Қарғалы ауылы сонау жылдары үш мың адам еңбек еткен шұға комбинатымен танылғаны баршаға мәлім. Көпұлтты ұжымдағы халықтың еңбекке деген құлшынысы ерекше еді. Мыңдаған тоқымашының денсаулығын қырағылықпен күзеткен ауруханадан Еңбек Ері Ысқақ Әлібеков шыққан. Қолы шипалы азаматтың ісін бүгінгі жастар жалғастыруда. Қарғалы ауылындағы Жамбыл аудандық ауруханасын бас дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Дархан Сыбанбаев басқарса, қазір әріптесінің орнына білікті хирург Асқар Қалиев келді. Іскер, білімді азаматтар аталған аурухана жұмысына жаңашылдық енгізді.
Қарғалы ауруханасына осы ауылдағы қырық мың халықпен қоса, Үмбетәлі, Қасымбек елдімекендерінің тұрғындары қарайды. Демек, қойылатын талап пен талғам да жоғары. Әсіресе қыс, көктем айларында түрлі аурумен есепте тұрғандардың денсаулығы сыр береді, нашарлайды. Олар терапия бөліміне келіп қаралатыны анық. Емделушілерге осы бөлімнің басшысы, терапевт-дәрігер Нәзира Алланазарова мен кардиолог Әйгерім Сатыбалдиева көмек қолын созатынын көріп жүрміз. Өйткені терапия ішкі ағза аурулары мен олардың себептері, даму барысын анықтайды. Және олардың алдын алып, сақтану әдістерін зерттеп, ем-шара жасауды жолға қояды. Бөлімше аурухана ғимаратының үшінші қабатында. Бөлімдегі қызметкерлер жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдары, асқазан-ішек жолдары, бүйрек, жүкті әйелдердің сырқаттарын, жүйке жүйесі, эндокриндік ауруларды емдейді және оларды ерекше бақылауда ұстайды. Мұндағы төсек қоры 35 болса, енді оны көбейту мәселесі қолға алынуда. Өйткені аурухана ғимараты бүгінгі талапқа толық жауап бере алмайды. Жаңасы салынса деген халықтың талап-тілегі де бар. Десе де терапия бөлімінде жылына орта есеппен мыңнан астам науқас емделеді.
Ауруды асқындырмай емдеу пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартатыны анық. Жол болып, осында ем алып, сауығып шыққан Тоқсабай Райымовпен кездесудің сәті түсті. «Қарағанды қаласынан қызым мен күйеу баламның үйіне келген едім. Әдеттегідей қан қысымым көтеріліп, «Жедел жәрдеммен» осыннан бір-ақ шықтым. Шынымды айтсам, мұндағы дәрігер Нәзира мен Әйгерімнің адамға деген ерекше қамқорлығы, жан-жақты кәсіби білімдері менің көңілімнен шықты. Ем алғаныма бір аптадан асты. Аурудың бетін қайтару оңай емес. Мұндағы палаталардағы тазалықтың өзі адам көңілін көтереді. Тазалықшы Айгүл Бекмұратова, Нұржамал Қанбаева, тағы басқа қыздардың еңбегіне тек алғыс айтамыз. Ал медбикелер Гүлмира Кірғабақова, Гүлжанат Қосалықова, Қалияш Ізтілеуова, Мақпал Жәпекова, тағы басқалары дәрігердің берген нұсқауларын мінсіз орындайды. Асхана қызметкері Екатерина ана тіліміздің майын тамызып, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарайды», – деді ол. «Қасындағы күйеубаласы Ерхан Жаңабергенов те атасының сөзін қостап, аурухана ұжымына алғысын айтты.
Алыстан ат арылтып келген қызылордалық Бақдәулет Нұржановтың да терапия бөліміне деген ықыласы мен алғысы ерекше. Ауруханадағы жүйелі жұмысқа Бегайым Әлсейітова мен Айман Әкімбаеваның да ризашылығы шексіз. «Бас дәрігер Асқар Қалиев пен бас дәрігердің емдеу-профилактикалық іс жөніндегі орынбасары Айжан Сейітбаева күн сайын әр бөлімді аралап, емдеушілердің жағдайын біліп, ем-шараға байланысты пікір қосады. Мұндай жауапкершілік бар жерде, әрине, емделушілер риза. Өйткені денсаулық болса ғана өмірдегі бар қиындықты жеңесің. Айжанның дәрігер ретінде аяғы ауыр келіншектерге деген қамқорлығы тіпті ерекше. Бұл дәрігердің ана мен бала өміріне деген жауапкершілігін көрсетеді. Осындай ақ халатты абзал жан деп айтуға лайық, кәсібіне адал жандар көп болса», – дейді олар.
Иә, қандай мамандық болсын өзінің ерекшелігі бар. Дәрігер мамандығы солардың арасындағы халыққа ең қажеттісі! Осы мамандықты таңдағандарға тағы бір қажет дүние жылы жүрек, сабыр мен төзімділік екені даусыз. Қарғалылық дәрігерлер емделушілерден алғыс алып, ең биік марапат «Рақмет» деген бірауыз сөз айтса, сол жеткілікті екенін жеткізді. Иә, бұдан асқан алғыс бар ма?! Халқымыздың «Жақсы сөз жан сүйсіндірер» деген тәмсілі осындайда айтылса керек. Сөз соңында келгендерді сүйсіндірген дәрігерлердің еңбегі жана берсін демекпін.
Дарина ӘЛІБЕКОВА
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы