11 ақпан күні Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Бүкіл Түрік дүниесі ақындарының Физули және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері, ақын Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Поэзияның сайыпқыраны» атты еске алу кеші өтті.
Тұма жырдың бастауындай мөлдір поэзиясымен әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен ақынның жауһар жырлары халқымен бірге жасап келеді. Ақынның жомарт жүрегі жырдан жаралған: тірлігі де, тынысы да, қуанышы мен қиналысы да. Ақынның ғұмыры жырға, жыры ғұмырына айналған. «Көңілімнен өлеңнің оты өшкен күні, жер бетінде жүре қоймаспын. Өлеңнен өз орынымды таптым…» деген еді Тұманбай ағамыз. Өлеңде өз орнын тауып, поэзиясы арқылы оқырман жүрегінің төрінен орын ала білді. Осы жылы Тұманбай ағамыздың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы ретте Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында Тұманбай ағамыздың аяулы жары Күлтай апа және қызы Жазирамен кездесу кеші өтті. Кеште Тұманбай Молдағалиевпен бірге қызметтес, қанаттас достары болған ақын Болат Үсенбаев, суретші, ақын Еркін Нұразхан, ақын Заманбек Әбдешев, ҚР-ның қоғам қайраткері, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, жазушы Жанар Әбдішова сынды құрметті қонақтар болды. Кеш қонақтары Тұманбай ағамыз туралы қызықты оқиғаларын, естеліктерін ортаға салды, ақынға арналған арнау өлеңдерін оқыды, Күлтай апамыз бен қызы Жазира ханымға жылы лебіздерін білдірді. Кітапхана қорына Күлтай апамыз Тұманбай Молдағалиевтің кітаптарын тарту етті.
Тұманбай Молдағалиев еңбек жолын 1956-71 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастаған. 1959-1970 жылдар аралығында «Пионер» журналында қызмет атқарған. Тұманбай Молдағалиев балаларға арнап бірнеше кітап жазған. Бүлдіршіндерге арналған ең алғашқы «Қызыл-жасыл көбелек» атты жинағы 1957 жылы жарық көрген. 1970-1973 жылдар аралығында «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. 1973 жылдан «Жазушы» баспасы жанындағы «Балалар және жастар әдебиеті» мен «Жалынның» бас редакторлық қызметін атқарды.
Көрнекті ақын жырларының өн бойынан мейірім, шапағат, жақсылық, адамгершілік, азаматтық, күрескерлік, ата-баба рухына тағзым, Атамекенге деген сүйіспеншілік сияқты ұғымдар алдыңғы саптан көрінеді.
Тұманбай Молдағалиев көптеген сыршыл әннің авторы. Бірде ақын белгілі ұлт композиторы Нұрғиса Тілендиевтің қалын сұрап, үйіне барады. Сазгердің ауырып отырғанын көрген ақын «Қай жерің ауырады?» деп сұрайды. Ол сауалына «Жүрегім ауырады» деген жауап алады. Сол сәтте ақын:
«Қайран менің жүрегім, жас жүрегім,
Көктем едің, бір кезде тасқын едің.
Жастық дәурен жалтақтап қарайлайсың,
Сені ойласам, ұйқымда қашты менің», – деп өлең жолдарын жазып қалдырады. Қарап отырсақ, «Қайран менің жүрегім» әнінің туу тарихы осылай басталған екен. Сонымен қатар оның «Құстар қайтып барады», «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Ертіс вальсі» атты әндерге жазылған өлеңдері халық арасында кеңінен таралған шоқтығы биік туындылар. Лирикалық өлеңдермен қатар ол балалар әдебиетінің назардан тыс қалдырған жоқ. Көзі тірісінде қазақ әдебиетінің классигі атанған Тұманбай Молдағалиев қазақ эстрада әншілерінің орындауындағы әндердің басым көпшілігіне сөз жазған еді. Ақын бір естелігінде «Жалпы, ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Осындай әнім бар еді, сөз жазып беріңізші деп, алдыма келген адамның барлығын ренжітпеуге тырысамын» деген екен. Ақынның қаламынан туған өлеңдер Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев сияқты аты аңызға айналған композиторлардың әуендерімен үндесуінен мәңгілік өшпес туындылардың дүниеге келуіне сеп болды. Нұрғиса Тілендиев ақынның «Құстар қайтып барады» өлеңі туралы былай деп пікір білдірген екен: «Сенің өлеңдеріңе әлі талай ән жазармын. Бірақ дәл мынадай ән енді шықпайды. Мені ақырғы сапарыма осы «Құстар қайтып барады» әнімен шығарыңдар», -деді. Сол себеппен Нұрғиса ағамызды өзінің өсиетімен Жамбыл атасының қасына қойып, осы өлеңмен соңғы сапарына шығарып салған.
Тұманбай ағамыздың жырлары – тұнған қазына. Біз ақынның жырларымен сусындап, одан рухани күш-қуат аларымыз сөзсіз. Ақын жырлары халқының жанында, жадында мәңгілік жасай бермек.
Шараның мақсаты: Тұманбай Молдағалиев поэзиясы арқылы оқушылардың бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін ояту, сыршыл да шыншыл ақын өлеңдерінің мәні мен маңызына үңілдіру, көкжиек танымын кеңейту, сондай-ақ ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау.
Оразымбетова Гаухар,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының
«Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету»
бөлімінің меңгерушісі