Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көктемгі су тасқыны мен көшкін қаупі жоғары аймақтарға барып, жағдайды көзбен көріп, бақылау жүргізді. Іссапар барысында ол бірқатар маңызды нысанды аралап, жауапты тұлғалардың есептерін тыңдады.
Ең алдымен, Іле ауданындағы Жармұхамет өзені бойындағы су басу қаупі бар аумаққа барды. Мұнда Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарының әкімдеріне су тасқынының алдын алу шараларын күшейтіп, инженерлік құрылыстардың дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.
Одан кейін Талғар, Есік және Түрген өзендері бассейндеріндегі мореналық көлдерге әуе шолу жасалды. Әсіресе, қауіпсіздік шараларын күшейту мен жаңа бөгеттер салу қажеттілігі бар аймақтарға ерекше назар аударылды.
«Халықтың қауіпсіздігі – басты міндет. Табиғи қауіп-қатерлерге жедел әрекет етіп, ықтимал тәуекелдерді барынша азайтуымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны мен көшкіннің алдын алу және салдарын жою бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Осы орайда қорғаныс құрылысы күшейтіліп, мореналық көлдер бақылауға алынған. Барлық шұғыл қызметтер жоғары дайындық режиміне көшірілді. Жыл басынан бері 23,5 км өзен арналары түзетіліп, бекітілді, 16 тонна қалдық шығарылды, 5 қорғаныс бөгеті (7,9 км) салынды. Тасқындарға жедел әрекет ету үшін 1326 маман, 471 техника, 126 мотопомпа және 29 қайық жұмылдырылды. Қажетті материалдық қорлар дайындалған. Су басу қаупі жоғары 20 учаскенің 7-еуі толық қауіпсіздендіріліп, қалған 13-інде алдын алу жұмысы жүргізілуде.
Алма Топантайқызы