Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Jinhua Communications Investment Group Co. Ltd Қытай компаниясының делегациясы мен G-Trans Service-тің өкілдерін қабылдады. Кездесудеи алғашқы болып сөз бастаған аймақ басшысы облысымыз шетелдік инвесторлар үшін тартымды өңір болып саналатынын атап өтті.
– Біздің облысымыз ежелден аграрлық өңір ретінде танымал, алайда бүгінгі таңда өнеркәсіп, көлік және логистика тұрақты түрде дамып келеді. Аймақтың экономикасы ішкі жалпы өнім деңгейі бойынша елімізде оныншы орыннан бесінші орынға көтеріліп, тұрақты дамуды көрсетіп отыр. Біз әлемнің жүзден астам елімен ынтымақтастық байланыс орнатқанбыз, – деді.
Кездесуде тараптар облыстағы, соның ішінде «Алатау» ЕЭА аумағындағы Қытай компанияларының жобаларын жүзеге асырудың жай-жапсарын талқылады. Қонақтар айлақтық логистика, халықаралық сауда, құрылыс материалдары өндірісі, энергетика, кен орындарын іздеу мен биофармацевтика салаларына маманданған Jinhua Communications Investment Group Co. Ltd-ның мүмкіндіктерін ұсынды.
Компания төрағасы және партиялық комитетінің хатшысы Чжоу Цибяо өз сөзінде:
– 2024 жылы компанияның жиынтық активтері 162 миллиард долларға жуықтады. «Исиноу» тобымен бірлесе отырып, біз бүгінгі күні әлемнің 50-ден астам елінде 25 бағыт бойынша қозғалып, 160-тан астам қаланы жалғастырып отырған «Қытай-ЕО» пойыздары бағытын дамытуға ат салысып келеміз. Қазақстан – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының батыс бағытындағы алғашқы аялдама. 2013 жылы «Цзиньхуа-Алматы» халықаралық экспресі іске қосылды. Ал биыл компаниямыз пойыздар құрастырудың орталық еуропалық бөлігіне айналды. Жоспарымызда жалпы аумағы 42 шаршы шақырымды құрайтын Шығыс Қытай халықаралық интермодальді айлағының ауқымды құрылысы тұр, – деп баяндады.
Ол сонымен қатар сапарының басты мақсаты Қазақстан нарығын зерттеу және жаңа логистикалық орталық сала отырып, Алатау қаласында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру екенін жеткізді.
Өз кезегінде Марат Сұлтанғазиев қонақтарға ризашылығын білдіріп, Алатау қаласын дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды.
– Алатау – бұл сіздердің компанияның қызметімен үндесіп жатқан кең ауқымдағы бағыттар шоғыры бар арнайы экономикалық аймақ. Мұнымен қоса облыс орталығында және шешуші темір жол стансалары мен автомобиль трассаларында орналасқан алты индустриалдық аймақта ірі жобалар жүзеге асырылуда, – деді Марат Елеусізұлы.
Өңір басшысы сонымен бірге күннен қуат алатын электр стансалары мен жел қондырғыларының болуының арқасында энергетика саласында жаңа инновацияларды жүзеге асыру мен туристік және аграрлық салаларды екпінді дамытуға жол ашық екенін баса айтты.
Марат Сұлтанғазиев өз орынбасарлары мен жауапты сала басшыларына қытайлық әріптестерге Алатау және Қонаев қалаларының бас жоспарын көрсетуді және қызығушылық танытылған жағдайда жобалар бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі ақпарат беруді тапсырды. Ол инвесторлардың кейбір салықтардан босатылатынын және бірқатар жеңілдіктер ұсыналатынын да еске салды.
– Ары қарайғы ынтымақтастық бағыты жан-жақты талқыланғаннан кейін біз нақты қадамдарды белгілеу үшін қайта жүздесуге дайынбыз, – деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.
Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ