Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан бұл салаға айрықша қолдау қажет. Осы орайда Қарасай ауданында қандай жұмыс атқарылып жатыр? Агрокешен қалай дамуда? Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде? Бұл турасында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаевтан сұрап білген едік.
– Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде 2462 ауыл шаруашылығы кәсіпорны тіркелген. Оның ішінде екі мемлекеттік кәсіпорын бар. Сонымен қатар 27 өндірістік кооператив, 101 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2332 шаруа қожалығы бар. Былтырғы дала жұмысы сәтті аяқталды деп айта аламыз. Ауданның аграрийлері ауыл шаруашылығы дақылдарынан жақсы өнім алды. Оған қолайлы ауа райымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқышпен дер кезінде қамтамасыз ету оң әсерін тигізді, – дейді Сырым Ақыжанұлы.
Аудан аумағында 20 өндірістік кооператив құрылған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген қаржыландыру үшін «Конаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 9 кооперативтен құжат тапсырылды. Бұлардың қатарында «Алл-Металл», «Бекболат Жан и К», «Қайнар-Агротуризм», «Айбике», «Панорама», «Олжа Береке», «Түре», «Лама2», «Сұнқар-Сайғақ», «Атамекен-фурнитура» сияқты кооперативтер бар.
Ауданда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Жетісу» кооперативі өңірдегі ең ірі ауыл шаруашылығы құрылымы болып саналады. Жуырда кооперативтің басқарма төрағасы Жанат Исағұловтың жетекшілігімен 103 шаруа қожалығы біріктірілді. Бірлестіктің жалпы жер көлемі 3337 гектар болса, оның ішінде 909 гектары – суармалы жер. 2000 жылы элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесін алғаннан кейін ол өзінің дамуында жаңа кезеңге өтті. Мысалы, бидай мен бұршақ дақылдарының түпнұсқа тұқымдарын «ҚазНИИЗиР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сатып алып, оларды өз тұқымдық алқабында көбейтіп, кейін басқа ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сата бастады. Осылайша, екі құрылым ауыл шаруашылығы саласындағы тығыз байланыста еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, аудан аумағында алты ірі өндірістік жылыжай жұмыс істейді. Олардың төртеуі Елтай ауылдық округінде орналасқан. Бұлар –«EURASIAN GREEN PRODUCT», «Ecoculture Fields», «Shakhecofood» және «Rich valley» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. «Агро Импекс Алатау» жылыжайы Қошмамбет ауылында, ал «Мұсаев» шаруа қожалығының жылыжайы Кемертоған ауылында орналасқан. Олардың көбісі қияр мен қызанақ өсіреді, ал «Ecoculture Fields» гүл баптаумен айналысады.
Төрт түлік өсіретін шаруашылықтар арасында «Жетісу» кооперативін ерекше атап өтуге болады. Бұл кооператив 2018 жылы етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. Алаң Елтай ауылдық округінде орналасқан.
Екінші сүт бағытындағы ірі мал шаруашылығы құрылымы – Жаңатұрмыс ауылындағы «Мамед» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылықта 406 бас Алатау тұқымды ірі қара бар. Былтырғы көрсеткіш бойынша әр сиырдан 6800 литр сүт алынған. Шаруашылықта тұрақты түрде 20 адам жұмыс істейді. Түлік өсірумен айналысатын шаруашылықтар қатарына «Айдар» шаруа қожалығын қосуға болады. Сонымен қатар, «Садыр» және «Абдрасилов» қожалықтарының бордақылау алаңдары ет өнімдерін өндірумен айналысуда.
– Ауданның мал шаруашылығы құрылымдары жемшөппен толықтай қамтамасыз етілген, сондықтан қыстан күйлі шығады деп сенеміз. Қазіргі уақытта мал азығымен қамтамасыз етілу 100 пайызды құрайды. Қысқа ерте қамданудың нәтижесінде 86,4 тонна шөп, 16,5 тонна сабан, 17,2 тонна сүрлемге арналған жүгері және 10,5 тонна пішендеме дайындалды, – дейді Сырым Ақыжанұлы.
Құс шаруашылығында «МерейҚұс» және «Alsad Kazakhstan» сияқты кәсіпорындар нәтижелі еңбек етіп келеді. «Alsad» сауда белгісімен тауық жұмыртқасын өндіретін және сататын заманауи кәсіпорынды қазақстандықтар жақсы біледі. Ол 2012 жылдың қыркүйегінде «Алтын Ай» компаниясы негізінде құрылған болатын. Бұл компанияда «Hy-Line» голландиялық тұқымды жұмыртқа салатын 624 мың тауық бар. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – тәулігіне 550 мың жұмыртқаны құрайды, бүгінде ол 97 пайыз өнім беріп отыр.
– Былтыр аграрийлер жазғы далалық жұмыстар кезінде арзандатылған бағамен, яғни литрі 250 теңге болатын дизель отынын, атап айтқанда 182 тонна жанармай пайдаланды. Осылайша, «ҚазНИИЗиР» ЖШС – 71 тонна, «Steep Agro» ЖШС – 23,1 тонна, «Жетісу» кооперативі – 15,8 тонна, «Байболатов» шаруа қожалығы – 15 тонна, картоп институты 12,1 тонна дизель отынын алды, – дейді Сырым Ақыжанұлы.
Ауылшаруашылық техникасымен қамтамасыз ету жайына тоқталар болсақ, ауданның өзінде 417 трактор, 60 комбайн, 190 соқа, 110 сепкіш, 106 қопсытқыш және 168 топырақ ұнтақтағыш дискі бар. Өткен жылы 595 млн теңгеге 56 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның 417 млн теңгесі 37 трактор сатып алуға, ал 178 млн теңгесі 19 түрлі техникалық жабдыққа жұмсалды.
– «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы арқылы фермерлер жаңа отандық ауыл шаруашылығы техникаларын 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке ала алады, – дейді сұхбат беруші. – Техникалардың тозуы бойынша Алматы облысында көрсеткіш 64,7 пайыз болса, Қарасай ауданында 36,2 пайызды құрайды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар да баршылық. Оның ішіндегі ең ірісі – Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «АзияАгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын ұн, патока, крахмал, глюкоза шырындарын және мал азығын дайындайды. Ал Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Агрофирма Керуен» компаниясы өз бақшаларында өсірілген алма түрлерінен табиғи шырын, джем, мармелад шығарады, бұл өнімдер «Vitamina» сауда маркасымен сатылуда.
Ауданда үлкен инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. Оның бірі –«Жетісу» ауылшаруашылық кооперативі негізінде салынып жатқан 400 бас ірі қараға арналған сүт фермасы. Ол органикалық сүт өндіруге бағытталған. Өндіріс процесі жоғары деңгейде автоматтандырылып, барлық жұмысты роботтандыру жоспарланған. Жобаның құны – 1 млрд теңге. «Конаев» ӘКК қаржыландыру көзі ретінде жеңілдетілген несие ұсынып отыр. Бұған қажетті жерді дайындау жұмысы аяқталды. Бүгінде инженерлік желілер тартылып, екі өндірістік кешен салынып жатыр. Жоғары технологиялық жабдықтары сатып алынды. Осы жылдың екінші немесе үшінші тоқсанында ферма іске қосылады деп күтілуде.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы