Қандай қоғамда болсын халықтың әлеуетін арттыру, әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту – ең басты мәселе болып саналады. Мемлекетімізде бүгінгі таңдағы жүргізіліп жатқан сындарлы саясат пен кезең кезеңімен қабылданған бағдарламалардың да негізгі ұстанымы осы. Бұл орайда елдің экономикалық тұрғыда дамуына, жарқын болашағына арналып қабылданған қаулы-қарарлардың орнымен жүзеге асырылып, оңтайлы шешімін табуы жолында өңірлердегі түрлі деңгейдегі әкімдерге қойылар талап пен артылар жауапкершілік жүгі салмақты болатыны анық. Біз бүгін Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевпен сұхбаттасып, бар тіршілік-тынысы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысып келе жатқан Аспантаулар өлкесінің экономикалық дамуы мен тұрғындарының әл-ауқаты айналасындағы сұрақтарға жауап іздеген едік.
– Берік Фатықұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған бұрынғы Нарынқол, бүгінгі Райымбек ауданы бүкіл ғұмырында мемлекеттің сындарлы саясатына лайықты үн қосып келе жатқаны анық. Басқаларға ұқсамайтын алабөтен тағдыр да осы өңірдің еншісіне бұйырғанын жұртшылық жақсы біледі. Ал бүгінгі ұрпақтың бұл мәселеден хабардар болуы екіталай. Сондықтан әңгімемізді ауданның тарихынан бастасақ.
– Ауданымыз Кеген өңірінен 1936 жылы бөлініп, өз алдына Нарынқол ауданы болып құрылған екен. Бұл тарихи оқиғаға келесі жылы 90 жыл толады. Осы уақыт бедерінде Тәңіртау етегінің ел-жұрты қиындықты да, қуанышты да, даму мен кері кетуді де басынан өткізді. Оған себеп, белгілі-белгісіз жайттармен ауданның көрші Кеген ауданына екі мәрте қосылып, әкімшілік мәртебесінен айырылуы. Оның біріншісі 1962-1966 жылдары орын алған. Ал 1997-2018 жылдар аралығындағы екінші реткі қосылуына өзім куәмін. Осындай жайттар таулы өңірдің дамуына, өсіп-өркендеуіне, тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына, мәдениетінің көтерілуіне айтарлықтай кері әсерін тигізгені анық. Жергілікті халықтың талап-тілегі, ой-арманы 2018 жылы, араға 21 жыл салып барып, орындалды. Ауданның өз алдына үшінші рет қайта шаңырақ көтергеніне биыл көктемде 7 жыл толады. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау көмектер мен өңір тұрғындарының ерен еңбектері нәрлі нәтижесін бергені анық. Қазір аудан даму көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарлы өңірлермен иық тіресе алатындай дәрежеге қол жеткізіп отыр.
– Әрине, қоғамның қай саласы болсын, экономикалық жетістіктермен тығыз байланыста өрілетіні белгілі. Ауыл шаруашылықты өңір саналатын Райымбек ауданының бұл саладағы нәтижесі қандай?
– Өзіңіз айтқандай, аудан негізінен ауылшаруашылығына кіндігі байланған өңір екені рас. Сондықтан сұрағыңызға жауап ретінде біраз цифрларды сөйлетуге тура келеді. Бүгінгі есеп бойынша ауданда 238 мың қой-ешкі, 58 мың ірі қара, 40 мың жылқы бар. Осынау төрт түлікті өсірумен ауданның барлық шаруа қожалықтары айналысады. Былайша айтқанда, мал басын өз төлі есебінен көбейту, ет өнімдерінің молшылық негізін қалау осы қожалықтардың еншісінде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл салаларда пайыздық өсім көңіл көншітерлік нәтиже көрсетіп отыр. Аудандағы ауыл шаруашылығы алқабының 39,4 мың гектары дәнді егіске тиесілі. Диқандар қауымының бұл саладағы жетістігі де ауыз толырып айтарлық. Нақты дерекке жүгінсек, өткен жылы барлық егіс алқабынан 25,1 мың тонна алтын дән жиналып, қамбаларға құйылды. Әр гектарға шаққандағы түсім 20,7 центнерден айналды. Ал «Altyn – Dan-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз иелігіне берілген 1500 гектар алқаптың әр гектарынан 20 центнерден таза, сапалы астық жинады. Сондай-ақ төрт түлік үшін 260 мың тонна мал азығын дайындады. Қазір қолда бар азық төрт түліктің таулы өңірдің қаһарлы қысынан қысылмай, басы аман, әрі қоңды шығуына өзіндік оңды әсерін тигізетіні анық. Демек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, шабындық алқаптарының өнім көрсеткіші қарапайым еңбек адамдарының сонау ерте көктемнен жазға ұласып, күзге табан тіреген табан ет, маңдай терлерінің жемісі екенін астын сызып тұрып айтқан орынды.
Аудан таулы өңірдің дарқан дақылы – картоп өсіруге де қолайлы мекен саналады. Тіпті, картоптың Отаны десе де болады. Осынау халық сұранысына ие картоп өсіруге де ауданда айрықша мән беріліп келеді. Диқандар бұл дақылдан әр жыл сайын мол өнім алып, табыс көзіне айналдыруға кең жол ашып отыр. Өткен 2024 жылы дарқан дақыл 2246 гектар алқапқа отырғызылып, әр гектарынан 219 центнер өнім алынды. Картоптың Аризона, Артемис, Пикассо, Агрие, Санте аталатын нидерландиялық тұқымдары бүгінде таулы өңірге кеңінен жерсіндірілді. Қазір ауданда сыйымдылығы 5500 тонналық үш картоп сақтау қоймасы бар. Диқандар мұнымен ғана шектеліп отырған жоқ. Жоғарыда аталған «Altyn-Dan-1» өндірістік кооперативі өткен жылы озық технологиямен жабдықталған сыйымдылығы 5000 тонналық тағы бір картоп сақтау қоймасын мемлекет тарпынан көрсетілер көмек пен өз қаражаты есебінен іске қосты. Бұл да ауданда картоп шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетеді.
Өткен жылы аудандағы шаруа қожалықтары 897,8 млн теңгеге 60 бірлік трактор, 32 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Сол сияқты жаңбырлатып суаратын 9 техника алынып, су үнемдеу әдісімен 900 гектар жер суғарылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдың алғашқы күндерінде республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында және осы аптаның басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық өсімнің 4,8 пайызды құрағанын айтқаны белгілі. Әрине, бұл көрсеткішке біздің ауданның еңбеккерлерінің де қосқан үлесі бар десем, қателеспейтін шығармын.
– Картоп демекші, өткен жылдың қорытындысы бойынша Астанада өткен брифингте облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев картоптан жасалынатын тағамдарды ұқсататын арнайы өндіріс орнын ашу жайында айтқан еді. Өңір басшысы көтерген бұл мәселе туралы ойыңыз қандай?
– Ұқсата білсе, картоптан жасалатын тағам түрі көп қой. Дарқан дақылды дайын күйінде ғана саудаламай, тағам түріне айналдырып, тұтынушыға ұсынса, пайдасы шаш етектен болатыны белгілі. Іле ауданының Байсерке ауылынан алдағы уақытта салынатын картоп зауытының шапағаты біздің ауданға да тиетіні анық. Осы зауыт арқылы Нарынқолдың картобы да дайын азық күйінде халықтың сұранысына ие болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Өңір басшысы Марат Елеусізұлының бұл тұрғыдағы көтеріп отырған мәселесі өте орынды.
– Адамдардың баспанамен қамтылуы мемлекетіміздегі ең өзекті мәселе екені белгілі. Мұның Райымбек ауданы үшін де маңызы зор. Қайта шаңырақ көтерген ауданда тұрғын үйдің, тіршілік нәрі саналатын ауыз судың мәселесі қалай шешілуде?
– Қайта құрылғалы бергі 7 жыл ішінде ауданда 131 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Нарынқол ауылынан 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің және 30 жалгерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарының сараптамалық қорытындысы алынды. Сарыжаз ауылынан да тура осындай 4 пәтерлі 10 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Аудан бойынша бүгінгі күнге 499 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр аз қамтылған отбасыларына арнап аудан көлемінде 343,5 млн теңгеге соңғы екі жылда салынған 21 үй сатып алынды. 2025 жылы үй кезегінде тұрған адамдарға үй сатып алу үшін 230,7 млн теңге бөлінді. Қазір осы қаражатқа ашық конкурс жариялау үшін дайындық жұмысы қолға алынып жатыр. Жыл соңына дейін 45 тұрғын үй сатып алуды жоспарлап отырмыз. Мұның өзі үй кезегінде тұрған адамдар санының әжептәуір азаятынына өзіндік ықпал ететіні сөзсіз.
Ауыз су мәселесіне келсек, аудандағы 20 елдімекеннің 18-і орталықтандырылған ауыз сумен толықтай қамтылып болды. Өткен жылы Тұзкөл, Тегістік, Көкбел ауылдарындағы ауыз су жүйесі қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Қаратоған ауылындағы ауыз су жүйесінің көп жылдан бері шешілмей келген мәселесі де өткен жылы облыстық бюджеттен қаржыландырылып, оңтайлы шешімін тапты. Қарасаз ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына мемлекеттік сатып алу порталымен конкурс жарияланып, жұмысты атқаратын мердігер анықталды. Мердігер компания жұмысты биылғы сәуірде бастап, қараша айында толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Осы жұмыс аяқталысымен ауданда ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін табатын болады.
– Қоғамның басты байлығы – адам. Ал, адамның басты байлығы – денсаулығы. Бұл қағида еш уақытта маңызын жоғалтпақ емес. Айтыңызшы, аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қаншалықты көңіл бөлініп отыр. Емдеу орындарының білікті мамандармен қамтылуы қандай дәрежеде? Сондай-ақ жұмысқа жаңа келген жас мамандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау, көмек көрсетілуде?
– Қазіргі таңда бір аудандық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік, 5 медициналық пункт, барлығы 20 емдеу орны тұрғындарға қызмет көрсетеді. 2019 жылы Жамбыл, 2020 жылы Қақпақ дәрігерлік амбулаториясы салынды. Бұл жұмыс жалғасын тауып, соңғы екі-үш жыл ішінде Қаратоған, Жаңа Текес, Талас, Көмірші ауылдарында заманауи үлгідегі емдеу орындары пайдалануға берілді. Емдеу орындарының бәрі де тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында заманауи үлгідегі медициналық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Биыл Ақбейіт, Қостөбе ауылдарында блоктік медициналық пункт салынып, қолданысқа берілмек. Қазір құжаттары заңдастырылуда. Аудан орталығынан салынып жатқан 4 қабатты, 250 орынды емхананың құрылысы аяқталып қалды. Игілігін көретін сәт те алыс емес.
Аудандық ауруханаға 2023 жылы жоғары білімді 6, 2024 жылы 8, биылғы жылдың басынан 3 маман қызметке келді. Сөйтіп, емдеу орны арнайы жоғары білімді мамандармен толыға түсті. Дәрігер мамандарға аудандық әкімшілік тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (362 мың) көтерме жәрдемақы төленді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу үшін 24 жас маманға несие берілді. Текес, Шалкөде, Қайнар, Қызылшекара дәрігерлік амбулаторияларын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамаға жіберілді. Аудандық аурухананың 3 ғимаратына сараптама қорытындысы шықты. Жобалық-сметалық құны – 3,6 млрд теңге. Қызылшекара дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмысы үшін 207 млн теңге көлемінде,Қарасаз дәрігерлік амбулаториясына ағымдағы жөндеу жұмысы үшін 22 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жақын арада жөндеу жұмысы басталады.
– Сөз реті келгенде аудандағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға жасалынар қамқорлық жайлы хабардар ете отырсаңыз.
– Әрине, қарттарға көрсетілер сый-құрмет, жасалынар қамқорлық күн тәртібінен түспек емес. Өткен жылы жалғызбасты қарттарға, жалғызбасты аналарға, тұрмыстық жағдайлары төмен отбасыларына демеушілер арқылы 14 841,0 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының басшысы Ләззат Қайсарқызының демеушілігімен аталған отбасыларына 150 тонна көмір таратылып берілді. 22 наурыз мерекелік шарасына орай жергілікті бюджеттен 700 мың теңге конкурс арқылы берілсе, жеке кәсіпкерлеріміз 80 жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мерекелік сыйлықтар табыстады. Бұл ретте сауапты іске мұрындық болып жүрген кәсіпкерлерге айтылар алғыс зор.
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Тәуелсіздікті баянды етуші, жарқын істердің жарасымды жалғастырушысы. Осы орайда аудандағы жастар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайлы не айтасыз? Жастардың жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?
– Жастар мәселесіне қатысты көңіл толтырар іс-шаралар жеткілікті. Аудан өз алдына шаңырақ көтергелі бері жастарға арналған жұмыс орындары құрылды. Нәтижесінде күнкөріс қамымен қала жағалап кеткен жастар ауылға оралып, мамандықтары бойынша және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасуда. Жалпы аудан көлеміндегі қандай да бір маңызды да атқарылуды қажет ететін өзекті іс-шаралардың басы-қасынан жастардың көптеп табылуы болашаққа деген сенімді нығайта түскені анық. Ауыл мәдениеті, жаңашылдық, тазалық, ізгілік сияқты адами құндылыққа құрылған игілікті істерге де жастар тарапынан қосылған үлес салмақты. Сондықтан болашақтың негізгі тұтқасы – жастарымыз өздеріне артылар жауапкершілік жүгінің салмақты екенін жан-тәнімен түсіне білгендіктері көңілді қуантары анық. Ауданда жоғары оқу орнын бітіріп ауылға келген жастарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тұрғын үй алуға мүмкіндік тудырылып отыр. Сонымен қатар «Ауыл аманаты», «Бизнес бастау», «Жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несие» мемлекеттік бағдарламаларын пайдаланып, жұмыс ашуларына да оңтайлы бағыт-бағдар ұсынылуда. Одан бөлек «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Ұрпақтар келісім шарты», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың оқуды жаңа бітірген, тәжірибесі қалыптасып үлгермеген жастар үшін маңызы зор. Сондай-ақ 14 жастан жоғары мектеп оқушыларына және 35 жасқа дейінгі азаматтарға да маусымдық «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы ұсынылған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
– Биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгіленгені белгілі. Бұл туралы ойыңыз қандай?
– Меніңше, бұл мемлекет тарапынан жасалынып отырған ең дұрыс шешім. Жасыратыны жоқ, құрылысшы, жүргізуші, дәнекерлеуші, ұста, темір жонушы, әрлеуші сынды қоғамға ең қажетті мамандықтар бүгінге дейін көзден таса болып, ұмыт қалып келді. Оны мойындауымыз керек. Енді міне, осынау мамандық иелерінің табан ет, маңдай терін әділетті түрде бағалайтын кез келді. Қоғамның белсенді мүшелері – қарапайым еңбек адамдарының мәртебесі көтерілсе, адами құндылық атты ұлағатты ұғымға берілген ең жоғарғы баға болар еді.
– «Бәрін айтпа, бірін айт, Күре жолдың жырын айт», демекші тұрғындардың көңілін күпті еткен республикалық маңызға ие күре жолдың мәселесі ауданда қалай шешіліп жатыр?
– Райымбек ауданының аумағында республикалық маңызы бар автокөлік жолының үлесі – 66 шақырым. Аталған жол «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК-ның теңгерімінде. Ұлттық компания тарапынан жол сапасын жақсарту мақсатында 2022 жылы жобалық-сметалық құжаты жасалынған. Республикалық маңызы бар Кеген-Нарынқол аралығындағы 89 шақырым, Нарынқол-Текес аралығындағы 15 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жұмысы үшін 2023-2024 жылдарға 1 млрд 200 млн теңге бөлініп, ауыспалы нысан ретінде жүргізілген жұмыс аяқталды. Құрылыс жұмысын жүргізген мердігер мекеме – «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС.
Былтыр республикалық маңызы бар Кеген-Нарынқол автокөлік жолының Текес-Кеген аралығындағы 74 шақырымына орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін бюджеттен 8 млрд теңге бөлінді. Құрылысты жүргізу мердігер мекеме «МаксДорстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Аталған мекеме 74 шақырым жолдың құрылысын бастауға қыстың ызғары қайтып, күн жылынысымен кірісуді, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр. Осылайша аудан аумағындағы республикалық автокөлік жолының мәселесі тиісті деңгейде шешімін табатын болады.
– Білім, мәдениет, спорт саласындағы атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді сөз етудің де кезегі келген тәрізді.
– 2024-2025 оқу жылында аудан көлеміндегі бастауыштан бастап, негізгі, орта мектепке дейінгі барлық білім ошақтарына 5430 оқушы тартылды. Оларға 945 ұстаз дәріс беруде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда ауданымызда 3-6 жастағы 2214 балдырғанды мектепке дейінгі оқытумен қамту 98,4 пайызды құрайды.
Былтыр Қарасаз ауылындағы балалар өнер мектебінің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Аудандағы мектептердің барлығы дерлік күрделі жөндеуден өткізілді. Қызылшекара ауылындағы Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамаға жолданып,оң қорытындысын алды.
Ауданда 9 Мәдениет үйі, бір ауылдық клуб, 9 кітапхана және Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі жұмыс істейді. Былтыр Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, 180 орынды ғимарат пайдалануға берілді. Жаңа мәдениет ошағы бүгінде 5 штаттық бірлікпен жұмыс істеуде. Сарыжаз, Тегістік, Шалкөде ауылдарындағы Мәдениет үйлері апатты деп танылып, жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Болашақта аталған Мәдениет үйлеріне қатысты мәселелер де оңды шешімін табады деген сенімдеміз.
Адамдардың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алатын орны айрықша. Бұл орайда заманауи үлгіде салынған аудан орталығындағы, Сүмбе, Қызылшекара, Сарыбастау ауылдарындағы спорт кешендері, Қарасаз ауылындағы, басқа да елдімекендердегі спорттың барлық түріне арналған жаттығу залдары жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жол ашқаны анық. Аудандағы жас буын спортшылар бүгінде есімі елге танылған саңлақтар қатарын түзеп отыр. Мәселен, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы, Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай, бокстан жасөспірімдер арасындағы әлемдік доданы бағындырған Толғанай Қасымқан осы спорт мектептерінің түлектері. Дүбірлі додаларға қатысып, ауданның абыройын аспандатып жүрген басқа да спорт шеберлері біздің мақтанышымыз.
– Берік Фатықұлы, әр жылдың есте ұзақ сақталатын, жүректен ойып орын алатын бір ерекшелігі болады ғой. Өткен жыл аудан тұрғындары үшін және өзіңіз үшін мақтанышпен айта жүретін қандай оқиғалармен ерекшеленді деп ойлайсыз?
– Қасиетті Тәңіртау етегі қаламы қарымды, туындылары халықтың қазынасына айналған біртуар перзенттерін әрдайым қастер тұтып, қадіріне жетумен келе жатқаны мәлім. Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай сынды қаламгерлер төл әдебиетіміздің төрінен орын алғаны біз үшін зор абырой. Сондықтан айтулы тұлғалардың есімдерін есте қалдыру, шығармаларын кеңінен насихаттау борыштың ең абзалы болмақ. Осыған дейін атқарылып келген мерейлі басқосулар мен шарапаты мол шаралар – соның айқын дәлелі.
Ал өткен жыл қазақ балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуімен ерекшеленді дер едім. Айтулы шараның облыс орталығы Қонаев қаласынан бастау алып, Түркия жерінде жалғасуы, атамекені Нарынқол топырағында кең көлемде аталып өтуі көргеннің көзайымына айналғаны, көрмегенді арманда қалдырғаны анық. Аудан орталығындағы жаңа салынған Жастар саябағының Бердібек Соқпақбаев атымен аталуы, облыс әкімінің бастамасымен саябақтан ақынның еңселі ескерткішінің бой көтеруі қайталанбас тарихи оқиға болды деп бағалаймын. Жазушы мерейтойы осындай ерекшелігімен ойда қалып, санадан сызылмайтыны ақиқат.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Жұмабек ТҰРДИЕВ