Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Есенқұл Жақыпбектің туған күніне орай еске алу кеші өтті. Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды мұражайында өткен шараға алыс-жақыннан белгілі зиялы қауым өкілдері, ақынның шәкірттері, дос-жараны, етжақындары мен жалпы жырсүйер оқырман жиналды. Тума талант иесінің рухына тағзым етіліп, естеліктер айтылды, ақындық қыры сөз болды.
Әдеби-сазды кешті Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, суретші Әуелбек Ысқақ жүргізді. Ол осы мұражайға кезінде жас Есенқұл да жиі келіп, шәкірт ретінде айтыстарға дайындалғанын еске салды. Рухани шарада Есенқұл Жақыпбектің айтыстағы суырыпсалмалығы, өмірдегі жарасымды әзіл сөздері, поэзиядағы өзіндік өрнегі кеңінен әңгімеленді. Алғашқы сөзді алған филология ғылымдарының кандидаты, профессор Анарбай Бұлдыбаев көсемсөз шеберінің айтыстарына тоқталса, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Серік Әбікенұлы ақынмен өзінің шығармашылық байланысын тарқатты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Қуат Қайранбаев Есенқұл поэзиясының ерекшелігіне тоқталды. ҚР Мәдениет саласының үздігі, сазгер Бағлан Омаров ақынның сөзіне «Аққуым», «Өмір» әндерінің жазылу тарихын, сол туындылармен өзінің де халыққа композитор ретінде танылғанын айтты. Сонымен қатар бұдан бірнеше жыл бұрын Қарасай ауданында Есенқұл әндерінен республикалық байқау өткізілгенін еске салып, сол бастама қайта жалғасып, дәстүрге енгізілсе деген ұсынысын білдірді.
Халыққа кең таралған «Біздің елдің жігіттері» атты әннің шығуына себепкер болған кейіпкерлер де кеште сөз алып, ақынмен бірге жүрген кездерімен бөлісті. Бұл орайда ауданның Құрметті азаматы Кеңес Керімбаев сыныптасының оқушы кезінде хатты өлеңмен жазғанын, құрдастар әзілін айтса, өңірдің Құрметті азаматы, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев жаны нәзік Есенқұл досының мықты идеолог болғанын атап өтіп, аудан орталығындағы мектеп-лицейге есімі берілсе деген көпшіліктің ұсынысы барын жеткізді. Айтуынша, оған ақын бюсті жасалып, дайын тұрған көрінеді. Сол сияқты ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі жыршы-термеші Ақан Әбдуәлі өнердегі ұстазына арнау өлеңін оқып, сан қырлы талант иесінің қазір көзден бұлбұл ұшқан фельетон жанрының шебері болғанын да атай кетті.
Облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов сөз сөйлеп, өңірдің мәдениет басқармасы басшылығының ақын шығармашылығын насихаттау жөнінде атқарып жатқан ісі және осы шараға деген ықылас-пейілін жеткізді. Үмбетәлі Кәрібаев музейінің меңгерушісі Аида Әуелбекқызы ақынның жары Меңсұлу Нағашыбекқызына сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар Есенқұл Жақыпбектің шәкірті, бүгінде артында қалған мол мұрасын жинақтап, баспаға дайындап жүрген Меруерт Орынбайқызына да көпшілік алдында ілтипат білдірілді. Ақын шығармаларын жас ұрпаққа насихаттауда аудандық «Жас ұлан» оқушылар үйі жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын аталған қосымша білім беру мекемесінің директоры Райхан Жүнісқызы жеткізді. Ол 5 жылдан бері Есенқұл оқулары өткізіліп келе жатқанын айтты.
Тағылымды шараға мұқағалитанушы Елеусіз Әбдікерімұлы, Сүйінбай, Жамбыл музейлерінің басшылары Салтанат Жамбылова мен Гүлзат Асқарова, сондай-ақ Жарас Сәрсек, Жұмаш Арғымбайұлы, Нұрманбет Қизатов, Талғат Сүйінбаев, Ахат Манапов, Қадырғали Көбентаев, Ермек Шаштайұлы, Исмаилжан Иминов сияқты қаламгерлер, өнер адамдары, ақынның інілері Серік, Жеңіс, Елдар Жақыпбековтер қатысты. Кеш барысында Қайназар ауылындағы №1 орта мектептің бір топ оқушысы Есенқұл Жақыпбек өлеңдерін оқыды. Ақынның сөзіне жазылған жүрек қылын шертер лирикалық әндер шырқалды. Бұл орайда танымал эстрада жұлдызы Бағлан Әбдірайымов «Мен сені жақсы көрем», аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің әншісі Мәди Дәуренұлы «Қолыңнан келсе» әндерін орындады. Филолог-ғалым Анарбай Бұлдыбаев Жамбылдың 1946 және 1956 жылдары шыққан кітаптарын, Есенқұл Жақыпбектің бұрынырақта шыққан айтыстар жинағын мұражайға тапсырды.
Тіршілігінде ел еркесі атанған ақын туралы қызықты естелікті таңды-таңға соғып тыңдауға болады. Оның сөз тапқырлығы ауыздан-ауызға кең тарап кеткені белгілі. «Есенқұл былай деген екен» деген сыңайдағы неше түрлі әзіл әңгімелерді жұртшылық жақсы біледі. Ал Жамбылды пір, Мұқағалиды ұстаз тұтқан ақынның сыршыл поэзиясы халқына мәңгілік рухани азық болып қала бермек.
Серік Сатыбалдиев
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы