Алматы облысының Алатау ауданы Заречный ықшамауданында орналасқан 3660 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына орай Өтеген батыр ауылының тұрғыны майдангер Тәңірберген Толғанбаевты арнайы құттықтап қайтты.
Салтанатты шараға әскери бөлімнің әскери қызметшілері, соның ішінде капитан Е. Казбек бастаған жауынгерлер ардагердің отан қорғаудағы қажырлы еңбегін еске алып, бейбіт күннің батырына алғыстарын білдірді.
— Сіздер жасаған ерлік — біз үшін мәңгілік үлгі. Батыр бабалардың жолы бізге аманат, — деді капитан Е. Казбек.
Тәнірберген Толғанбаев 1923 жылы 1 мамырда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген.
Майдангердің өмір жолын білу үшін біз қызы Толғанбаева Маржан ханыммен сұхбаттасқан едік.
– Біздің ата-анамыз Толғанбаев Тәнірберген мен Әлпейісова Дәмелі алты бала — үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ата-анамыз барлығымызға жоғары білім беріп, әрқайсымыздың өмірде өз жолымызды табуымызға бағыт көрсетті.
Әкеміздің тағдыры оңай болған жоқ: қиын кезеңге тап келген балалық шақ, әкесі Марылбаев Толғанбай мен бауыры Толғанбаев Құдайбергеннің қайтыс болуы, Кеңес өкіметінің орнауы, ұжымдастыру кезеңі, колхоздардың құрылуы — осындай қиын-қыстау заманда ол ел шекарасын қорғады.
1949 жылы демобилизациядан кейін әкеміздің көргені — жан-жақтағы күйреу, аштық пен суық, ауылдарды тонап, бейбіт тұрғындарды қырған қарақшылар. Сол кезде-ақ ол қалған өмірін қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті сақтауға арнайтынын түсінді.
Жазушы Кемел Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ауыр күндері, ауыр қылмыстарды ашу, аса қауіпті қылмыскерлерді қуу мен ұстау туралы детектив жазған. Осы шығармасында қылмыстық іздестіру қызметкерінің прототиптерінің бірі — біздің әкеміз болды.
Әкеміз бізге, немере-шөберелеріне ерлік пен төзімділіктің, адалдық пен әділдіктің жарқын үлгісі болып қала бермек.
Биыл біздің отбасымыз үшін ерекше жыл — әкеміз, Толғанбаев Тәнірберген, өзінің 102 жылдығын атап өтуде. Ол 1923 жылы 1 мамырда Талдықорған облысы Ақсу ауданында дүниеге келген.
1942 жылдың мамырында Талдықорған облысы Ақсу ауданының әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылды.
1942 жылдың мамырынан 1944 жылдың сәуіріне дейін Ереван №40 шекара отрядында қызмет етті, кейін 1944 жылдан 1949 жылға дейін Армавир №25 шекара отрядында (Армян КСР, Харкну ауылы маңындағы №10 шекара заставасы) әскери борышын өтеді.
1949 жылы әкеміз туған жері Ақсу ауданына оралып, 1949–1951 жылдары Ақсу аудандық халық сотында хатшы болып жұмыс істеді.
1951 жылдан бастап тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында қызметін бастады.
1964–1975 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады.
1975 жылы зейнетке шықты.
1975–1978 жылдары Алматы облысы Іле ауданының прокуратурасында жұмыс істеді.
Толғанбаев Тәнірберген — Жамбыл, Ақсу және Іле аудандарының Құрметті азаматы.
Біз үшін, балалары, немерелері мен шөберелері үшін ол — өміріміздегі ең қымбат, ең сүйікті, ең қадірлі адам!
Әкеміз Тәнірберген Толғанбаев — біз үшін қайсарлық пен адалдықтың үлгісі. Ол кісі әділдік пен тәртіпті ерекше қастерледі. Әкеміз туған жеріне оралысымен, өмірінің көп бөлігін құқық қорғау саласына арнап, елдің тыныштығы мен әділдігін сақтауға барын салды. Оның қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы бізге әрдайым үлгі.
Сіздердің әкемді ұмытпай, арнайы құттықтап келгендеріңіз — ерлік ешқашан ескірмейтінін көрсетті. Отанды қорғау — қастерлі борыш, – деген Маржан ханым бзге батасын берді.
Ардагеріміз аман-есен ұзақ жасасын деп тілейміз. Алдағы уақытта 103 жылдығын да осылай бірге атап өтуге жазсын. Батыр атамыздың ерлік жолын ұлықтау — біздің парызымыз.
Бұл күн — ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың жанқиярлық еңбегін бағалайтын сәт. Тәнірберген Толғанбаев сынды батырларымыздың есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес!
Ерлік елге — мұра, ұрпаққа — ұран!
Әлия Әбдіғалиева