Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Жамбыл ауданында әртүрлі мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылуда. Соның бірі – Ұзынағаш ауылындағы №2 орта мектепте өткен «Татулық пен тұрақтылық жолындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты конференция. Шараға өңірлік мәслихат депутаттары, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар ұйымы, колледж студенттері қатысты.
Конференцияның мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлін насихаттау, жалпыұлттық бірлікті сақтау және нығайту, этносаралық келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығын көрсету. Соған сай алдымен Ассамблеяның 30 жылда атқарған жұмысы туралы бейнебаян көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы Ассамблеяның маңыздылығын атап өтіп, осы бағытта аймақта атқарылған жұмысты тілге тиек етті. Ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің, достықтың арқасында бүгінгідей игіліктерге қол жеткізілгенін баса айтты. Жиында негізгі баяндаманы облыстық ҚХА-ның депутаттық топ мүшесі Меруерт Молдашева жасады. Ол өз сөзінде татулық халқымыздың басты байлығы екенін, тұрақтылық дамуға жол ашатынын айрықша атап өтіп, бақытты өмір сүру үшін достық пен бірлікті сақтап, еліміздің өркендеуіне аянбай үлес қосу керектігін алға тартты.
Жамбыл аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлан Ахметжанов «Этносаралық келісімді нығайтудағы ҚХА рөлі» тақырыбында тағылымды сөз қозғап, Қазақстанның этносаралық келісім моделіне әлем елдері үлгі ретінде қызығушылық танытып отырғанын, ұйым алдағы уақытта да еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға атсалысатынына сенім білдірді. Ал ҚХА мүшесі, татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ильдар Юлдабаев «Жас ұрпақты тәрбиелеудегі ҚХА-ның рөлі» тақырыбында қоғамдағы құндылықтарды тарқатты. Сондай-ақ «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы Мухиддин Мақсутов «Жастар және қоғамдық келісім» тақырыбында өз замандастарының атқарған ісін баяндады. Конференцияның қорытынды бөлімінде аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Тәңірберген Қасымберкебаев, «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Муслим Мехралиев ой-пікірлерімен бөлісті. Соңынан аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің концерті тамашаланды.
Ассамблеяның 30 жылдығына арналған жиын Қарғалы ауылындағы №4 орта мектебінде де өтті. «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік шараны осы елдімекендегі аналар кеңесінің төрағасы Зияш Мамедова ұйымдастырды. Аталған кеште көрме ұсынылып, Қарғалы ауылындағы мектептердің ұлттық киімдегі өнерлі оқушылары ән салып, би биледі. Мерекелік кеш өзге этностардың достығы мен ынтымағын дәріптеп, бейбітшілік пен татулықты нығайтудың жарқын көрінісіндей әсер қалдырды.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы