Алматы облысы еліміздегі кейінгі жылдары туризмі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі саналады. Өңірдегі туризмнің жай-күйі, келешегі туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Маратұлымен аз-кем әңгімелестік.
-Алматы облысында 2024 жылы туризм саласында қандай нәтижелер мен жетістіктер тіркелді?
-Алматы облысы – Қазақстанның ең көрікті және туристік әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Өңірдің бай табиғаты, тарихи-мәдени мұралары және заманауи инфрақұрылымы жыл сайын көптеген туристерді тартады. Оған дәлел ретінде туризм саласындағы оң өзгерістерді атап өтуге болады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облысқа 1,9 миллион турист келіп, 2023 жылмен салыстырғанда 27%-ға өсу қарқынын көрсетті. Облыстағы табиғи қазыналар тек қазақстандық туристерді ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларды да қызықтыруда. Өңіріміздің туристік әлеуетін халықаралық аренада ілгерілету бағытындағы жұмыстарға ден қойылуда. Туризмді ілгерілету конференцияларға, халықаралық туристік көрмелерге және бизнес-іс-шараларға қатысу, B2B кездесулер, шетелдік БАҚ пен блогерлерге баспасөз турларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. 2024 жылы түрлі елдерден туристерді жинаған Жамбыл ауданында Іле өзені бойында жыл сайынғы «Тэнгри Ультра» Ұлы дала марафоны, Орталық Азияның 5000-нан астам кәсіпкерлерін біріктірген ірі оқиға «Samal» фестивалі, «Ой-Қарағай» тау курортында «Race Nation Kazakhstan 2024» халықаралық жарысын өткізуге көмек көрсетіліп, Әзірбайжан, Таиланд, Малайзия, Қытай,Түркия, Франция және Германиядан келген блогерлер мен медиа тұлғаларға облыстың көрікті локацияларына ақпараттық турлар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, туристік индустрияның ауқымды іс-шаралары болып саналатын Ташкенттегі «Жібек жолындағы Туризм» және Қытайдағы «COTTM» (China outbound Travel & tourism Market) халықаралық туристік көрмелерінде облыс әлеуеті таныстырылды. Ташкент қаласында өткен «Жібек жолындағы Туризм» туристік көрмесіне қатысу қорытындысы бойынша Алматы облысының стенді «Ең қонақжай стенд» номинациясына ие болды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы шетелден келген туристер саны айтарлықтай артқанын атап өту қажет. Шетелдік туристерді тіркейтін «eQonaq» жүйесінің мәліметіне сәйкес, облысқа 134 775 шетелдік турист саяхаттап келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 60%-ға көп.
Өткен жылғы жетістіктер Алматы облысының Қазақстанның басты туристік орталықтарының бірі ретінде мәртебесін нығайта түсуде.
-Алматы облысындағы қай жерлердің танымалдығы артып келеді?
– Алматы облысындағы туристердің негізгі ағыны ұлттық табиғи парктерде шоғырланған. Облыс аумағындағы 3 ұлттық парк республикалық деңгейдегі туристік аумақтардың тізімінде. «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау», «Шарын шатқалы» ұлттық парктерін жалпы алғанда, 2024 жылы келген туристер саны 1 343 308 адамды құрады. Ұлттық парктерде жалпы 59 туристік маршрут бар.
Бұл туристік локациялардың тартымдылығын арттыру мақсатында 2023 жылдан бері инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдары бірқатар жұмыстар «Көлсай көлдері» ұлттық парк аумағында жүргізілсе, осы жылы «Іле-Алатау» ұлттық паркі аумағында орналасқан туристік орындарда жұмсақ инфрақұрылымды ұйымдастыру бойынша шаралар атқару жоспарлануда. Атап айтқанда, Ассы үстірті, Қайрақ,Аюлы сарқырамалары және Түрген,Қаскелең шатқалдарында.
Жұмыстардың негізгі мақсаты туристердің туристік-рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін жеңілдету және олардың таныс емес жерлерде ыңғайлы жүруіне мүмкіндік жасау.
-Болашақта қандай өзгерістер мен даму бағыттарын күтуге болады?
– Алматы облысының таулы аймақтары Алматы қаласының таулы курорттарымен ұштаса отырып, бірыңғай халықаралық тау шаңғысы бағыты болудың жоғары әлеуетіне ие. Себебі, Алматы тау кластері – тау шаңғысы туризмі мен экотуризм орталығы және сөзсіз туристік ағындардың өсуінің негізгі драйвері болып табылады. Статистикалық көрсеткіштер бойынша облыстағы орналастыру орындарының 50% Алматы тау кластері аймақтарында орналасқан. Қазіргі таңда, уәкілетті органдармен бірлесе Алматы тау кластерін Түргеннен Қаскеленге дейін дамытудың мастер-жоспары әзірленді. Таулы туристік кластерді дамыту үшін мастер-жоспарды әзірлеу және іске асыру — бұл туристер, инвесторлар және жергілікті тұрғындар үшін өңірдің тартымдылығын едәуір арттыра алатын күрделі, бірақ перспективалы жоба болып табылады.
Сондай-ақ, белсенді және мәдени демалысқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын ескерсек, Алматы облысында заманауи туристік нысандар, инфрақұрылымдық шешімдер және жаңа қызмет түрлері көбейеді деген сенім бар. Бұл өз кезегінде облыс аумағын әлемдік туристер үшін одан да тартымды етеді.
Өз тілшіміз