Кешегі Кеңес заманында талай біртуар азамат елім-жерім деген үлкен махаббатымен, ақ, адал ниеттерімен Қызыл партияның құрсаулы саясатын бұзбақ болды. Туған жермен тамырлас тағдырлары елге болсын деген асқақ арман-мақсатпен бірге өрілді. Отаншыл, ұлтын сүйген, қайсар да өр рухты осындай азаматтардың қатарында Мелс Сыбанқұловтың есімі ерекше аталады.
Нарынқол, Кеген өңірінің тұрғындары жақсы білсе керек, Шет Меркі суының жазыққа қалай шыққаны үлкен ерлікті талап етті. Әңгіме түсінікті болу үшін әріден бастағанды жөн көрдік. Оның алғашқы жобасы «Қалмақ тоғаннан» (кейінгі кездері Үйсін тоған аталып жүр) басталды десек, артық емес. Алдымен мақаламыздың тақырыбын ашу үшін Мелс Сыбанқұловпен бірге қызмет істеген Қанат Көбеевтің әңгімесіне құлақ түрейікші.
– Бір күні шаруашылық басшысы менімен шаруашылықтың партком хатшысы Сәкен Манасұров екеумізді Шет Меркіге алып келді. Үшеуміз Шет Меркінің шығыс жақ беткейіне шықтық. Бізді ертіп барған Мәкең қарсы беттегі көрінер-көрінбес қаптал жолдың сұлбасын көрсетті де, әңгімесін бастады. «Әкем Сыбанқұлдың айтуынша, анау сұлба – «Қалмақ тоған». Қалмақтар Жазыққа су алып шықпақ болып қазған екен. Қазір әртүрлі әңгіме айтылады. Бірақ тоған қазу діттеген жеріне дейін жеткен. Ал осы тоғанды қазғанда қалмақтар кәдімгі есекті пайдаланған, – деді де әрі қарай әңгімесін: – Қазіргі Тоғызбұлақ ауылы тұрған жерге есек баққан. Содан Шет Меркіге апарып, қап толы құмды есекке артып, бос жіберген. Ауыр жүкті арқалаған есек өзінің үйреншікті жұртына қабырғалай тартқан. Есектің жолын белгілеп отырып, сол белгі бойынша тоған қазып, Беріктас арқылы Ағанасқа, Жазыққа, Торайғырдың етегіне су апармақ болған екен», – деп аяқтады.
Біз кейін түсіндік, Мәкең де суды осы тоғанмен Беріктас арқылы Ағанас пен Торайғыр қыстауларына апармақ ойы бар екен. Көп жыл Мелс Сыбанқұловпен қызметтес болған, кадр бөлімін, шаруашылық кәсіподағының төрағасы қызметтерін атқарған Қанат Көбеевтің бұл әңгімесі – сөз басы ғана.
– 1985 жылдың ақпан айында аудандық партия комитетінен «Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары барады, қарсы алыңдар» деген хабар алдық. Көп тосқызбай-ақ министрдің орынбасары И.Смирнов, аудандық партия комитетінен К.Жөргенбаев келді. Ұжымшар төрағасының орынбасары бар, бәріміз бірден Шет Меркіге тарттық. Алматыдан келген өкіліміз Шет Меркіге барып, бар жайды өз көзімен көріп, жобамен танысты.
Дәл сол күні Мәкең де Алматыда еді, хабар алған соң төраға да келіп жетті. Бәрін өз көзімен көрген И.Смирнов «Судың басы тоспамен, су шығатын аймақтың деңгейі жиырма метр төмен болса, су өз ағысымен Жазыққа шығады» дегенді нық сеніммен айтты. Осылайша, өз ойын ашық жеткізді. Бізде үлкен үміт пайда болды.
Шет Меркі су жүйесінің іске асуы да оңай болған жоқ. Алдымен Мәкең өзі басқарып отырған ұжымшар мүшелерімен кездесті, ақылдасты. Жобалық құжаттарын жасады. Аудан, облыс басшыларының алдынан өтті. Өзі ойлағандай, басшылардан тұщымды жауап ала алмады. Сырғытпа сөз, шегі жоқ уәделерден мезі болды. Ойлана келе, Қазақстанның бірінші хатшысы Д.Қонаевтың жеке қабылдауынан бір-ақ шықты. Үлкен кісіге жобасы бірден ұнай кетті. Қолдай отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберді. Сөз басында айтып өткен Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары И.Смирновтың да келуі осыдан басталып еді. Осылайша, аз шығынмен, орасан байлық көзін есептеген шаруашылық төрағасы Мелс Сыбанқұлов өзінің туған еліне деген шынайы көзқарасын тағы да дәлелдей түсті. Шет Меркі су жүйесінің дарқан далаға берері көп еді, – дейді естелігіндеТоғызбұлақ ұжымшарының бөлімше меңгерушісі Әбен Алтыбаев.
Аудандық партия комитетінің хатшысы, кейіннен бірінші хатшысы болған география ғылымдарының кандидаты, Алматы облысының Құрметті азаматы Бексырға Данышпанов облыстық «Алатау арайы» газетінде жарияланған «Туған өлкем, қандай көркем» атты көлемді мақаласында осы бір кездерді былай еске алады: «Меркі туралы айтқанда тағы да бір азаматты ұмытуға хақымыз жоқ. Ол – Мелс Сыбанқұлов. Небәрі 49 жасында дүниеден озды. Мелс шаруашылық басқарып жүрген кезінде Маңғыстаудан диаметрі 120 сантиметрлік құбырлар әкеліп, Меркі шатқалындағы өзен суын ауыл етегіндегі егістікке жеткізгені бар. Суды тиімді пайдалану мақсатында су бүріккіштерді іске қосып, мың гектарға жуық алқапты мол өнім беретін аймаққа айналдырды. Жаңалықтарымен жұртты өзіне жалт қаратқан».
– «Кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүрді. Есік қаласынан Ескендір Жұмабалаев бастаған құрылысшылар Шет Меркі су жүйесін, су бүріккіштерге дейін орнатып кетті. Он сегіз фрегат Ортабаздан Ағанасқа қарай бір жарым мың гектар аумақты алды. Кейін М.Сыбанқұлов кеткеннен кейін шаруашылық басқарған Оспанәлі Мүсіров те бұл суға жақсы қарады. Тек кейінгі «Дархан» шаруа қожалығы дұрыс көңіл бөлмеді. Он сегіз фрегатты дұрыс істете алмай жатып, он екі фрегатты тағы қосты. Оның бәрі көз алдау болды. Сол кезден-ақ фрегаттарды тонау басталды. Айта берсе, әңгіме көп», – дейді көзкөргендер.
Мелс Сыбанқұлов алғашқы су жүйесі монтаждау құрылысы басталғаннан басы-қасында болған. Он сегіз су бүріккішті де іске қосуға тікелей атсалысқан. Ал осының бәрін жүзеге асыруға аянбай тер төккен жоба жетекшісі Мелс Сыбанқұловтың кейінгі кезде аты аталмай, көмескіленіп барады. Ел-жұрты азаматым деп таныған Мелс Сыбанқұловты қалай мақтасақ та, жарасып тұр, әруағы риза болсын! Талапшылдығымен, қайтпас қайсарлығымен іске асырған Шет Меркі су жүйесінің өзі неге тұрады?! Дәл осыны аудан ескерсе, кейінгі иесі «Дархан» шаруа қожалығы ойланса дейсің. Бұл жай Мелс Сыбанқұловтың туған жері мен елі үшін еткен еңбегінің бір жағы ғана!
Кеңес кезінде шаруашылық басшыларынан бастап, партия мен кәсіподақ ұйымдары бір-ақ бағытта жұмыс істеді. Ол тек алға қойған жоспарды орындау ғана. Сонау Мәскеуден Орталық партия комитеті белгілеп берген мал өсіру, мол астық алуды ғана ұрандатты. Ал әлеуметтік-мәдени жұмыстар екінші кезекте тұрды. Мәдени нысандарға қаражатты ұжымшар тек өз есебінен табуға міндетті болды. Тоғызбұлақ ұжымшары ғана емес, жалпы Жалаңаш ауылдық кеңесінде бір ғана Мәдениет үйі болды. Мектеп ғимараттары да тым ескі еді. Басқалардан ерте сеңді бұзған Тоғызбұлақ ұжымшарының төрағасы М.Сыбанқұлов бұл жерде де көш бастады. Алдымен, Тоғызбұлақ ауылында, яғни шаруашылықтың екінші бөлімшесінде орта мектеп ғимаратын салуды қолға алды. Ауылда жаңа мектеп салу да көптен бері көтеріліп, ауыл тұрғындарының шешілмес мәселесіне айналған болатын. Іле-шала көрікті де үлкен Мәдениет үйін салуды қолға алды. Ал 1964 жылы шаңырақ көтерген Жайдақбұлақ ауылындағы клуб сол кездердегі ешбір бөлімшеде жоқ еді. Тоғызбұлақ ауылында аудан көлемінде жоқ монша да сол кездерде салынып, пайдалануға берілді. Тек соңғы жылдары іргесін көтерген спорт кешені бітпей қалды. Қырық жылға жуық уақыт өткеннен кейінгі айтып отырған ойымызды, әрине, теріске шығарушылар да табылатыны анық. Бірақ ақиқат жеңері анық.
Дәл сол уақыттағы Тоғызбұлақ ұжымшарында ғана жұмыс істеген «Тоғызбұлақ толқындары» атты фольклорлы-этнографиялық ансамблін Кеген өңірінің көзкөргендері ұмыта қойған жоқ. Мелстің қолдауымен ансамбль халықаралық байқауларда топ жарды. Қазақ өнеріне бар жағдайды жасады. Иә, Мелс ағамыздың шапағаты тек өнер саласына ғана тиген жоқ, ол кісі өңірді дамытудың барлық бағытында аянбай тер төгіп, еңбек етті.
Осы мақаланы жазғандағы түпкі ойым – пендеден періште жасап шығару емес. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ», сүрінген де шығар? Өйткені сол кездегі сұрқия саясат солай болды. «Жоспар» деген бәле сүріндірмей қоймайтын. Облыс, аудан басшылары жоспарды асыра орындау үшін барын салатын заман еді. «Жаным – арымның садағасы» дегенді ту етіп ұстаған Мелс Сыбанқұлов әділдік пен ақиқатты қалады. Туған жері мен еліне жақсылық жасаудан аянбады. Атағы дүрілдеп тұрған «Тоғызбұлақ» ұжымшарының экономикасы дамыды, егін өсірді, мал бақты. Жалағаш ауылынан үлкен диірмен салып, ауыл тұрғындарына қызмет етті. Диірменші Бектұрсын Садыров, Қатжан Құсайынов басекеңді жерге қаратпады. Осындай еңбегі де елеусіз қалмады. «Құрмет белгісі» орденін алып, ұжымшар қызметкерлерінің бүкілодақтық съезіне қатысты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі атанды. Мелс Сыбанқұловтың есімі өзі басқарған жылдардағы шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланысты. Талапшыл, қатал, талантты басшы қырандай тауға қарай самғады.
Сөзіме дәлел, татымды тұздық ретінде ауылымыздан шыққан ақын, Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның мына бір өлең жолдарынан үзінді келтіре кетейін:
Іздегені атақ емес ар болды,
Ел-жұртына сүйеу болды, жар болды.
Үш Меркінің өзегінен суырып,
Ұлы еліне су әкелді, нәр берді.
Ақын осылай жырлаған, ел-жұрты азаматым деп таныған дарабоз халық жадынан өшпесі анық. «Елім» деп туған тұлға бәрібір биіктей береді. Солардың артына, ұрпағына қалдырған аманатын орындау – тірілерге парыз.
Советбек ДҮЙСЕНБАЕВ
Кеген ауданы