Ақиқаты сол, адам жанының терең иірімдерін музыкадан артық бейнелей алатын не бар?! Тіпті оның жанында мақтаулы өлең, алуан бояу да жіп есе алмай қалатыны шындық. Ойшылдардың бірі «Сөз біткен жерде музыка басталады» депті. Олай дейтініміз күллі адамзат баласына түсініктілігімен ортақ әуен тілі әлемді шарлап жүр. Оған ешқандай асу бермес бел де, кешу бермес көл де, мұхит та кедергі емес. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, үннің тәтті оралған мәні оятар» деген Абай тағылымы ән өнерінің құдіретін тіптен асқақтата түседі. Газетіміздің «Бір әнің тарихы» атты жаңа айдарында халқымыздың мәңгілік мұрасына айналған әйгілі әндердің өмірге келуіне байланысты өзіндік тарихы мен оның өн-бойындағы иірімдерден ой өрбітіп, сыр шертпекпіз.
Биыл көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Саз өнерінің саңлағы туған халқына сарқылмас мол мұра қалдырды. Олардың арасында «Құлақтан кіріп, бойды алған» жүздеген ғажап ән де бар. Сол сырлы әндер арасында «Құстар әнінің» орны ерекше. Нұрағаң бұл шоқтығы биік туындыны «ХХ ғасырдың ұлы әні» деп атаған екен. Қазақ көгінде мәңгілік қалықтай беретін, сан мыңдаған жүректің қылын шерткен ғажап әуен қалай өмірге келгеніне аздап үңіліп көрдік.
Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Әйгілі «Құстар-құстар» әні қалай туды?» атты мақаласында осы бір сырлы ән жайлы былай сыр толғайды. «Жаз бойы мекен еткен көлі мен көгалын тастап, сұр бұлт жүзген суық аспанда неше түрлі құстар кетіп бара жатады. Қанаты сусылдап зымырап ұшқан үйректер, бұлдырықтар, қаңқылдаған қаз, әсем аққу өтеді, көкте де сән түзеп, көш-көш боп тырналар өтеді. Бұлардың бәрі де жаз бойы ұя салған, жұмыртқа басқан, балапан ұшырған ыстық мекенін күзгі аласапыранда асығыс тастап, келесі жылдың жылы көктеміне дейін жер-суымен қимай қоштасып кетіп барады. Осындай көңілсіз күз күндерінің бірінде Нұрғиса киностудиядан қайтады. Күн кешкіріп қалған. Суық жел арқа жақтан шығып алып, бұл шақта жапырағынан арылып, жіңішке бұтақтары сидиған-сидиған жұпыны теректерді сықырлатып майыстырып тұр. Панфилов паркін кесіп өтпек боп, қалалық музейдің биік мұнарлы үйіне тақап келе бергенде… композитор көзі тырнаға түседі: үйірінен адасып қалған жалғыз тырна. Байғұс әлде ауру, не әлде жаралы. Арғы жағынан қанатын сөлекет қағып, қатты жел астында бойын билей алмай қалбалақтап ұшып кеп, музей үйінің мұнарасына шаншылған ұзын сырықтың ұшар биігіне қона кетеді. Сол-сол-ақ екен, әлдеқайдан бір қарға шыға келеді. Оның барқылдаған байбаламын есіте салысымен тез құлақтанған төңіректегі қара қарғалар жан-жақтан далпылдап келе бастайды. Басында біреу болса, енді қара пәлелердің қарамы көбейіп, әне…екеуі, үшеу, төртеу… он, жиырма, отыз. «Терең батырады, көп қорқытады». Көп қарға үйірінен адасқан жалғыз тырнаға жабылып, қайта-қайта шүйлігіп төніп кеп, қанатымен қағады. Төсімен соғады. Ал жалғыз тырна көтеріліп ұшып кетуге әл-дәрмені жоқ па, әйтеуір, қанаты салбырап, сырық ағашты аяғымен қысып, жанталасып жабыса түседі», – деп жазады.
Құстар арасындағы осынау құбылысты көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол біріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім», – деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді. Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі. Кейін талантты ақын Тұманбай Молдағалиев бауырын шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай қос талант 1965 жылы «Құстар қайтып барады» әні халық назарына ұсынылады. Сөйтіп, өлмес өнер туындысы жұрт жүрегіне жол тартады.
Бұл әннің алғашқы орындаушысы – ҚР халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы ән арқасында жас әншілердің есімдері кеңінен таралды. Ән танымалдылыққа ие болып, «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атауларға ие болды. Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбастан тек шебер орындаушы ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін ҚР халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің майталмандары орындады. Бүгінде Айгүл Қосанов, Құдайберген Бекіш сынды әншілер «Құстар әнін» тамылжытып шырқап жүр.
Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған. Қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен. Дара дарын осы бір ғажап сарынмен соңғы сапарға аттанғанда, дала тербеліп, теңіз теңселіп, көк аспан көкірегін ажыра күрсінген шығар. Бір анығы, ұлы сазгер өз рухының қазақ даласына құстар легімен қайта орала беретініне қапысыз сенгендей. Даласының кеңдігін, асыл мұаратының асқақтығын, тіпті тұтас ғұмырды құс қанатымен өлшеген қазақ үшін бұл ән ұлттың дүниетанымының шырқау көгінен өз жұлдызын жаққандай. Қайталанбас дарынның қасиеті, мәңгілік туындының шын бағасы осында жатса керек. Өйткені:
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай қалады, – деп басталатын ән пенде баласының пешенесіне жазылған тағдыр-талайын мансұқтап, өмірдің мәні мен дәмін сездіреді. Бұл – кісі жанын бір жанып өте шығатын әншейін өткінші соқпа сезім емес. Мұнда адам баласының тірлігінде кездесетін терең тебіреніс, толғаныс түйінделіп, тыңдаушысын ойға, санаға қарай жетелейді. Адам баласы осындай шығармаға құлақ құрышын қандырғаннан кейін ғана бұрынғысынан әлдеқайда тереңге, өзі жасаған өмірге нақ бір нағыз кемеңгер сияқты ойлана қарайтын болу керек. Сол үшінде бұл әннен сан ұрпақ өз жүрегінің үнін тыңдайтын болады. Мұнда сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиевтің сартап сағынышы мен мейірім-мұңы бар. Ақын қартайғанымен, өлең қартаймайды. Қалай десек те, Нұрғиса мен Тұманбай жазған шедеврлерден біздің қазақ өнері әлі де қуат алып келеді. Қайтып бара жатқан құстар емес, ол бүтін дәуір, жастық шақ, мөлдір махаббат, сыралғы сәттер, әне, бәрі-бәрі қанатымен қол бұлғап барады.
Ерзат АСЫЛ