Әз-Наурызды ұлықтайтын онкүндік мерекенің алғашқы беташары – Көрісу күнін Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылдық округінің тұрғындары қуанышпен қарсы алды.
Ауылдық округке Көмірші, Ақбейіт, Сарыжаз елдімекендері қарайды. Үш ауылдың ежелден-ақ іргесі ажырап көрген жоқ. Ниеттері – бір, тілектері – ортақ. Қандай да бір мерейлі мерекелер мен жиын-тойларда сағыныса көрісіп, амандық-саулық сұрасады. Береке мен бірліктің, бауырмалдық пен сыйластықтың атадан балаға жалғасып келе жатқан ерен үлгісін танытып келеді.
Бұл күні Сарыжаз ауылында тігілген ою-өрнекті қазақ үй мен ұлттық дәстүрге сай безендірілген сахна айналасы думанға толды. Аталған үш ауылдың тұрғындары осы жерде бас қосып, Амал мерекесі – Көрісу күніне құрмет көрсетті. Ұлттық киімдермен келген ауылдың қазыналы қарттары, ақ кимешекті әжелер мен ақ жаулықты аналар, ауыл жастары мерекенің шырайын кіргізіп, салтанатын асырды. Мереке ауылдың қадірлі қариясы Қонысбай Рамазановтың ақ батасымен ашылды. Сарыжаз ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Жұманов, аудандық Мәдениет үйінің директоры Медет Байжұма көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Жас ақын Ершат Кәмілжанұлы жырдан шашу шашты. Жиналған көпшілік Мәдениет үйінің өнерпаздары, ауыл жастары, ұстаздар, мекеме, ұйым қызметкерлері ұйымдастырған кең көлемді концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Бірлігіміз арта берсін! Бұл – біздің мызғымас дәстүріміз, рухани құндылығымыз!» – деген көпшілік, осылайша Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің мерейін асырды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы