«Alqa Publishing» баспасы тағайындаған «Алқа» грантының иегерлері, жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Жүректің көз жасы» және қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызының «Айбибі» атты кітаптары жарық көрді. Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өткен әдеби кешке танымал ақын-жазушылар, сыншылар мен қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары жиналып, зал оқырманға лық толды.
Рухани шараның шымылдығын ашқан «Аlqa Publishing» баспасының бас редакторы Баян Хасанова алдымен «Алқа» гранты жайында айтып өтіп, әйел тақырыбына арналған жобаның мән-жайын тарқатты. Баспаға бас-аяғы 20 шығарма келіп түскенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– Белгілі әдебиеттанушы, ғалым, қаламгерлерден құралған сарапшылар тобы байқауға келіп түскен повестердің бірін қалдырмай оқып шықты. Бір ескеретіні, қазылар алқасы авторын білген жоқ. Себебі ұйымдастырушылар шығарманың әділетті бағалануына айрықша мән берді, – деп атап өтті.
Бас редактор үздік деп танылған қос шығарманың авторларын құттықтап, екеуі де өмірден алынған оқиғалармен өріліп, әйелдің тағдыр тауқыметі баяндалған туынды екенін жеткізді. Аталмыш байқаудың жыл сайын өткізілетінін айтты. Сондай-ақ болашақта жобада жеңімпаз атанған туындылардың басқа тілдерге аудару мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.
Келесі болып сахнаға көтерілген аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, әдебиеттанушы, сыншы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Гүлмира Сәулембек, ақын, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу әйел тағдырын шынайы суреттеген қос кітап жайлы сыр шертті.
– Біз осы жоба аясында әйел тағдырын арқау еткен көптеген шығарманы оқыдық. Аталған жоба осынау өзекті мәселені көтеріп отыр. Байқау өте әділетті өтті. Сынға түскен шығармалардың төртеуін іріктеп алдық, оның ішінен екеуі оза шауып жүлде алды. Болды, міне, нүктесін қойдық деген кезде бізге авторлардың есімін айтты. Осындай жобалар көбірек болса екен, – деді Гүлмира Сәулембек.
Ақын Айнұр Төлеу әйел тақырыбына қатысты идеяларды үнемі қолдап жүретін баспаға алғысын жеткізіп, гендерлік тақырып жайында өз ойын ортаға салды.
Оқырмандар тағатсыз күткен сәтке де кезек келіп, «Айбибі» кітабының лентасын қию үшін «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметова мен белгілі қаламгер Әмірхан Меңдеке, «Жүректің көз жасы» повесінің тұсауын кесуге қаламгердің ағасы Бағдарлы Оразбеков пен жазушы Сәкен Сыбанбай сахнаға көтерілді. Қуанышты сәтте сөз алған Қанағат Әбілқайыр тақырыптың өзектілігін сезінгені соншалық, туындыны айналасы 1-2 аптада жазып шыққанын тілге тиек етті. Повесте негізінен зорлық-зомбылық баяндалатынын айтып, әйелдің жан дүниесін қолдан келгенше зерттегенін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы да баспа ұйымдастырған байқауға қалай қатысқанын әңгімелеп, жеңімпаз атану арқылы алғашқы кітабының өмірге келгендігін айтты.
Әдеби кеш әсерлі әуенге ұласып, қаламгерлерді қолдап келген өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.
Құралбек СӘБИТОВ