«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Тауып айтылған сөз. Десе де, кейде осы сөзді санаға сіңірмей, өзге елді аңсаймыз. Қолымызға қарға саңғыса, шетел асамыз. Саяхаттап, барымызды басқа мемлекетке шашамыз. Көк тіреген таулары бар, көк-жасыл орман-тоғайы бар, асу-асу белдері бар, аққулы көлдері бар, тулаған толқынды теңіздері бар туған жеріміздің байлығын көзге ілмей жатамыз. Әрине, ешкімнің талғамына қарсы келе алмаймыз. Дегенмен ең әуелі ұрпағыңа өз еліңнің тағылымды тарихын танытып, иесі мен киесі турасында сыр шертіп, өткенін ұғындыру – ұлттық рухтың дәнегін еккенмен тең. Ал бізде шетелді он орайтын жер жауһары жетерлік. Солардың бірі де бірегейі – Шарын шатқалы.
Алатау жақұты
Шарын шатқалы, ерен тоғайы, қамалдар аңғары, мыңжылдық қорғандар. Бәрі де – табиғаттың тартуы. Кең даланың төсінде адам баласының қолынан келмейтін осындай табиғат мүсінінің қалыптасуы шынымен таңғаларлық. Құдды бір ертегі әлеміне еніп кеткендей боласың. Мұндағы сұлулықты тілмен жеткізу мүмкін емес-ау, сірә? Дәл осы байлықты сақтап қалу үшін, оны болашақ ұрпаққа аманаттау үшін осыдан 21 жыл бұрын «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды.
Баршаға аян, дәл мұндай шатқал тек Жер шарының келесі бір бөлігінде, яғни Американың Колорадо штатында ғана бар. Ондағы каньондар аумағы жағынан бізден үлкен. Бірақ мамандар Шарын шатқалының қызғылт топырағы, кескіндері, құз-жартастары Колорадо каньонынан артық деседі. Сонымен қатар осы парк аумағында Ерен тоғайы бар. Деректерге сүйенсек, ол – неоген кезеңінен сақталып қалған табиғаттың таңғажайып сыйы. Соғды ерені немесе шағаны – Қазақстаннан басқа тек АҚШ-тың Невада штатындағы Гранд шатқалында өсетін, жойылып бара жатқан, аса ыждаһаттылықпен қорғауды қажет ететін түрі. Шарын ерен тоғайы 1964 жылы 19 наурызда Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №447-Р қаулысымен ұйымдастырылған. Табиғат ескерткіші 5014 га жерді алып жатыр, оның ішінде ағашпен шектелген алаң – 2315 га, тек ерен ағашты алқап – 1015 га. Міне, осындай табиғат байлығы сақталған, күтіп-бапталған аумақты неліктен еліміздегі туризмнің басты күретамыры демеске?!
«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ҚР Үкіметінің 23 ақпан 2004 жылғы №213 бұйрығымен 93 150 га жерге Алматы облысында экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатымен ұйымдастырылған болатын. 2009 жылы парк кеңейтіліп, аумағы 127 050 гектар болды. Бүгінгі күні мұнда 30,5 шақырымды құрайтын 4 туристік бағыт бар.
Бірінші бағыт – Шарын ерен саяжайы. Ерен тоғайында 7 адамның құшағы әрең жететін, алып «Ақсақал ағашы» бар. Саф ауасы көңіліңді сергітіп, жаныңа тыныштық сыйлайды. Құлағыңа жететін түрлі құстардың дауысы мен сарқырап аққан Шарын өзенінің арнасы ғажайып мекеннің сұлулығына елітіп-ақ әкетеді. Мұнда туристерді қабылдауға барлық мүмкіндік жасалған. Сыйымдылығы 20 орынды 3 коттедж, 100 орынды жаздық отыру алаңы, қазақ үй формасындағы демалыс орны, 1 асхана бар.
Екінші бағыт – «Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары» ландшафты-палеонтологиялық табиғат ескерткіші. Дәл осы бағытқа дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келушілер саны жыл сайын артуда. Туристер осындағы қамалдар мен пирамидалардың, мұнаралар мен мүсіндердің тамаша көріністеріне назар аударады. Көктем мезгілінде бұл аумақ хош иісі аңқыған жусан мен жайқалған әсем гүлдерге толады. Колпаковский қызғалдағын, күнгей қауын мен тікенжапырақ жуасын көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар Қазақстанның «Қызыл қітабына» енген дала бүркітін, қарақұйрықты кездестіруге болады. Мұндағы құздардың биіктігі 370 метрге дейін жетеді.
Үшінші бағыт – бейіттер мен қорғандар. Қазақстанның ортағасырлық тарихына, өлкенің өткеніне қызығатын туристер мұнда көп келеді. Маршрут бойында 108 бейіт пен қорғандар кездеседі. Диаметрі – 3-16 м, биіктігі 0,1-1,2 м болатын қорғандар таспен және топырақпен көмкерілген. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында 17 қорған қазылған.
Төртінші бағыт – Темірлік кіші шатқалы. Шарын өзенінің жағасында, Бестамақ тауларының маңында орналасқан кіші шатқал теңіз деңгейінен 1059 метр биіктікте жатыр. Құздардың биіктігі 375 метрге дейін жетеді, ал ені 100 метрден 500 метрге дейін. Шатқал вулкан атқылауынан шыққан лавалардан түзілген.
Дәл осындай табиғат байлығы біздің елде ғана бар. Мұндай қазынаны әлемді жеті айналсаң да, таппайсың. Жаратқанның өзі осы мекенге нұрын төгіп, бар байлықты төге салғандай. Ғасырдан ғасырға қазаққа аманат болып қалған өлкенің тұма тарихы – сіз бен біздің жақұтымыз. Бір қызығы, дәл осындай туристік мекенді көруге елімізден емес, шетелден қонақтар көптеп ағылып жатады. Алғашқы парк құрылған жылы небәрі 635 турист келсе, қазіргі таңда 124265 адамға артқан. Яғни бұл сандар паркте туризм әлеуетінің артқанын көрсетеді.
Осыған орай парк аумағында туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыстар жалғасып жатыр. 2023 жылдың 22 наурызында «Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары» туристік бағытында «Sharyn» визит-орталығы ашылып, бүгінгі күнде келушілерге сапалы қызмет көрсетуде. Туристер нұсқаушы-экскурсовод, шатқалдың жоғарғы бөлігіндегі гольф-кар қызметтерін пайдалануда. Мұнан басқа да жайлы демалыс алу үшін жолдар жасалып, туристік орындар үнемі тазаланып, абаттандырылуда.
Табиғат байлығы – баға жетпес құндылық
Парк аумағы тек туризмнің ғана ортасы емес, мұнда аң-құстардың, жәндіктердің, өсімдіктердің де неше түрі бар. Тіпті өте сирек кездесетін, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген тіршілік иелері де осы аумақты мекен етеді.
Атап айтсақ, паркте 34 түрлі сүтқоректі, бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі, амфибияның 4 түрі және 100-ден аса құс түрі мекендейді. Флора мен фаунаға да өте бай. 1000-ға тарта жоғары сатыдағы өсімдік пен омыртқалы жануарлардың 194 түрі тіршілік етеді, олардың 27 түрі «Қызыл кітапқа» енген, ал өсімдіктердің 50-ден аса түрі сирек кездесетін және эндемикалық түр деп есептеледі. Тұяқтылардың маңызды отрядтарының 4 түрі бар: қабан, сібір елігі, сібір тау ешкісі, қарақұйрық. Жыртқыш аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, дала күзені, аққалақ, шұбар күзен, борсық кездессе, кемірушілердің 19 түрі бар. Ал жарғанаттардың 5 түрі осы жерде мекендейді.
«Шарын» ұлттық паркінің қызметкерлері негізінен 4 нысанды қорғауға алған. Олардың бірі – Үлкен Бұғыты учаскесі. Бұл аумақта молидемит, шелит, перит, халькопирит сынды минералдарды, қарақұйрықтардың, текелердің жайылымдарын кеңейту, сексеуілді, 61 түрлі сирек кездесетін өсімдіктерді қорғауды мақсат еткен. Ал Қызыл қарасай учаскесінде қарақұйрық, сирек кездесетін құстар (дуадақ, бүркіт, ителгі), тек Қазақстанда ғана өсетін бұта-ағаштектес сораң, сирек кездесетін өсімдіктердің 11 түрі өседі. Сонымен қатар қорғалатын аумаққа Шарын шатқалы мен Ерен тоғайы да енген.
Парк директоры Гүлмира Нұрәліқызының айтуынша, мұндағы қызметкерлердің өлшеусіз еңбегі мен тынымсыз жұмысы нәтижесінде жан-жануарлар мен өсімдіктер жойылып кетуден сақталып отыр. Паркте 20 инспектор кірпік қақпай, күні-түні кезекшілікте болып, рейдтік жұмыстарды жүргізеді. Парк құрылған жылдан бастап заңсыз аң аулау бойынша 8 қылмыстық іс ашылып, оның үшеуі сотқа жіберілген. 2016 жылы Темірлік аумағында 6 бас қарақұйрықпен заңсыз аң аулаушылар ұсталып, 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал 2019 жылы 9 млн 90 мың теңге айыппұл салынып, өндіріліп, айғақ заттар толығымен тәркіленген екен. Мұнан басқа да ірілі-ұсақты заңбұзушылықтардың алдын алып отырған инспекторлардың еңбегі шынымен де ерен. Сонымен қатар мекемеде ұйымдастыру, өсімдіктер дүниесін қорғау және молайту, жануарлар дүниесін қорғау және молайту, ғылым және экологиялық ағарту және туризм бөлімдері жұмыс істейді. Олардың мақсат-мүддесі де әртүрлі.
Қоршаған ортаны қорғау – парыз
Табиғат – байлығымыз, барымыз, қазынамыз. Табиғат аман болса, адамзат та аман. Табиғатсыз адамның күні жоқ. Иә, дәл солай. Бұл – біздің әрқайсымыздың көкірегімізде сайрайтын сөздер. Бірақ іске келгенде әлсізбіз. Табиғатты қорғауға құлықсызбыз. Қарапайым ғана қолымыздағы қоқысты көшеге, далаға лақтырып кете береміз. Осыдан біраз уақыт бұрын Шарын шатқалына отбасымызбен бірге демалысқа бардық. Алдымыздан шыққан шетелдік туристің бірі қолындағы темекісін сөндіріп, қалтасына салып жатқанын байқап қалдым. Елімізге келген қонақ Германияның азаматы екен. Бұл әрекетін ол тазалық сақтау мақсатында, табиғатты ластамауы үшін жасағанын түсіндірді. «Біздің елде әрбір азамат осылай әрекет етеді. Табиғатты қорғау арқылы патриоттығымызды көрсетеміз» деген жауап алдым. Таңғалдым әрі қуандым. Ол тек өз елін ғана емес, дүниенің қай түкпіріне барса да, табиғат үшін адамзаттың жауапты екенін жан-тәнімен ұғынып отыр. Алғысымызды айтып, ары қарай жолға шықтық.
Алдымызда отбасымен келе жатқан егде тартқан азаматтың қолындағы босаған бөтелкесін жолдың шетіне лақтыра салғанын көрдім. Неміс азаматымен әңгімеден кейінгі көңілімді мына әрекет су сепкендей басты. «Мұныңыз не?» – дедім қарап тұрмай. «Тазалайтын адамдары бар ғой», – деді де, кете берді. Ызаға булықтым. Түйірдей ғана темекі тұқылын тастамай, қалтасына салған шетелдік азамат пен бөтелкені лақтырған жерлесіміздің ісін салыстырдым. Бірі – жиіркенішті, ал екіншісі – үлгі етерліктей. Біз өз жерімізді, өз Отанымызды сүймесек, оның әрбір тасы мен талын аялай білмесек, адамдығымыз қайда?
Иә, парк қызметкерлері жыл бойы тазалық жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен мыңдаған гектар аумақты оншақты қызметкердің қоқыстан арылтуы оңай емес. Сондықтан мектеп оқушылары мен жастардың өз жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншілігі артсын, ертең оларға осы жайттар сабақ болсын деген мақсатта түрлі шаралар ұйымдастырып, акциялар өткізеді. Сондай акциялардың бірі – «Парктер шеруі». Былтыр акцияға қатысушылардың саны 5037 адамға жетті. Мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзекті мәселелеріне атқарушы органдардың, БАҚ, бизнес өкілдерінің, тұрғындардың назарын аудару, қорық аумақтарын дамыту мен сақтауға қолдау көрсету, табиғатқа тұрғындардың оң көзқарасын қалыптастыру.
«Шарын» МҰТП-да жалпы аумағы 3,0 га жерді құрайтын уақытша орман тәлімбағы да бар. Мұнда жапырақты декоративтік ағаш-бұталы өсімдіктердің неше түрі кездеседі. Атап айтсақ, бозарша, терек, тал, жаңғақ, ақ қайың, шырша, қарағай, алма, өрік. Олар сеппе және көшет арқылы отырғызылған. Тәлімбақтағы көшеттер аудандағы мекемелерге, мектептерге беріледі. Парк қызметкерлері мектеп аулаларына оқушылармен бірлесе көшет отырғызып, оларды күтіп-баптау жайында кеңестер де береді. Үй ауласына отырғызамын деген аудан тұрғындары да көшеттерді ақылы түрде ала алады. Бұл – табиғатқа деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.
Түйін:
100 мың гектардан астам аумақты бақылауға алып, табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, демалушыларға жайлы жағдай жасап, мұндағы түрлі жан-жануарлар мен өсімдіктер түріне зерттеу, зерделеу жүргізіп, жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істеп жатқан «Шарын» ұлттық паркінің алға қойған мақсаты да орасан. 2024-2043 жылдарға арналған парктегі туризмді дамытуға арналған Жол картасы жасалған. Соның негізінде туристік маршруттарды абаттандыру және жарақтандыру жұмыстарын одан ары жандандырмақшы. Игі істер жүзеге асса, Шарын аумағында туризм қарқын алатыны анық. Басты мақсат – табиғат байлығын сақтау, оны ұрпаққа аманат ету, келешекке келісті келбетін қалдыру.
Анар Дүйсенбайқызы