Қан майданда ел мен жерге деген шексіз махаббат жауынгерлерді жеңіске жетеледі. Бейбіт аспан астында еркін ұрпақ өсуі үшін олар жаумен кескілесе шайқасты. Сұрапыл соғыстағы есіл ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жыл өткен сайын сол қырғынды көзбен көрген майдангерлер қатары сиреп барады. Еңбекшіқазақ ауданында Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы сарбазы ғана қалды. Ол – Солтанбай Жарықбасов. Алға ауылында тұратын ақсақал 17 ақпанда жүз жасқа толады. Ғасыр жасаған ардагердің үйіне арнайы барып, мерейтойымен құттықтап, өткен күндер естеліктеріне үңіліп қайттық.
Солтанбай атамен сұхбаттасып отырғанда ойыма «Арманына жеткен адам» деген тіркес орала берді. Сөз арасында «Арманым орындалды, бақыттымын!» дегенді өзі де бірнеше мәрте қайталап айтты, шүкіршілік етті. Сұм соғыс пен бейбіт күнді де көрген, аштықтың ащы, тоқшылықтың тәтті дәмін сезген, бүтін бір ғасырдың ыстық-суығын бастан кешкен ақсақалдың арманы не болды екен?
Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Алға ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанда әкесі мен екі ағасы майданға аттанады. Ауылда шешесі мен емшектегі кішкентай қарындасына бас-көз болып қалған Солтанбай небәрі 16 жаста еді. Араға жыл салып, Отан алдындағы борышын өтеуге ол да шақырылады. «Сол кезде мені шығарып салатын адам болмады. Жалғыз кеттім. «Соғыстан аман-есен келсем, үйленемін, үрім-бұтағымды өрбітіп, үлкен отбасым болады» деп армандадым. Құдайға серт еттім. Сол арман, сол мақсат жаныма демеу болды», – дейді ақсақал.
Майданға кетпес бұрын Ташкенттегі мергендер курсын тәмамдаған. Алматы облысының өзінен 1943 жылы 1 мамырда 1800 жас Жапониядан төнер қауіптің алдын алуға Шығысқа жөнелтіледі. Солтанбай Забайкалье майданындағы 25-қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-батальон, 1-ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған. Мергендігімен көзге түскен жауынгер елге 1950 жылы оралады. Өзі туып-өскен Алға ауылына келіп, ұжымшардың есеп комиссиясы төрағасы қызметіне кіріседі. Еңбек ете жүріп, Түрген педагогикалық училищесін тәмамдайды, Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітіреді. Білім саласындағы алғашқы еңбек жолын 1951 жылы күзде сол кездегі Алексеевка, Ключи орталау мектептерінде мұғалім болудан бастайды. Ал 1956 жылдан Алға бастауыш мектебінің меңгерушісі, оқу ісінің меңгерушісі, 1971 жылдан 1985 жылға, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
35 жылға жуық уақытын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз білім аламын дейтін бүгінгі ұрпаққа барлық жағдайдың жасалғанын ерекше толғаныспен айтты. «Мектептерге түрлі кездесу, жиындарға жиі шақырып тұрады. Сонда балалардың еш кедергісіз білім алып жатқанын көріп қуанамын. Оқимын деген жанға қазіргі уақытта барлық есік ашық. Шетелде білім аламын десе, оған да грант бөліп, оқу шығындарын мемлекет өтеп беріп отыр. Бұдан артық не керек?!», – деген қарт ұстаз: «Өкініштісі, қазір жеңіл жолмен ақша табамын, пайда көремін дейтін жастар көбейіп кетті. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, жанын ауыртпай байлыққа кенелуге құмар. Осындай ой алаяқтыққа алып келеді», – деп, бала тәрбиесіне ата мен әже, әке мен шеше ғана емес, ағайын-туыс, бүкіл қоғам үлкен жауапкершілікпен қарауы керектігін де сөз етті. «Жастар жаман жолға түспей, өнер-білім үйренсе, елдің болашағына жауапты бола алар, ойы озық ұрпақ өссе», – деген әкелік тілегін де жеткізді.
Мектептегі ескі әдетін ұмытпаған майдангер күні бүгінге дейін оқу ошақтарындағы тәрбие сағаттарына қатысып, көрген-білгенін балалармен бөлісіп отырады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, ауыл, аудандағы жаңалықты қалт жібермейді. Ардагер үйінің есігі әрдайым ашық. Келетін кісі қарасы үзілмейді. Топ болып мектеп оқушылары да, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар да, ауыл ақсақалдары да Солтанбай атамен амандасып, ашық-жарқын әңгімелесіп, ақыл сұрап, батасын алып жатады. Өйткені 1985 жылы зейнетке шыққан уақыттан бастап, бертінге дейін Солтанбай ата ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде ауданның үлкен-кішісімен де, атқамінер азаматтар мен қарапайым халықпен де тығыз байланыста болды. Туған жерінің тыныс-тіршілігінен әрдайым хабардар. Ауылдағы жолдар, дәрігерлік амбулатория, жаңа мектеп құрылысы сынды әлеуметтік маңызы игі істің бәріне де ақсақалдың қосқан үлесі зор.
Тәуелсіздік жарияланып, егемен ел атанған сәтте-ақ бәрі бірден жақсы жаққа өзгере салмағаны анық. Аумалы-төкпелі кезең, экономикалық тоқырау халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайына қатты әсер етті. Көпшілік қарынның қамын ойлап сарсаңға түскенде, Солтанбай Жарықбасов елді иманға шақыруды ойлайды. Ғимараты бос тұрған балабақшаның бір бөлігін сұрап алып, ауылдағы алғашқы мешітті ашады. Сол мешітте молдалар 22 жыл балалардың діни сауатын ашып, дәріс береді. «Кейін балаларым өсіп, бәрі жақсы қызметке орналасты. Өз қолдары өз ауыздарына жетті. Сонда олардың басын қосып, ауылға жаңа мешіт керектігін айттым. Менің ұсынысымды бірауыздан қабылдап, өздері бәрін ұйымдастырып, 2016 жылы кең, жарық, сәулеті жарасқан мешіттің құрылысын аяқтап, елге тарту етті. Ауылдағы астың бәрі қазір сондағы асханада өтеді», – дейді ақсақал.
Жолдың екінші жағында мешітке қарама-қарсы жатқан үлкен саябақ та – Солтанбай атаның ауыл халқына жасаған сыйы. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып, көп жыл қарттардың қасында жүріп, туған жерінің өсіп-өркендеуі үшін аянып қалмады. «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін деп, бұрын МТС болған орынды жасыл желекке орап, ауыл тұрғындарына демалыс орны – саябақ ашуды ойластырдық. Осы шаруаның басынан аяғына дейін жүгіріп жүріп, ақыры 2006 жылы 2 сәуір күні саябақты ресми түрде аштық. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қойылған ескерткішті бұрынғы орны – мектептің жанынан көшіріп, саябаққа орнаттық. Майдангерлердің аты-жөні жазылған құрмет тақтасын жасаттық», – деп Солтанбай ата естелігімен бөлісті.
Қазір қарағай мен шыршасы биікке бой созып, жасыл желегі жайқалып тұратын саябақ тек демалыс орны емес, мәдени-спорттық, қоғамдық іс-шаралар жиі өтетін орынға да айналған. Соғыста қаза тапқан ағалары мен майдандастарын ардагер көзі жасқа толып еске алады. Солтанбайдың әкесі 1944 жылы жарақат алып, елге қайтқан. Ал әкемен бірге кеткен ағаларының бірі Ленинград шайқасында, екіншісі Калининград маңында қаза тапқжер жастанған. Қаһарман қала – Ленинград қасіреті Солтанбай атаны өзімен тете өскен ағасынан айырды. Соғыс басталғанда 18 жасында майданға аттанған ағасы Ленинградтың түбіндегі шайқаста мерт болған екен.
Тарихқа көз жүгіртсек, 900 күн бойы жау қоршауында қалған Ленинград шайқасы кезінде 640 мыңнан астам адам аштықтан қырылып, жүздеген мың адам жау снарядтары мен авиабомбалардан қаза тапқан. Қоршауда қалып, жау әскеріне қарсы тұрып, жанын қиған жауынгерлерді қоссаңыз, құрбандардың саны миллионнан асады. 2010 жылы ардагер ағасының жатқан жерін іздеп, Ресейге арнайы барады. «Киров атындағы кішкентай ғана ауданда 38 бауырластар зираты бар екен. Әрқайсысында жетпіс пен жүзден аса жауынгер жерленген. Көбісінің аты-жөнінен біздің азиялықтар екенін байқадым. 13-зираттағы 73 жауынгердің ішінен ағамның есімін тауып, жатқан жерінен топырақ алып, осында әкесінің жанына қойдым. Бұл өмірдегі парызымның бірін осылай орындадым деп білемін», – дейді қарт майденгер.
Жасы жүзге келсе де ардагер тың. Қолына таяқ ұстады демесеңіз, қимыл-қозғалысы қатарластарынан әлдеқайда ширақ. Соның құпиясын сұрағанымда, ақсақал Алексеевка мен Ключи орталау мектептерінде мұғалім болып жүрген кезін еске алды. «Соғыстан кейінгі қиын-қыстау шақ. Көлік те, жол да жоқ, бірақ соған қарамастан қыстың сары аязы, күздің қара суығында арасы қашық екі ауылға күніне екі мәрте жаяу барып-келемін. Бүгінгі денсаулығымның жай-күйі – кезінде көп жаяу жүруімнің, үнемі қозғалыста болуымның нәтижесі. Сонымен қатар жеңіл атлетикамен көп айналыстым, жүзу мен жүгіруді серік қылдым», – дейді ақсақал.
Нағыз спортшылар секілді күнделікті бой сергітіп, әлі күнге қалдырмай жаттығу жасайды екен. «Таңғы төртте тұрып, жаттығудан кейін үйдің ішін бес рет айналып шығамын. Кешке жатарға дейін осыны төрт мәрте қайталаймын. Мына үйді бір айналғандағы жол – тұп-тура 70 метр», – деп, әр қадамын жатқа айтып отыр. Таңертеңгі жаттығулардан кейін бір мызғып алып, сағат 11 мен 12-нің арасында есік алдына, таза ауаға шығуды әдетке айналдырыпты.
Таза ауада Солтанбай ата кітап, газет-журнал оқуды жөн көреді екен. «Аудандық «Еңбекшіқазақ», облыстық «Алатау арайы» газеттерінің екеуіне де жазылғанмын. Оларды үзбей оқып, өңірдегі жаңалықтан хабардар болып отырамын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Иман» журналын да оқимын. Оның сыртында кітаптар бар», – деген ардагер ұстаз өмір жолын хатқа түсіріп, көрген-білгенімен, кешегі күннің керемет естеліктерімен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалар төрт кітап жазған. Бұл шығармаларын ақсақал балаларына арнапты. Соңғы кітабы баспаханаға кеше ғана кеткен. «Ақын емеспін, бірақ бүгін мені алақандарына салып, аялап отырған балаларыма, «аталап» алдымнан жүгіретін немере, шөберелеріме деген жүрек сөзім өлең болып өріліп, бір кітапқа жарардай жиналып қалыпты. Соны өңдеп-жөндеп, басуға бердім», – дейді.
Немере, шөбере демекші, сұрапыл соғысқа жалғыз аттанғандағы бозбаланың арманы орындалып, бүгінде Солтанбай ақсақал – сексенге жуық немере мен шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытты жан. Соғыстан келген жылы күзде отбасын құрады. 1936 жылы осы ауылға жер аударып келген поляк қызы Розаға үйленеді. Ол кезде Роза 18, Солтанбай 25 жаста. Дүниеге сегіз бала әкеліп, өсіріп-жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Өкініштісі, 61 жыл қол ұстасып, өмірдің ыстық-суығын бірге көрген жарынан 2011 жылы айырылса, араға 11 жыл салып, ұлдың үшіншісі, көп жылдар ішкі істер саласында еңбек еткен Ербол да мәңгілік сапарға аттанады.
Солтанбай ата сол Ербол ұлының шаңырағында 1979 жылы келін болып түскен Тамара Павелқызы, шөбересі Амир мен келіні Нұрғиза, олардың кішкентайы, атаның шөпшегі – Айямен бірге тұрады. «Айяның 100 жастағы бақташысы оның әр қылығын сүйсіне тамашалап, баламен бірге мәз болып отырады», – дейді Тамара апай. Тоғыз жасында Ресейдің Новосибирск өңірінен келген ол қазақша еркін сөйлейді. Мұсылмандықты қабылдап, Меккеге де барып келген, бес уақыт намазын қаза қылмай оқып, үлкен шаңырақтың берекесі – Солтанбай атаның бар жағдайын біркісідей жасап отыр.
«Кеше ғана ауылдың шетіндегі шаруашылыққа бара жатып, жолда көлігім омбы қарға кіріп, шыға алмай қалдым. Сонда немерем келіп, «Ата, сіз әуре болмаңызшы, барамын деген жеріңізге өзім-ақ апарып-әкелемін. Айтсаңыз, болды» дейді. Іштей риза болдым. Қазір соларға тек тілекші болып отырудан артық маған ештеңе де керек емес. Мен – арманыма жеткен адаммын. Бақыттымын, шүкір!», – деген ақсақал балалардың қарсылығына қарамай, әлі күнге көлікті өзі тізгіндеп, барар жеріне де өзі жетіп алады екен. Бұл жаста мұның өзі ерлікке тең.
Сұхбат соңында ақ батасын берген ақсақал заманның тыныштығын, елдің бірлігін тілеп, «Тәуелсіздік тұғыры мәңгі биік болып, абырой, айбынымыз арта берсін! Көзінде оты, кеудесінде рухы бар жігерлі жастарымыздың қатары толсын!» деп қайырды.
Ашық аспан, бейбіт күн, ана мен бала бақыты үшін қан майданда шыңдалып, соғыстан кейінгі қиын кезеңде мойымай, туған жердің топырағы, туған елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, бүгінде сол еңбектің зейнетін көріп отырған ақсақалдың өмірі көпшілікке үлгі екені сөзсіз. Бүгінгі бейбіт күннің тууына қосқан ардагердің ерлігіне алғыс айтып, қоштастым.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ