«Сарасөз» медиаклубының мақсаты – журналистика саласындағы аға буын өкілдерінің пікірлерін бүгінмен сабақтастыру. Бұл жоба сонымен қатар қалам ұстаған жастарға да мол пайдасын тигізеді деп сенеміз. Бұған дейін медиаклубта баспасөз қайраткерлері Жанболат Аупбаев пен Марат Тоқашбаев қонақта болып, орамды ойларымен тыңдаушыларын тәнті етті. Ал биылғы кездесуді жазушы-публицист Жақыпжан Нұрғожаевтан бастап отырмыз.
Жақыпжан Мысабекұлы «Жетісудан» қанаттанған, «Лениншіл жаста» шыңдалған белгілі қаламгер. 1998 жылы өзін түлеткен «Жетісу» газетіне бас редактор болып қайта оралды. Облыстағы мәдени-рухани саланың дамуына үлес қосты. Республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналының негізін қаласты. «Құрмет» орденінің иегері. ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алматы облысының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ендігі сөзді медиаклуб спикеріне берейік.
Шығармашылық ізденіс
шыңға шығарады
– Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ардагерін ізбасарлары құрметтеп шақырса, қалай қуанбайсың?! Редакция табалдырығын аттағанда-ақ өткен күндердің сағынышты суреттері көз алдыма келгендей әсерге бөлендім. Өйткені «Алатау арайы» – менің еңбек жолым басталған «Жетісу» газетінің бүгінгі жалғасы. Бір ғасырдан астам тарихы бар қара шаңырақтың есігін ашып, толқып тұрғаным сондықтан.
Алматы облыстық газеті 1918 жылдан бері шығып келеді. Осы уақытқа дейін басылымның атауы тоғыз рет өзгерді. Оныншы рет «Алатау арайы» деген атаумен оқырманға жол тартты. Сөз зергерлері салып кеткен сара жолды бүгінгі ұрпақ сәтті жалғастыруда деп сеніммен айта аламын.
«Жетісуға» жетпісінші жылдың ортасында келдім. Басылым басшысы Әбдуәли Қарағұлов болды. Өте байсалды, білімі терең, адамгершілігі мол азамат еді. Бір күні жұмыста отырсам әріптестерім: «Сені «Лениншіл жастың» бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов шақырып жатыр», – деді. Үлкен кісінің іздегені – жақсылықтың нышаны. Құстай ұшып қабылдауына жеттім. Үстелінің үстінде «Жетісу» газетінің жаңа нөмірі жатыр екен. Менің сондағы «Автоматы мен аптечкасын асынған» атты мақаламды оқып отырғанын байқадым. Сейдахмет аға маған мейірлене қарап: «Мына мақалаң жақсы жазылыпты. Біздің газетке келсең қайтеді?», – деп сұрақты төтесінен қойды. Ол кезде «Лениншіл жасқа» қызметке кіру – барлық жас журналистің ортақ арманы. Мынандай ұсыныс естимін деп кім ойлаған?! Қуанышым қойныма сыймады. Әбдуәли аға да түсіністікпен қарады. Ақ жол тілеп, батасын берді. Сөйтіп жастар газетінің сапына қосылдым да кеттім. Онда табаны күректей 9 жыл еңбек еттім.
«Лениншіл жаста» көп нәрсені көкейге түйдік. Мұнда журналистер еркін қимылдайды. Ең бастысы, басылым беделін арттыратын жаңа идея тапсаң – ерлегенің. Оқырманды елең еткізетін тақырыпты меңгеріп, көңілден шығатындай етіп жаз. Ешкім қолыңды қақпайды. Іссапарың дайын, қаражатың түгел. Журналистер республиканың түкпір-түкпірін аралайтын. Сондай сапарлардан туған әсерлі очерк, әдемі репортаждар басылым бетіне жарқырап шыққанда айдарымыздан жел есетін. Мәселен, Оралхан Бөкейдің, Жанболат Аупбаевтың және тағы басқа талантты журналистердің есімдері шығармашылық еңбектері арқылы елге тарады.
Сейдахмет аға бәрімізді қанаттандыратын. Үлкен мәдениеттің адамы еді. Қол астындағы қызметкерлеріне зекіп сөйлемейтін. Жұмыстан шығарамын деп байбалам салмайтын. Журналистердің тағдырын лездеме шешетін. Онда нашар жазылған материалдар аяусыз сыналады. Қалыптасқан дәстүр солай. Лездеме сайын әріптестерінен сөз естіп, газет тегеурініне төтеп бере алмағандар шамасын сезе бастайтын. Арызын жазып, өз еркімен қызметтен кетуге мәжбүр болатын. Соның арқасында олпы-солпы материалға жол берілмеді. Нәтижесінде «Лениншіл жас» оқырмандардың сүйікті басылымына айналды. Әрине, бәсеке бар жерде – даму бар. Қатардан қалмауға барымызды салдық. Сөйтіп жүріп шыңдалғанымызды өзіміз де білмей қалдық.
Сол шақтарда редакция қоржынына айына 30 мыңдай хат түсетін. Арыз-шағымдарды, өтініштерді ой елегінен өткізіп, ақиқатқа көз жеткізуге тырысасың. Сот очерктерін жазуға мен де біраз қалам тербедім. Бір мысал айтайын, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Түгіскен кеңшарында әскерден жаңа келген жас жігіттің адам өлтіріп, абақтыда жатқан тағдыры бейжай қалдырмады. Хатты оқып шығып, осы іс бойынша Сыр еліне іссапарға бардым. Қызылордадағы түрмеде жатқан сотталушымен тілдесуге мүмкіндік алдым. Бұл оқиғаны бүге-шігесіне дейін қозғасаң біраз уақыт кетеді. Қысқа қайырайын. Газеттің келтірген дәлелдері арқасында сот істі қайта қарап, әділет үстемдік құрды. Қылмыскер деп танылған әлгі жігіттің қолынан кісен шешілді.
Сондай-ақ Қарағанды түрмесінде жатқан тағы бір жазықсыз жанды ақтап алуға септігіміз тиді. Бажасы үйінде қонақ болып, қайтарында сол ауладан көп ұзамай көз жұмады. Тергеу амалдары жүргізіліп, ақырында марқұмды үй иесі басынан таяқпен ұрып өлтірді деген қорытынды шығарады. Ал шын мәнінде оқиға басқаша өрбіген. Мән-жайды республикалық деңгейдегі Козлов деген тергеушіге баяндадым. Сот-сараптамалық материалды алдына тосып, таяқпен ұрған жағдайда тура төбесіне тиюі мүмкін еместігін түсіндіріп айттым. Ол да тергеу барысында бір шикілік болғанын сезгендей, маған Мойынқұмда әскери бөлім бар екенін сөз етті. «Сол күні, сол уақытта аталған бөлімде оқу-жаттығу өткеніне көз жеткізу үшін Ортазиялық әскери округке хат жаз» деп ақыл-кеңесін берді. Айтқанын орындадым, бір айдан кейін жауап келді. Шынымен-ақ, жаттығу өткен екен. Сонда аспанға көтерілген ұшақта ақау болғаны анықталды. Сарапшылар тексергенде, ұшақтың бір бұрандасы әлгі жігіттің дәл төбесіне тиіп, сол жерде тіл тартпай кетіпті. Міне, журналистік зерттеудің арқасында «Лениншіл жас» газетінің тілшілері кінәсі жоқ талай жанға араша түсе алды.
Жақсы дизайн, ұтымды тақырып –
газеттің келбеті
– Кезінде «Лениншіл жас» бетінен «Кел, қонақжай шаңыраққа!» деген жаңа айдар аштық. Кеңес одағындағы елдерден келген белгілі тұлғалармен сұхбат ұйымдастырдық. Әрине, қызықты кейіпкерлерді табу оңай емес. Сондықтан біз қонақүй әкімшілігімен тығыз байланыс орнатуға тырыстық. Бұл жаңалығымыз өз нәтижесін берді. Қонақүй қызметкерлері келіп-кетіп жатқан меймандар арасында атақты адамдар болса, дереу бізге хабарласатын. Газетте осындай тың идеялардың туындауына Сейдахмет Бердіқұловтың ықпалы аз болмады.
Сондай-ақ ол кісі ақын-жазушылармен, өнер қайраткерлерімен, зиялы қауыммен кездесуге барғанда міндетті түрде екі-үш тілшіні өзімен бірге алып жүретін. Сол шарадан жастар тағылым алсын, ойына ой қосылсын деген ұстаздық жанашырлығы екен ғой. Айта берсем, менің өмірімде мұндай өнегелі мысалдар аз емес. Кейін баспасөзге көмек көрсету қорында жұмыс істегенде Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Қалтай Мұхаметжанов сынды алыптармен араласып, тәлімдеріне қанығып, ғибратты сөздерін тыңдадым. «Жетісу» газетіне бас редакторлық қызметке барғанда ағалар жолын абыроймен жалғастыруға барымды салдым.
Тілшілердің тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде «Жетісу» – өңірлік басылымдар ішінде таралымы көп газетке айналды. Біз сенбілік нөмірге күш салдық. Арнайы беттер ұйымдастырдық. Газет ішінен «Замандас», «Ардагер» атты жастар мен аға буын өкілдеріне арналған қосымшалар шығардық. Оқырманға ой салатын материалға жоғары гонорар тағайындап, журналистерді үнемі ынталандырып отырдық.
Сөйтіп жаңару үрдістерін жолға қойдық. Газеттің келбеті өзгерді. Баспасөзде секретариат жұмысының атқаратын қызметі өте зор. Кез келген тілші журналистикадағы жұмысын секретариаттан бастайтыны сондықтан. Мен де «Жетісуға» алғаш келгенде осы бөлімнің қазанында қайнадым. Қазіргі таңда есімі елге белгілі қайраткер Марат Тоқашбаев, бүгінде өздері жоқ болса да, артында асыл сөздері қалған қаламгер әріптестерім Рақымжан Өтегенов пен Тұрлыбек Мәмесейіт – бәріміз редакциядағы, оның ішінде секретариаттағы жұмысты бірге бастадық. Жолдасхан Бозымбеков ағамыздан көп нәрсе үйрендік. Бас редактор Әбдіуәли Қарағұловқа газеттің макетін апарып көрсетеміз. Ол кісі асықпай қарап, көңілінен шықпаған тұстарын ескертіп айтатын. «Мынау бүгін дұрыс болмай қалыпты», – дейді байсалды қалыппен. Сол кезде Жолдасхан Бозымбеков: «Ал былай қарасаңыз қалай болады?» деп бетті төңкеріп көрсетеді. Оның бұл қылығына бас редактор ішек-сілесі қатып күлетін. Қарағұловпен қалжыңдасатын сол кісі ғана. Макет – газеттің айнасы. Сондықтан оған редакцияда ерекше мән беріледі.
«Лениншіл жасқа» барғанда да секретариат жұмысына араластым. Макет сызғанда, мақалаға тақырып қойғанда орынбасарлар мен жауапты хатшы он ойланып, жүз толғанады. Бір күні көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовқа арнайы бет әзірледік. Мен кезекші болдым. Нөмірдің соңғы нүктесін қоюға бетті бас редактордың алдына апардым. Сейдахмет аға асықпай отырып бір шолып шықты, сосын сол қолына ұстаған қара сиясымен мақаланың тақырыбын «Адамзаттың Айтматовы» деп өзгертті. Сол күннен бастап бұл теңеу халықтық тіркеске айналып бүкіл елге тарады. «Жақсы тақырып – жарты мақала» деген тәмсіл осындай ізденістерден шықса керек. Қазақ басылымдары тарихында Сейдахметтей, Шерхандай таланттар саусақпен санарлық.
Өңірлік басылымның аясы тарылмасын
Жақыпжан ағамыздың мәнді де мазмұнды әңгімесін жалықпай тыңдай бергің келеді. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты кездесудің қорытынды бөліміне көштік. Әріптестер медиаклуб қонағына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Соның бір парасына назар аударайық.
– Сіз бір сөзіңізде «Жетісу» газетіне бас редакторлық қызметке келгенде басылым таралымы бес мың ғана екен. Біз оны 55 мыңға дейін көтердік» деп айтып қалдыңыз. Осындай нәтижеге қол жеткізудің сырын қалай түсіндірер едіңіз ?
– Ерінбей-жалықпай әр елдімекенге арнайы атбасын бұрып, тұрғындардың ой-пікірін газетке үзбей жариялау өз әсерін берді. Сол үшін редакцияда алдын ала жоспар құрып, тілшілердің баратын күнін белгілеп, ауылдардың ахуалын күні бұрын зерттеп, қандай мәселеге назар аудару керектігін жіті сараптап, содан кейін ғана жолға шығатынбыз. Қағазды аяймыз ба, аталған мәселеге айқара бетті арнадық. Ауыл адамдарының сөзі тасқа басылса, суреттері жарияланса олардың да газетке деген құрметі артады. Ұлттық құндылықтарға арналған танымдық мақалаларды көбейтуге баса назар аудардық. Мұндай дүниелер мұғалімдер үшін керек. Тәрбие сағатына пайдаланады.
Әрине, біздің кезіміз бен бүгінгі уақыттың айырмасы үлкен. Қазір ғаламтордағы ақпарат жылдам дамып жатыр. Әлеуметтік желілер көбейді. Бірақ оқырман мына нәрсені естен шығармауға тиіс. Бәрібір газет оқығандардың бәсі биік. Өйткені дәстүрлі басылымдар – ұлтқа қызмет ететін тәрбие құралы.
– Кезінде Жапонияға жолыңыз түсіп, атақты «Асахи» газеті редакциясындағы шетелдік әріптестердің тәжірибесіне ден қойыпсыз. Не көріп, не түйдіңіз?
– Бүкіләлемдік журналистер конгресінің шақыруымен біраз мемлекетті араладым. Еуропа елдерінде болдым. Жапония мен Үндістанды көрдім. Токиоға барғанда «Асахи» газетінің редакциясына бас сұқтым.
Редактордың бес орынбасары бар екен. Олар екі күн ғана жұмыс істейді. Қалған күндері идеялар іздеумен айналысады. «Асахи» газеті түске дейін миллион, түстен кейін тағы да миллион таралыммен шығады. Мен азайтып айтып отырмын. Таралымы одан да көп болуы мүмкін. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан газет. Тарихы тереңде жатыр. Сонда бір журналист менен Дінмұхаммед Қонаев туралы сұрады. Оның айтуынша, Қонаевты Жапонияда Премьер-министрдің өзі ұшақтан қарсы алып, қасында үш күн бірге жүріпті. Қонаев кеткеннен кейін журналистер одан: «Кеңес одағы басшыларының бірін неге сонша әспеттедіңіз?», – деп сұраған ғой. Сол кезде Премьер-министр: «Қонаев – кемеңгер адам. Ол кісіден үйренерім көп», – депті. Жапон тілшісінің бұл сөзіне ерекше риза болып, бір желпініп қалғаным бар.
– Өңірлік баспасөздің бағыты туралы айта кетсеңіз?
– Өңірлік екен деп баспасөздің аясын тарылтуға болмайды. Мен бұл жерде қазаққа ортақ тұлғалар туралы айтып отырмын. Еліміздің әр аймағында ұлт мақтаныштары бар. Міне, солардың өнегелі өмір жолын насихаттау арқылы ұрпақты тәрбиелейміз. Облыстық газетте біз осыған көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде өзге өңірлердің адамдары да «Жетісудың» авторы мен оқырманына айналды. Одан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Сонымен қатар газет редакциясы өзге өңірлерде шығатын басылымдарға үзбей жазылып, көршілердің тәжірибесіне үңілдік. Бұл өте керек үрдіс.
– Соңғы оншақты жыл ішінде аудандық газеттерде орын алған өзгерістер бар. Мәселен, бір аудан әкімінің іссапарын немесе сол өңірде газ тартылып жатқан сияқты жаңалықты басқа ауданның газеті жариялап жатады. Бұған не дейсіз?
– Мен Шелек аудандық «Еңбек туы» газетін басқарғанда «Лениншіл жас» қонақта», «Жетісу» газеті қонақта» деп сол басылымның екі-үш тілшісін арнайы шақырып, кездесу өткізіп, елді елең еткізген мақалаларын көшіріп басуды дәстүрге айналдырдым. Аға басылымдарға осылай құрмет көрсеттік. Солардың тәжірибесіне қанығып, оқырманға ой салатын материалдарын ортақ игілікке жараттық.
Ал енді сіз айтып отырған бүгінгі аудандық газеттердің ахуалын мен де түсіне алмай отырмын. Бұл газет басшыларының сауатсыздығынан пайда болған әсіре әрекеттен басқа түк емес.
Жақыпжан ағамыз өз ойын «Оқитын ұлтқа айналайық!» деген ақ тілегімен аяқтады. Дәстүрлі басылымның міндеті мен мұратын жаңаша сипатта атап көрсетті. Кешке арнайы келген газетіміздің тұрақты оқырмандары – кезінде Қазақ радиосының дикторы болған Бақытжан Атагелдиев пен еңбек ардагері Жахан Ақаевтар баспасөзге берген қаламгер бағасына бірауыздан қосылды. «Сарасөздің» кезекті саны өткен тарауларды толықтыра түсті деп пайымдадық.
Болат Мәжит