Жамбыл ауданының Қасымбек ауылындағы қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны 2012 жылы құрылған еді. Ауылдың кіреберісіндегі атшаптырым аумаққа өндірістік базаларын орналастырып, сол жылдың соңында алғашқы өнімін бере бастады. Электр шамдарын шығаратын зауыт алғашқы кездері «Тексан Қазақстан Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталған.
Содан бері электр бұйымдарының сан түрімен қатар басқа да тауарлар шығаруға маманданды. Алғашында 25 жұмысшымен ісін бастаған кәсіпорында еңбек етушілер саны жыл өткен сайын артып, 200-ге жеткен болатын. Тұрғын үйлерге, кеңсеге, көшеге арналған шамдардан бастап, ажыратқыш, сым, кабель сияқты электр тауарларының басқа да көптеген түрін заманауи үлгіде өндіруге бейімделді. Бірте-бірте өнім көлемі ұлғайып, тауарлар түрлене түсіп, жаңа цехтар іске қосылған. Кәсіпорындағы өндіріс үдерісі қалыпты жолға қойылып, бірнеше жыл қатарынан тұрақты түрде дамыды.
Инвесторлары зауытты техникалық жарақтандыруға жыл сайын шамамен 500 млн теңге инвестиция салып, сапаға баса назар аударады. Зауытта орта есеппен айына 200 мың бірлік өнім шығарылады. Өнімдері өз елімізден басқа таяу шетелге, оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға, сондай-ақ Парсы шығанағы мен Латын Америкасына да экспортталып келді. Бұл елдерде бөлімшелері де жұмыс істейді.
Алайда нарықтағы сұраныстың құбылмалылығынан және әлемді жайлаған індеттік жағдайларға байланысты өндіріс көлемі кейінгі жылдарда біраз бәсеңдеді. Қазір зауыт «Kaz Tek Invest» деп аталады. Отандық үлестің көлемі көбейген кәсіпорында жарық диодты шамдардың 100-ден астам түрі шығарылады. Кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі пішіндегі шамдар, өзге де электр бұйымдары, одан бөлек мектеп парталары, саябаққа арналған орындықтар мен өрт сөндіру бөлімдеріне, медициналық мекемелерге түрлі өлшемдегі шкаф, сейфтер мен төсектер де жасалады. Отандық өнімнің 400-ге жуық түрі тұтынушыға жөнелтіліп жатыр. Темір бұйымдарды әрлеуге қолданылатын ою-өрнектер заманауи лазер қондырғысымен салынады. Нәтижелі жұмысының арқасында зауыт «TEKMETAL» брендімен танымал болды. Әртүрлі мақсаттағы металл өнімдерін бөлшектен бастап жаппай сериялық өндіруге маманданды.
– Кәсіпорын әуел баста тек электр шамдарын шығарған болса, одан кейін темірден жасалатын тауарларды қолға алды. Осы жылдар ішінде зауыт жұмысшылары түрлі металл бұйымдарын өндіруде үлкен тәжірибе жинақтады. Кәсіпорын қаншама адамның қолайлы ортасына, ортақ «үйіне» айналды. Қазір осында 100-ден аса жұмыскер әртүрлі салада, цехтарда тұрақты еңбек етеді. Инженер, конструкторлардан бастап, дәнекерлеушілер мен металл құрастырушылардың тәжірибесі толысып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруде табандылық танытып келеді, – дейді «Kaz Tek Invest» зауытының директоры Нұрмұхан Маделиев.
Айтуынша, компания инновациялық технологияларды пайдалана отырып, серіктестеріне заманауи жабдықта дайындалған жоғары сапалы тауарларды тиімді бағамен ұсынады әрі өнім сапасына кепілдік береді. Сол арқылы осы салада көшбасшы болуға ұмтылады. Негізінен жарық шамдарын шығаруға машықтанған зауыт «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан ғимараттардың ауласын жарықтандыруға, озық үлгідегі қоршауларын жасауға белсене қатысып келеді. Бұдан бөлек, қарғын су басқан Құлсары мен Атырау қалаларына заманауи үлгідегі аялдама, жайлы орындық, сонымен қатар қоқыс жәшіктерін жасайды.
Жалпы, іске қосылғалы бері электр шамдарының 30 мыңнан астам түрін шығарған зауыттың өнімдері бірегейлігімен ерекшеленеді. Оған шамдардың басым бөлігінің арнайы тапсырыспен, бірін-бірі қайталамайтындай етіп жасалатыны себеп. Сәні мен салтанаты келіскен тұрмыстық бұйымдар Германия, Жапония, Қытай, Тайвань, АҚШ-тан алынған озық станоктардың көмегімен жасалады. Дайындалған өнімдер зертханалық тексерістен өткізіліп, сапасына кепілдік беріледі. Қолданысқа керекті шикізаттың 80-85 пайызы отандық өнім саналады. Қажетті металл Теміртау мен Қарағанды, Талдықорған қалаларынан алынса, қалған 15 пайызы Қытай елінен әкелінген.
Өндіріс орнын дамытудың басым бағыттарының қатарына жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбекті қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру да жатады. Қазіргі таңда зауытта еңбек етіп жатқан 110 адамға толыққанды жағдай жасалған. Зауыт іргесінде алыстан келетін жұмысшылар үшін 100 орынды жатақхана салынған. Ішінде бильярд бөлмесі бар, ал аулада теннис, шағын футбол алаңы жабдықталған.
«Ауылымызда осындай өндіріс орнының барына қуанамыз. Себебі тұрғындардың біразы осы жерде еңбек етіп, отбасын асырап отыр. Айлығымыз уақытылы беріледі. Біз еңбек еткелі де он шақты жылға жуықтады», – дейді Қасымбек ауылының тұрғыны Жадыра Қаршыбаева. Ал монтаждау бөлімінің бригадирі Айғаным Сұлтанова 3 бригада бойынша 35 адам жұмыс істейтінін айтты. Олардың басым бөлігі – шам құраудың шебері атанған әйелдер.
Отандық өнім өндіруде өзіндік орны бар зауыт өнімдері түрлі деңгейдегі көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Өткен жылы өндіріске 10 млн доллардай инвестиция салыныпты. Мемлекетке тиісті салығын төлеп, жергілікті бюджет қоржынын толықтырып отырған зауыт сапалы өнімдерін алуға ниет білдірген мекемелерден тапсырыс қабылдауға мүдделі.
Қасымбек ауылы,
Жамбыл ауданы