Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, Физули және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденінің иегері, ақын Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Поэзияның сайыпқыраны» атты еске алу кеші өтті.
Шараға Тұманбай ағамыздың аяулы жары Күлтай апа, қызы Жазира шақырылды. Кеште Тұманбай Молдағалиевпен бірге қызметтес, замандас болған достары, қаламгерлер Болат Үсенбаев, Еркін Нұразхан, Заманбек Әбдешев, қоғам қайраткері, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, жазушы Жанар Әбдішова сынды құрметті қонақтар болды. Кеш қонақтары Тұманбай ағамыз туралы қызықты оқиғаларын, естеліктерін ортаға салды, ақынға арналған арнау өлеңдерін оқыды. Күлтай апамыз бен қызы Жазира ханымға жылы лебіздерін білдірді. Кітапхана қорына Күлтай апамыз Тұманбай Молдағалиевтің кітаптарын тарту етті.
Тұманбай Молдағалиев еңбек жолын 1956-71 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастаған. 1959-1970 жылдар аралығында «Пионер» журналында еңбек еткен. Тұманбай Молдағалиев балаларға арнап бірнеше кітап жазған. Бүлдіршіндерге арналған ең алғашқы «Қызыл-жасыл көбелек» атты жинағы 1957 жылы жарық көрген. 1970-1973 жылдар аралығында «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. 1973 жылдан «Жазушы» баспасы жанындағы балалар мен жастар әдебиеті редакциясында, «Жалында» басшылық қызмет атқарды.
Көрнекті ақын жырларының өн бойынан мейірім, шапағат, жақсылық, адамгершілік, азаматтық, күрескерлік, ата-баба рухына тағзым, атамекенге деген сүйіспеншілік сияқты ұғымдар менмұндалайды. Ол көптеген сыршыл әннің авторы ретінде де елге кеңінен танымал. Бірде ақын белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің қалын сұрап, үйіне барады. Сазгердің ауырып отырғанын көрген ақын «Қай жерің ауырады?» деп сұрайды. Ол сауалына «Жүрегім ауырады» деген жауап алады. Сол сәтте ақын:
«Қайран менің жүрегім,
жас жүрегім,
Көктем едің, бір кезде тасқын едің.
Жастық дәурен жалтақтап
қарайлайсың,
Сені ойласам, ұйқым да қашты менің», – деп өлең жолдарын жазып қалдырады. Қарап отырсақ, «Қайран менің жүрегім» әнінің туу тарихы осылай басталған деседі. Сонымен қатар оның «Құстар қайтып барады», «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Ертіс вальсі» атты әндерге жазылған өлеңдері де халық арасында кеңінен таралған шоқтығы биік туындылар. Лирикалық өлеңдермен қатар ол балалар әдебиетін де назардан тыс қалдырған жоқ. Көзі тірісінде қазақ әдебиетінің классигі атанған Тұманбай Молдағалиев қазақ эстрада әншілерінің орындауындағы шығармалардың басым көпшілігіне сөз жазған еді. Ақын бір естелігінде: «Жалпы, ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Осындай әнім бар еді, сөз жазып беріңізші деп, алдыма келген адамның барлығын ренжітпеуге тырысамын», – деген екен. Ақынның қаламынан туған өлеңдер Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев сияқты аты аңызға айналған композиторлардың әуендерімен үндесіп, мәңгілік өшпес туындыға айналды. Нұрғиса Тілендиев ақынның «Құстар қайтып барады» өлеңі туралы былай деп пікір білдірген екен: «Сенің өлеңдеріңе әлі талай ән жазармын. Бірақ дәл мынадай ән енді шықпайды. Мені ақырғы сапарыма осы «Құстар қайтып барады» әнімен шығарыңдар». Нұрғиса ағамыз өмірден өткенде өзінің өсиетімен Жамбыл атасының қасына қойылды. Халық осы өлеңмен соңғы сапарына шығарып салды.
Тұманбай жырлары – тұнған қазына. Біз ақынның жырларымен сусындап, одан рухани күш-қуат аларымыз сөзсіз. Ақын жыры халқының жадында мәңгілік жасай бермек.
Гаухар ОРАЗЫМБЕТОВА,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының
бөлім меңгерушісі