Қарасай ауданы – Алматы облысындағы өнеркәсібі өркендеген және әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары өңірдің бірі. Ішкі миграция мен демографиялық өсім есебінен күн санап ұлғайып келе жатқан әкімшілік аймақта бүгіндері 352 мыңнан аса халық мекендеп, тұрғындар саны жағынан ең ірі аудандар қатарына кіріп отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті билік алдына елдімекендердегі тұрғын үй мен баспана, жол және жарық, ауызсу мен көгілдір отын, мектеп пен балабақша, жұмыспен қамту мен жолаушылар қатынасы сияқты көптеген шаруаны шұғыл шешіп отыруға міндеттейді. Өңірде осы және басқа да мәселелердің қалай орындалып жатқанын білу мақсатында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновке жолығып, көкейімізде жүрген сауалдарды көлденең тартқан едік.
– Жасұлан Тоққожаұлы, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласымен іргелес орналасқан ауданның өз ерекшеліктері болатыны түсінікті. Соның негізгісі қандай деп айтар едіңіз?
– Менің ойымша, бұл тұрғындар санының көбеюінен туындайтын мәселелер болса керек. Осы бағытта сараптама жүргізген кезде соңғы он жылда аудан халқының саны 100 мыңға артқаны анықталды. Соған байланысты сауалдарды жедел шешіп отыру оңай шаруа емес.
Бір айта кетерлігі, кезінде ауданның жері толықтай жекешелендіріліп кеткендіктен, бүгінде мектеп пен балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар салуды былай қойғанда, ғаламтор мен ұялы байланысқа арналған мұнараларды орнататын шағын жер телімдерін табудың өзі мұң болып отыр. Біздің анықтағанымыздай, осы күнге дейін ауданда 35 мың жер телімі жеке қолға өтіп кеткен екен. Солардың сегіз мыңына ғана үй салынған болса, қалғанын меншік иелері сатылымға қойған. Осы себепті біз мұқтаж адамдарға баспана беру мәселесіне келгенде қиындықтарға жолығудамыз.
– Дегенмен Қарасай ауданы соңғы жылдары индустриялық-инновациялық даму бағытында біршама жетістікке қол жеткізгенін білеміз. Осы орайда өңірде атқарылып жатқан іргелі жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?
– Иә, аудан экономикасында өнеркәсіп саласы жетекші бағыттардың бірі болып саналады. Өңірде облыстық деңгейдегі жеті кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Hamle Company LTD», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Келун Казфарм» сияқты өндіріс флагмандары бар.
2024 жылы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 9,4%-ға артып, 621,8 млрд теңгеге жетті. Оның басым бөлігін 558,1 млрд теңге көрсеткішпен өңдеу өнеркәсібі құрап отыр. Бұл өсім аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялар 224,2 млрд теңгеге жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 40,4 пайызға өсті. Инвесторларға қолдау көрсету, инвестициялық ахуалды жақсарту және серіктестік орнату – жетістікке жетудің негізгі факторы. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен жаңа технологияларды енгізу жұмыстары да жалғасын тауып келеді.
Жақын арада Оңтүстік Кореялық «KT&G» компаниясының зауыты іске қосылады. Оның өндірістік қуаты 200 миллиард теңге өнім шығаруға жетеді. Сондай-ақ 16 миллиард теңге инвестиция салынған «Фокус Логистик» кешенінің бірінші кезеңі аяқталып, «OZON» қоймасы жұмысын бастады. Бұдан бөлек, наурыз айында «Apple Logistics», қараша айында «MP Solution» логистикалық орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Бұл игілікті жобалар өңірдің өнеркәсіп әлеуетін арттырып қана қоймай, алдағы уақытта шамамен 3500 жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болмақ.
– Ел экономикасын дамытудың тағы бір елеулі саласы – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта қолға алынып жатқан жұмыстар жайлы айта кетсеңіз?
– Қарасай ауданында шағын және орта бизнестің дамуы көңіл қуантарлық. Бүгіндері ауданда 32 827 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге қолдау ретінде «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» бойынша 540 кәсіпкерге 53,8 млрд теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай жалғасуда.
– Ауданның жер көлемі өзгелермен салыстырғанда шағындау екенін білеміз. Дегенмен нулы да сулы өңірдің ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктеріне де тоқталсаңыз.
– Иә, өзіңіз айтып отырғандай, бұл салада қиындықтардың бар екені рас. Алайда ауданымыздың агроөнеркәсіп саласы өткен жылы 98,1 млрд теңгенің өнімдерін өндірген. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 79 жобаға 688,0 млн теңге несие берілді. Жекелеген шаруа қожалықтарынан бөлек, «Жетісу» АӨК кооперативі 400 басқа арналған сүт фермасын салуда. Жоба құны – 1 млрд теңге. Биыл 23 қаңтарда қажетті құжаттар рәсімделіп, құрылысқа дайындық басталды. Ферма осы жылы іске қосылады. Жоба аясында бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылады.
– Жоғарыда айтқандай, күн санап өсіп келе жатқан ауданда жол, су, коммуналдық мәселелер туындай беретіні анық. Бұл жұмыстардың беталысы қандай?
– Халық саны өскен сайын инфрақұрылым мәселелері күрделеніп, сұраныс артатыны белгілі. Осы орайда Жаңатұрмыс және Қаратөбе ауылдарында ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. 2025 жылы Жармұхамет, Елтай, Шалқар, Қайрат елдімекендерінің су жүйесін қайта жөндеу жұмыстары қолға алынады. Аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу үшін қоғамдық орындар мен аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арнайы техника жұмылдырылып, жылдың көктем және күз мезгілдерінде 10 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардан 58 мың тонна қоқыс шығарылды. Аталған акция бір реттік болмай, күнделікті әдетке айналуы үшін қажетті жұмыстар атқарылуда.
Ал жол мәселесіне келер болсақ, 2024 жылы аудандағы жолдарды жөндеуге 2,9 миллиард теңге бөлініп, 28 елдімекендегі 60 көшенің 71 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Алматы – Бішкек», «Алматы – Жандосов» тас жолдарындағы кептеліс мәселелерін түбегейлі шешу мақсатында кеңейту жобалары әзірленіп жатыр және жол айрықтарының құрылысы басталды. Тағы бір маңызды мәселе – Алматы қаласы мен аудандағы елдімекендер арасындағы қатынасты жақсарту үшін қоғамдық көліктердің тасымалын ретке келтіру. Қазіргі уақытта 36 бағыт бойынша автобустық маршруттар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде Алматы қаласының мобильдік басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған 14 бағыт және жергілікті бюджеттен субсидияланатын 7 бағыт соңғы екі жылда іске қосылған. Нәтижесінде аудан аумағында орналасқан елдімекендердің басым бөлігі қоғамдық көлік қызметімен толықтай қамтылды.
Белгіленген жоспарларды іске асыру аудан экономикасының барлық саласында өсудің оң серпінін сақтауға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, халықтың өмір сүру қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау саласында сапалы қызмет көрсету үшін жағдай жасауымыз қажет. Осы орайда өңірде атқарылған әр саладағы жұмыстар толық бақылауда және жоспарға сәйкес жүргізілуде.
– Экономиканы дамыту үшін тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, халықты тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қалай?
– Бұл бағытта ауыз толтырып айтатын ілгерілеу баршылық. Мысалы, 2024 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 73,1 млрд теңгеге жетіп, пайдалануға берілген баспана көлемі 245,6 мың шаршы метр болды. Ауданда 7604 адам тұрғын үй кезегінде тұрса, өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 199 пәтер сатып алынып, баспана кілттері иелеріне салтанатты түрде табысталды.
Бұдан басқа, 2024 жылы ауданда 11750 адамды жұмыспен қамту жоспарланған еді. Бүгінде 12125 адам еңбекке орналастырылып, тұрақты табыс көзіне ие болған.
– Үш ауысымды мектеп мәселесі Қарасай ауданында өзектілігін әлі де жоғалта қойған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта іргелі істер атқарылып жатқанын көріп келеміз.
– Иә, айтқаныңыздай, бүгіндері аудан аумағында 61 мемлекеттік мектеп, 10 балабақша және жекеменшік 13 мектеп пен 183 балабақша бар болса, онымен қоса білім саласын жетілдіру бағытында біршама шаруалар қолға алынып отыр.
2024 жылы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында Қаскелең қаласы, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында жаңа форматтағы 6 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Алмалыбақ және Бұлақты ауылдарында жаңа білім ордаларының құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, ауданымыздағы үш ауысымдық мектептердің саны соңғы екі жылда 12-ден 2-ге дейін азайып, үстіміздегі жылы бұл мәселе түпкілікті шешімін табады деп болжап отырмыз.
– Халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Осы орайда, аудандағы денсаулық сақтау саласының ахуалы қандай?
– Халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету назарымыздан тысқары қалған емес. Саланы дамыту мақсатында бүгінгі күнге Абай мен Үштерек ауылдарында 50 адамға арналған дәрігерлік амбулатория, ал Қаратөбеде 15 адамға арналған фельдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы басталды. Қайнар, Бекболат, Шалқар және Ұлан ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың жобалық құжаттары дайындалып, құрылысқа өтінім берілді. Қаскелең қаласында заманауи перинаталды орталық пен көпсалалы емхана, Көлащы ауылында дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету орталығы және Бұлақтыда амбулаторияның жобалары әзірленуде. Жоғарыда келтірілген құрғақ цифрлардың арғы жағында адамдардың тағдыры, жанкешті еңбегі мен күнкөрісі, болашаққа деген үміті мен сенімі жатқаны анық.
Ауданда мәдениет және спорт салаларына ерекше назар аударылып келеді. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жібек жолы мен Әйтей ауылдарында 200 орындық Мәдениет үйлерінің құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында басталмақшы. Жандосов елдімкенінде өнер ошағын салу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді. Бекболат ауылының ескі Мәдениет үйі мемлекет меншігіне қайтарылып, жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау сметалық құжаттама дайындалуда.
– Мәдениет демекші, осы тұста өзіңізге қатысты бірер сауал қоюдың орайы келіп тұрған сияқты. Біз өлкеміздің дамуына, ұлт руханиятының өркендеуіне елеулі үлес қосқан әкеңіз – Тоққожа Естенұлының еңбегін жақсы білеміз. Алматы облысының білім басқармасына басшылық жасаған жылдары оқушылар арасындағы Мұқағали, Ілияс оқулары мен Жамбыл атындағы айтысты республика деңгейіне шығарып, жас ұрпақтың әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігін оятуға нақты қадам жасаған болатын. Әке өнегесі өзіңізге не үйретті?
– Сөз жоқ, осылай жаса деп айтпаса да, ұяда көргенімізді өмірде жүзеге асыруға тырысатынымыз рас. Мәдениет саласына, соның ішінде ұрпақ тәрбиесіне деген қамқорлық әкеміздің атқарған ісі арқылы жұғысты болғаны анық. Сондықтан руханият назарымыздан тысқары қалған емес. Былтыр Шалқар ауылында өнер мектебі ашылды. Жуырда Қаскелең қаласындағы «ДОСААФ» ғимаратына жөндеу жұмыстары аяқталып, бұл жерде жасөспірімдерге арналған өнер мектебі есігін ашады.
Міне, осындай жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қол жеткен табыстарымыз да баршылық. Өзгесін айтпағанда, ауданымызда тәрбиеленген Шерхан Арыстан деген жас өнерпазымыз Беларусьте өткен халықаралық «Славян базары» байқауында Гран-при жүлдесін алса, Абу-Дабиде ұйымдастырылған халықаралық өнер додасында да бас жүлдені олжалап, ел абыройын асқақтатты. Ал Қаскелең Мәдениет үйінде өнерін шыңдаған жас айтыскер Рауан Нұршабеков облыстық, республикалық айтыстарда алдына қара салмай келеді. Сонымен қатар ауданымызда жастардың қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы мен жан-жақты дамуына, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін «Жастарға арналған қызмет көрсету орталығы» биыл жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Осылайша өлкемізде өнер мен мәдениет, әдебиет саласын өз деңгейінде дамыта бермекпіз.
Әрине, аз ғана сұхбатымызда ауданда атқарылып жатқан қыруар шаруаның барлығын қамти алмасымыз белгілі. Біз солардың маңызды деген кейбіріне ғана тоқталып өттік. Ең бастысы, «Қоғам ортақ, мемлекетіміз бір», – деген ұстанымды басшылыққа алып. жүйелі жұмыстарды жалғастырсақ, алға қойған мақсатымызға жетеміз деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев