Биыл Сүйінбай Аронұлының туғанына 210 жыл толып отыр. Мерейтойлық шара ақынның туған жерінен бастау алып, Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында «Менің пірім – Сүйінбай» атты ғылыми-тәжірибелік конференция мен әдеби-сазды кеш қатар өтті. Шараны Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің қызметкерлері ұйымдастырды. Сүйінбай атындағы орта мектепте өткен шараға белгілі әдебиетші, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері келіп, «Қазақ айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған ақын рухын асқақтатты.
Жиналғандар алдымен мектептің кіреберісіндегі Сүйінбай Аронұлы музейінің жылжымалы көрмесін тамашалап, ақынның көзі тірісінде киген шекпенін, ұстаған домбырасын, сол заманның басқа да жәдігерлерін көрді. Рухани шараға сай безендірілген кең де жарық мәжіліс залындағы алқалы басқосуды белгілі жазушы, академик Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізді. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы ақынның кіндік қаны тамған, өмір сүрген және мәңгілік мекен тапқан аймақта мерейтойға байланысты бірқатар іс-шара көзделгенін мәлім етті.
– Бүгінгі шара ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі – Сүйінбай бабамыздың есімін ұлықтап, баға жетпес мұрасын қайта жаңғыртуға арналды. Ақын шығармалары – еліміздің асыл қазынасы. Жыр дүлдүлі, көрнекті айтыскердің артына қалдырған өшпес мұрасы – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Ақындық өнердің
биік шыңына жетіп, өлеңдері мен айтыстарында әділдікті, адамгершілікті, ел бірлігін асқақтата жырлады. Шығармаларын кеңінен насихаттай отырып, осы құндылықтарды жастардың санасына сіңіру қазіргі жаһандану дәуірінде өте маңызды деп білеміз, – деген ол мерейтойлық жылға орай бірқатар
ауқымды жұмыс атқарылып жат-
қанын жеткізді.
Айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылы Сүйінбай кесенесіне қалпына келтіру жұмысы жүргізілген. Бұл – ұлы тұлғаларымызды ұлықтаудың нақты қадамы. Биыл Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды мұражайын толық жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Сүйінбай мұражайы жер-жерде жылжымалы көрме ұйымдастырып, ақынды халыққа кеңінен таныта түсуде, бұл дәстүр жыл бойы жалғасады. Мұражай алдағы уақытта мәдени-ағартушылық орталыққа айналып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуға қызмет ететін болады. Сонымен қатар күзде мерейтой аясында республикалық деңгейдегі жас ақындар айтысын өткізу көзделіп отыр.
«Бұған қоса ауданда әртүрлі мәдени-спорттық шаралар, ғылыми конференция, шығармашылық кештер өткізу жоспарлану үстінде. Мұндай шараның барлығы ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асыл мұрасын дәріптеуге бағытталған. Ақын мұрасы бізге мәңгілік өнеге болып қала бермек. Өнегелі өмірі мен шығармашылығы жас ұрпаққа жігер беріп, рухани кемелденуімізге септігін тигізеді», – деген әкім орынбасары бірнеше сүйінбайтанушыға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Конференцияда баяндама жасаған белгілі ғалымдар Сүйінбай Аронұлының шығармашылық жолынан кеңінен сөз қозғап, сан қырлы талант иесі туралы зерттеулері негізіндегі тұжырым-пайымдарын ортаға салды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы айтулы ақынның жыраулық, дастандық сарынына тоқталды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш алдымен конференция қатысушыларына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің, аталған институт директоры Кенжехан Матыжановтың ықыласын жеткізді. Бұдан әрі Сүйінбайдың табиғатынан сатирик екенін атап өтіп, «Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шамшырағы» тақырыбы аясында сатиралық жырларын қозғады. Ақынның көп айтылмай жүрген туындысының бірі – сары ат пен қара аттың айтысуындағы сарказм, Тезек төремен айтысындағы өткір әзілін, қырғыз манабы Шәбденнің де ұры ұстағанын сынап-мінегенін мысалға келтіре отырып, өзгеше формалық ізденіске барғанын айтты. Сөзін «Сүйінбай – халықаралық деңгейге көтерілген сатирик» деген тұжырымды пікірімен түйіндеді.
Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев «Сүйінбай және оның заманы» тақырыбын тереңнен тарқатты.
Қазақстан Журналистер академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлы «Сүйінбай және Шығыс поэзиясы» атты баяндамасында айтыстағы ерекшелігіне тоқталды. Сүйінбайға бала күнінде ақындықтың қонғаны, көгенді емес, өлеңді таңдағаны, алғашқы жырларынан-ақ болашақ үлкен талант иесі ретінде танылғаны, 12 жасынан айтысқа түскенінен бастап, образ жасаудағы шеберлігін, заманның қиындығын суреттеу ерекшелігін, көркемдік тәсілдерін әңгімеледі. Қатағанмен айтысында қарсыласының осал тұсын тап басып, көмейінен қара дауыл құйын сөзді түйдектетіп, оңдырмай ұтқанын сөз етіп, Сүйінбайдың ел мен жер үшін үлкен мәселелерге араласып, елдік мүддеге рухты жырымен қызмет еткенін баса айтты.
Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы «Сүйінбайдың басқа ақындардан ерекшелігі неде?» деген сауалға жауап іздеді. «Негізінен айтыстың ту тіккен жері осы – Алатау, Жетісу өлкесі. Сүйінбай – айтыстан жеңілмеген ақын. Сөзден жауырыны жер иіскеп көрмеген, үнемі бас бәйгені алған. Жасы ұлғайған кезде оған айтыспай-ақ, бас бәйге беріп отырған. Өйткені ол тұңғыш халықаралық айтысқа қатысып, содан атағы аспандап шыққан. Қырғыз ақыны Қатағанмен айтысы – теңдесі жоқ сөз сайысы. Қазақта үш керемет айтыс бар, ол – Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлманбеттің және Үмбетәлі мен Нұриланың айтысы. Соның халықаралық дәрежедегісі – Сүйінбай мен Қатағанның айтысы. Сүйінбай қазақтан шыққан тұңғыш шежіреші, этнолог ақын. Сол айтыста қазақтың барлық 42 руын рет-ретімен талдап, атақты батыр, би, игі жақсыларын атап, ерекшеліктерін тап басып айтып берген. Шәкәрімнен, Мұхаметжан Тынышпаевтан да бұрын қазақ шежіресін жалпақ жұртқа жайған – Сүйінбай.
Ол – мәмілегер дипломат ақын. Кенесары ханның өлімінен кейін қазақ-қырғыз арасы ушығып, өзара дүрдараз болған жағдайда қырғыз манаптары Жетісуды билеп тұрған Тезек төреге «Екі елді қалай татуластырамыз?» деп кісі салады, ақылдасып кеңеседі. Сонда қазақ-қырғыз айтысын өткізуге келіседі. Міне, бұл әйгілі Сүйінбай мен Қатағанның сөз қағысы елді татуластырып, ынтымақ, бірлікке шақырған айтыс болады.
Осы орайда мынаны айта кетейін. Қатаған жеңілгеннен кейін қырғыздар оған теріс бата берген. Содан кейін Қатаған айтысқа түспей, ешбір жиынға шақырылмай, бір жылға жетпей күйіктен қайтыс болып, жер қойнына елеусіз ғана тапсырылады. Сүйінбайға хабар берілмейді. Мұны ақын кейін естіп, жылдық асына арнайы барады. Алыстан ат қойып, «Қайран, менің ақберенім, өлең-жыр айтсаң дауысың Ыстықкөлдің арғы бетінен бергі бетіне жететін, айтыста Алатаудың күнгей-теріскейі қазақ-қырғыз түгел төбесіне көтеретін Қатағанды қалай менсіз жерледіңдер?» деген сарында жоқтауын айтып, үй тігіп, асына боз бие шалыпты.
Сүйінбай – батырлықты, қаһармандықты, ел бірлігін жырлаумен бірге өзі де қоқандық басқыншыларға қарсы шығып, Сұраншы мен Саурық батырлардың жанынан табылған күрескер. Бұл да арнайы зерттеуді қажет етеді. Алматыдағы Орталық архивтен табылған дерек бойынша, Сүйінбай өз дәуірінде Ұзынағаш болысында би болып сайланып, ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шамшырағы болған. Жетісудың төбе биі Сарыбай Айдосұлымен бірге бытырап кеткен Екей руын жан-жақтан атақонысына көшіріп әкеліп, орналастыруға ерекше күш салған қайраткер.
Бала Жамбылды ә дегеннен танып, батасын беріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, жанына ертіп жүріп ақындық әлемге алып шыққан ұлы ұстазы. Сүйінбайдың шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылды, оған осы ауылдың түлегі, шөбересі Сұлтанғали Садырбаев үлкен еңбек сіңірген.
Ақын мұрасын әспеттеуде 175 жылдығы табысты өтті. Осында үлкен айтыс болды, салтанатты жиында қазақтың айтулы ақын-жазушылары, ғалымдары мазмұнды баяндама жасады, Алматыдағы үлкен көшеге, мектепке, облыстық филармонияға есімі берілді. 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығында Сүйінбай музейі ашылды. 200 жылдығы үлкен серпіліс әкелді, екі томдық кітабы шықты, осы ауылда бюсті қойылған саябағы ашылды. Мерейтойды ұйымдастыруға сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев, аудан әкімі Жандарбек Далабаев ерекше үлес қосты. Сонда Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен шығармалары түрік тіліне аударылып, кітап болып шықты. Елшіліктің ұсынысымен Анкарада Сүйінбай ескерткіші орнатылып, атында аллея ашылды, халықаралық конференция өткізіліп, «Сүйінбай – Түркі әлемінің ұлы ақыны» атанды. Сондағы елшілік қызметкері, қазіргі қайраткер, жазушы Мәлік Отарбаев көп еңбек сіңіргенін айту керек.
ҚазҰУ-дағы Жамбыл атындағы филология ғылыми-зерттеу орталығымен бірге Сүйінбайдың 10 томдық жинағын әзірледік. Қазір 3 томы баспаханадан басылып шықты. Қалғандары 2-тоқсанның басында шығады. Бұл – сүйінбайтанудағы үлкен жетістік, мол олжа. Көптомдыққа қазақшадан бөлек қырғыз, түрік, орыс тілдеріндегі аударма мұралары, жалпы Сүйінбай жөнінде әлемде жазылған, зерттелген дүниелердің барлығын енгіздік. Алда әлі де үлкен жұмыс күтіп тұр. Атап айтқанда, Сүйінбай энциклопедиясын шығаруымыз керек. Академиялық толық жинағын әзірлеу де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл басылымдарда Сүйінбай жырлаған адамдар, елдімекендер мен жер-су аттары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, жалпы әрбір жырының тарихы кеңінен ғылыми тұжырымдалуы керек.
Үш жылдан бері «Сүйінбай ақын ізімен» атты ғылыми-танымдық, әдеби-тарихи экспедиция жұмыс істеп келеді. Құрамында бүгін баяндама жасаған ғалымдар бар, бірнеше өңірге сапарлады.
Он томдықты шығарғаннан кейін тұсаукесерін Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Қырғызстан, Түркия, Қытайда өткізсек дейміз», – деген Нағашыбек Қапалбекұлы конферения қабылдайтын қарар жобасымен таныстырды. Онда Сүйінбай есімін дәріптейтін көптеген іс-шара белгіленген.
Жиында қорытынды сөз сөйлеген облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов мәдениет басқармасы басшылығының конференция қатысушыларына деген ықылас-ниетін жеткізіп, ақын мерейтойын лайықты өткізуге осы саланың тікелей атсалысатынын білдірді. Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Мәлік Қасымбаев құрметті қонақтарға сый-құрмет көрсетті. Мектеп оқушылары Сүйінбай жырларын оқып, ән салып, би биледі. Жас ақындар Диана Асылбекқызы мен Рауан Нұршабеков қыз бен жігіт айтысын жасап, жиналған қауымды бір серпілтті. Жас мұғалімдерден құралған хор мектеп директоры Эльмира Сейітбековамен бірге өздері сөзін жазған мектеп әнұранын шырқады. Соңынан аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің концерті тамашаланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қарақыстақ ауылы,
Жамбыл ауданы