Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Шелек ауылындағы гимназияның мәжіліс залында өңірдің дамуына ерен еңбек сіңірген білгір маман, білікті басшы болған Алматы облысының Құрметті азаматы Төкен Ұзақұлын еске алуға арналған танымдық кеш өтті.
Төкен Ұзақұлы 1939 жылы 20 желтоқсанда бұрынғы Шелек ауданы Гигант елдімекенінде дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып, агроном мамандығын меңгеріп, алғашқы еңбек жолын «Шелек» жүзім кеңшарында бастаған. Шелек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде жастарға жетекшілік етті. Ал 1971 жылы жаңадан құрылған Ащысай кеңшарына директорлық қызметке тағайындалады.
Бұдан кейін тәжірибесі толысқан маман Қаскелең ауданы Жандосов атындағы кеңшарды басқарады. 1979 жылдан бастап төрт жыл Алматы облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы дайындауға бақылау жасайтын мемлекеттік бас инспекторы, 1983-1986 жылдары Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін де абыроймен атқарды. Өңір экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын заман талабына сай өркендетуге үлес қосты.
Т.Ұзақовтың еңбектегі жетістіктері мен жаңашылдығы ауыз толтырып айтарлықтай. Облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысты. Мәселен, жүзімді бүркеуді, темекі өсірудегі жұмыс үрдісін механикаландыруды, темекі жапырағын жылумен кептіру әдіс-тәсілін енгізді. Соның арқасында жоғары сұрыпты өнім алуға мүмкіндік туды. Ол Одақта алғаш рет алма сорттарын сақтауды және тамшылатып суаруды қолға алды. Ауылшаруашылық дақылдарының сапасын арттыру үшін Венгрия, Израиль және Францияның озық технологиясын пайдаланды. Сонымен қатар шаруаларды қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы минералдық тыңайтқыштарды, жанар-жағармайды арзандату жөнінде бастама көтерді.
2002 жылдан құрметті демалысқа шығып, еңбегі лайықты бағаланды. Атап айтсақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Алматы облысының, Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарының Құрметті азаматы атанды.
Кеште Төкен Ұзақов туралы кітаптар, басылымдарда жарияланған мақалалар, марапаттары мен фотосуреттері қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Алматы облысының Құрметті азаматтары – Елеусіз Сұлтанғазиев пен Бешен Доғалов өткен күндерден сыр шертіп, Төкеңнің ұйымдастырушылық қабілетін сүйіне әңгімеледі. Өз ісіне жауапкершілікпен қараған білгір де білікті маман болғанын көпшілікке паш етті. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қуаныш Амантайұлы ерен тұлғаның өмірбаяны мен еңбек жолын баяндады. Шелек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынов Қызылшарық ауылына Төкен Ұзақұлының есімін беруді ұсынды. Сондай-ақ Шелек ауылының бір көшесі сол кісінің атымен аталса деген тілегін жеткізді. Кешке қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Төкеңнің ұрпақтары – Алматы облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Төкенқызы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Данияр Төкенұлы әке туралы естеліктерімен бөлісті. Зайыбы Гауһар Зейноллақызы отағасының асыл қасиеттерін әңгімеледі.
Кеш соңы гимназияның өнерлі өрендерінің шағын концертіне ұласты.
Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы