Кеңдала ауылының тұрғыны, қолданбалы өнердің шебері Мұқан Байбосыновты бүкіл аудан халқы жақсы біледі. Ол – қамшы өру өнерін жетік меңгерген ерекше дарын иесі. Оның үстіне әлемде жылқыны алғаш қолға үйретіп, атқа мінуде балаларымыз ежелден қолданған қамшыны ұлттық құндылық санап, аса қастерлейді.
Есімі елге белгілі шеберді бұл сүйікті ісімен айналысуға әкесі Әбдіақын бала күнінен баулыпты. Ол кісі де қамшы десе ішкен асын жерге қойып, оның неше түрлі үлгілерін өз қолымен жасауға жанын беретін кісі екен. Нарынқол ауданындағы негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Қақпақ ауылында туып-өскен Мұқан аға кішкентайынан атқа ер салып, оған мінуді, қой қайырып, мал бағуды үйренеді. 10 жасынан бастап, таң атқаннан күн батқанға дейін ата-анасына көмектесіп, еңбектің не екенін, оның наны тәтті болатынын да түйсініп өседі. Осылай, мал бағу – кішкентай бақташы үшін үйреншікті іске айналады.
Әбдіақын ақсақал қолы сәл босай қалса – қамшы өріп, ер-тоқым, басқа да ат әбзелдері мен мал шаруашылығы үшін қажет құрал-жабдықтар жасаумен айналысады екен. Ал әр нәрсеге құмар, барлығын білгісі келіп тұратын бала Мұқан осындай сәттерде әкесін айналшықтап, қасынан шықпай, көргенінің бәрін зердесіне тоқи беріпті. Тіпті, «білмегенін сұраған – ғалым» демекші, түсінбеген жерлерін қайта-қайта сұраудан да тартынбайды. Қай әке болайын деп тұрған баланың бетінен қақсын, қайта іштей оның осы қасиетіне риза болып, білгенінің бәрін жалықпай үйретеді. Сөйтіп, бала Мұқан ұяда көргенінің бәрін ойына тоқып, бойына іліп ала береді. Бірақ, орта мектепті бітіріп, ержеткендік аттестатын алған соң көптеген сыныптастары сияқты жүргізуші мамандығын таңдайды. 20 жасында үйленіп, отбасын құрады.
– 40 жыл өзім туып-өскен қойшылық кеңшарында жүргізуші болып істедім. Шопандарды жазда – жайлауға, қыста – қыстауға көшіріп, шөп тасып, жем тасып талай жерді араладық. Соның арқасында адал еңбек етіп табыс тапқан, шаруақой, еңбекқор, елгезек ұрпақ тәрбиелеген қарапайым жандармен араласып, «мен кезбеймін, несібем кезеді» дегендей талай жанның тұз-дәмін таттық. Бірақ ешқашан әкемнен үйренген өнеріміді тастамадым, ол тіпті үлкен әуестікке айналды. Жұмыстан қолым сәл босай қалса бір нәрсе істеуге ұмтылдым, – дейді Мұқан аға.
Тек 1995 жылдан бастап, жекешелендіру науқаны етек алып, ұжымшар, кеңшарлар тарап, ондаған жылдар бойы жиналған ортақ мүлік талан-тараж бола бастаған кезде ғана қолөнермен күнделікті айналысуды бастайды. Ол кезде бұл өнерді меңгерген жандар санаулы-ақ қалған еді, тіпті жалғыз-жарым десе де болады. Дәл солар ғана көп адамның қолынан келе бермейтін қолданбалы өнер бұйымдарын жасай алатын. 2016 жылы Мұқан аға отбасымен Кеңдала ауылдық округіне жақын Бәйтерек ауылына көшіп келеді. Осы кезден бастап қолданбалы өнермен тұрақты түрде тыңғылықты айналысады.
– Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық бұйымдарының бірі. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінген. Ел бастаған көсемдер, дау-дамайға төрелік айтып, әділ шешкен шешен билердің қолында әрқашан қамшы болған. Ол тіпті мыңдаған жылдар бойы қазақ үшін қарудың бірі болды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырсақ – елдік, ерлік дәстүрлеріміз жалғасын тауып, рухымыз асқақтап, отаншылдық сезім де күшейер еді.
Қамшы өру оңай іс дейтіндер қатты қателеседі, ол тым сондай жеңіл емес. Әкем маған қамшы, торсық, белбеу жасаудың қыр-сырын әбден үйретті. Мен қазір бұл өнердің барлық ерекшеліктерін жақсы білемін, ал олар аз емес. Әкем әр қамшыға өзінің бар өнерін, еңбегін, тіпті жанының бір бөлшегін салып жасайтын еді десем, артық айтқандық емес. Ол мұны маған да өсеиет етті, – дейді шебер.
Қамшының ата-бабамыз қолданған және өрілуіне, безендірілуіне байланысты әртүрлі аталатын 30 шақты түрі бар. Әдетте қамшының сабы – 35-40 сантиметр, иленген жұмсақ теріден өрілген тұсы – 50-60 сантиметр, ал өрімдердің қалыңдығы ұзына бойына бірдей болып келеді. Әртүрлі етіп өру, ұшын тарам-тарам етіп қию арқылы әшекейлеу қамшыға әдемі эстетикалық әр береді. Өрменің санына байланысты қамшылар бірнеше таспа түріне бөлінеді. Бүгінгі күні қолдан жасалған әдемі қамшылардың бағасы 15 мың теңгеден басталады.
Мұқан ағаның айтуынша, ертеде қамшы ұстау атқа мінген әрбір қазақ үшін міндет саналған. Бірақ ол атты басқару үшін қолданылмаған, оның үстіне қамшымен атты, сондай-ақ жерді, киіз үйді, әйел мен баланы ұруға болмайды деп саналған. Себебі қамшы сөзінің мағынасы үлкен, қазақ халқы оны ер жетудің, ержүрек батыр болудың бастауы деп бағалап, осы тұрғыдан қасиетті құрал деп түсінген. Бірақ ұлттық ойынымыз саналатын «Қыз қууда» қыздарға жүйрік атымен жетіп алған жігітті қамшымен ұрып, қашып құтылуға рұқсат етілген.
– Бір қамшы жасауға екі күн уақыт кетеді: бірінші күні барлық қажетті материалдарды дайындайсың, екінші күні соларды өзің ойластырған жоба бойынша өріп шығасың. Негізінен өрім үшін иленген жұмсақ өгіз терісі, ал сабы үшін көп жағдайда тобылғы қолданылады. Бұл бұтақты ағаш өте мықты болып келеді және көл жағалауларында өседі. Сондай-ақ, қамшыны көркемдеу үшін мүйіз, сүйек және күміс қолданылады. Ертеде бабаларымыз тобылғы – жаман рухтардан сақтайды ден сенген, бұл жөнінде қазақтың аңыздары мен ертегілерінде көп айтылады. Осы себептерге байланысты қамшының сабы үшін тобылғы қолданылады. Ал қамшының өзіндік бір күші бар деп саналған. Егер қамшыны бесіктегі бөбектің көпшігінің астына қойса, ол баланы барлық жаман нәрселерден қорғайтынына сенімді болған. Сондықтан қамшы үйде ілініп тұруы керек, – дейді Мұқан аға.
Оның әңгімелеуінше, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде, әдет ғұрпында, халықтық ем-дом шараларында қамшының өзіндік орны бар. Ертеден қай үйге болсын, келген адам қамшысын босағада қалдырмай қатты ұстап тұрса – жанжалдасуға келгенінің, ал ортаға тастаса – бітісуге келгенінің белгісі саналған. Егер қамшысын ұстаған күйі төрге шықса – мұны дауласудың ишарасы, ал екі бүктеп ұстаса – ымыраласуға келгенінің белгісі деп түсінген.
Әрине, қамшы жасау үшін оның сабына қажет материалдан басқа жақсы тері қажет. Шебер оны базардан сатып алып, тиісті өлшем бойынша тіліп шығады. Содан кейін барып ең негізгі жұмыс – өрмені қамшының сабына берік етіп жалғау басталады. Одан соң әртүрлі әшекейлермен безендіріледі. Бұл істе әйелі Жұмахан көмекке келеді. Ол – көрпеше, көрпе, басқа да осындай үй ішіне қажетті бұйымдар тігетін шебер тігінші. Немересі Бекжан да, баяғы өзінің бала күнінде әкесінің қасынан шықпайтыны сияқты, атасының қасынан бір қадам алыс кетпейді. Ол да осы ежелгі қолөнерді үйренгісі келеді. Мұқан аға арғы аталарынан келе жатқан бұл өнерге балалары бет бұрмағанын айтады, олар заманауи басқа мамандықтарды таңдапты. Бірақ осы Бекжан – атадан балаға жалғасып келе жатқан өнерді өшірмейді деп сенеді.
Сүйікті жары Жұмахан екеуі бес бала өмірге әкеліп, барлығын оқытып, мамандық иелетіп, үлгілі тербие беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Мұқан аға – қазір олардан өнген онтөрт немеренің қызығына кенеліп отырған ардақты да аяулы ата-әже. Шебердің ендігі арманы – шөберенің қолынан май жалау! Сондай-ақ жеке өндірісін кеңейтіп, үлкен шеберхана ашқысы келеді. Ондағы мақсат – осы ұлттық қолөнерді жетік меңгерген шәкірттер тәрбиелеп, ата-бабадан келе жатқан өнердің үзіліп қалмауына өзіндік үлес қосу!
Қазірше шебер тапсырыс бойынша жұмыс істейді, кейде тұсаукесер, сүндет той сияқты ұлттық той-мерекелерге тарту жасайды. Мұқан ағаның айтуынша, бүгінде қамшы ұмытылып барады, көп жағдайда тек сәндік бұйым ретінде ғана қолданылады. Ол ата-бабаларымыз ежелден адамды қаскөй, зұлым күштерден қорғайтын қасиеті бар деп санаған қамшының ұмытылмағанын қалайды.
Мүмкін, бүгінде халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің кеміп бара жатқаны да осындай ұлттық құндылықтардың жылдан-жылға азаюынан шығар, кім білсін!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ