Алматы облысы Алатау қаласының Заречный ықшам ауданында орналасқан 3660 әскери бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби кеш өтті.
Қазақтың ұлы ақыны, поэзия мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әскери бөлімде рухани-әдеби кеш өтті. Іс-шараны лейтенант Мирас Қалиасқаров ұйымдастырып, сарбаздарға ақынның бай мұрасын насихаттау, ұлттық рухты көтеру мақсатында мазмұнды кеш өткізді. Әдеби кеш барысында сарбаздар Мұқағали Мақатаевтың жүрек тебірентер өлеңдерін жатқа оқып, оның сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер ұсынылып, арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Лейтенант Мирас Нұрбекұлы кештің ашылуында Мұқағали Мақатаевтың қазақ әдебиетіндегі орны мен оның жауынгерлік рухқа жақын өлеңдеріндегі патриоттық идеяларға тоқталды. Ол өз сөзінде:
“Мұқағали жырлары – нағыз ерліктің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Оның шығармалары – қазақ халқының рухани қазынасы. Біз бүгін сол мұраны еске алып, оның өлеңдерінен жігер аламыз”, – деп атап өтті.
Сарбаздар ақынның «Есіңе мені алғайсың», «Мен өмірді сүйемін», «Фариза, Фаризажан» сынды әйгілі өлеңдерін шабытпен оқып, оның шығармашылығына деген құрметтерін білдірді. Кеш соңында әскери бөлім басшылығы ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушыларға алғыс айтып, осындай рухани іс-шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Мұқағали жырлары сарбаздардың жүрегінде рух пен сенім отын жақты. Ақынның мұрасы қазақ елінің мәңгілік қазынасы болып қала бермек.
Лейтенант Әлия Әбдіғалиева