиалы Қонаев қаласы бойынша жалпы саны 140 нысаннан қателік тауып, оның 105-ін жөнге келтірген. Қалғандарына арнайы уақыт беріп, олқылықтың орнын толтыру тапсырылған. Дегенмен кемшілікті түзету мерзімдері белгіленсе де, өз кінәсін мойындауға асыға қоймайтындар туралы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға 2024 жылдың 11 қазанында №35 шығыс хатпен шағым берілген екен.
Міне, осылайша мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды күн тәртібінен түсірмей, қазақ тілі тірегіміз екенін ұрандап, ауқымды жұмыс атқарған тіл жанашырларының ел дамуына қосқан үлесі елеулі. Алдағы уақытта да атқарылар жұмыс ауқымды. Ұлттық тілдің шұбарланбауына тек тіл мамандары емес, барша қазақстандықтар мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана ұлттың күретамырына айналған тілімізді тұғырлы етеріміз анық.
Құралбек СӘБИТОВ